3.06.2015, 17:02
Оқылды: 28

13 жасар Никита Тюкин екі қызды ажалдан құтқарып қалды

Tiukin Таяуда Зеленов ауданының Достық ауылында  мектептің екі  оқушысы суға кете жаздады. Оларды 13 жасар Никита Тюкин құтқарып қалды.

Никитаның апасы Анна Рыбкинаның айтуынша, оқиға 24 мамыр күні түсқайта болған. Никита сыныптасы Даша Панова және оның он екі жасар құрбысы Милана Логвиненкомен бірге ауыл маңындағы Шаған өзеніне барып суға түседі. Бәрі бірге жүзіп ойнайды. Сәлден соң Никита соңында жүзіп келе жатқан қыздарды таппай қалады. Жалт бұрылып қараса, әріректе  олардың суға батып-шығып жүргенін көреді. Сол бойда жетіп барып, біреуін жағалауға алып шыққанша, екінші қыз көзден таса болады.  Су түбіне сүңгіп іздеп, оны таба алмайды. Тағы бір сүңгіп  шыққанда аяғы қыздың денесіне тигендей болады. Үшінші мәрте сүңгігенде өзеннің түбінде жатқан сыныптасын тауып, оны шашынан,  мойнынан ұстап жағалауға шығарады. Сол бойда алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң, қыз бірте-бірте өзіне келе бастайды. Көп кешікпей ересек адамдар келіп, ем-дом шараларын жасады. Артынан қыздардың ата-аналары да жетті.

- Басында қыздардың дене қызулары көтеріліп, өздерін жайсыз сезінді. Никита да бірнеше күн есеңгіреп жүрді. Қазір бәрінің жағдайы жақсарды. Қыздардың әке-шешелері ризашылықтарын білдірді. Никитамыздың осы бір ерлігі оның азамат болғанын дәлелдегендей, -дейді Анна Рыбкина.

www.zhaikpress.kz

Мәди ЫҚЫЛАС

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале