8.08.2019, 18:49
Оқылды: 457

13 тамыз күні Оралда самбодан халықаралық турнир басталады

13-14 тамыз күндері Орал қаласында Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо күресінен және әскери самбодан ерлер  арасында халықаралық турнир өтеді. Турнирдің ұйымдастырылу барысы жайлы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өтті.

FB_IMG_1565259046256-1

-Жарысқа Қазақстан Республикасынан облыс құрама командалары, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Армения және Грузия елдерінен 150-ге жуық спортшы қатыспақ. Жарыс самбо күресінен және әскери самбоны дамыту және кеңінен тарату, палуандардың кәсіби шеберлігі деңгейін арттыру, атақты спортшының есімін мәңгі сақтау, ТМД елдері мен ҚР спортшыларының достық байланысын нығайту мақсатында өткізіледі, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

-Бұл турнир 1991 жылдан бері спортшы Асқар Шайхиевтің жүлдесі үшін өтіп келеді. 2000 жылдан бастап спортшыны еске алу турнирі, 2014 жылдан бері халықаралық турнир ретінде тұрақты ұйымдастырылуда. Асхат Шахаров, Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серіков, Темірлан Ихсанғалиев сынды чемпиондарымыз осы турнирде шыңдалды деп есептейміз. Облыс спортшыларына мықтылармен белдесуге мықты мүмкіндік, - дейді БҚО спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының вице-президенті Рустам Шайхиев.

Халықаралық турнир Орал қаласындағы Теннис орталығында («Астана» шағынауданы , 17а) 13 тамыз күні сағат 10:00-де басталады. Ал салтанатты ашылуы сол күні сағат 16.00-де өтеді.

Турнирдің жүлде қоры – 4,5 млн. теңге. Демеушілер бас жүлдеге автокөлік әзірлеп отыр. Самбо федерациясының ұсынысымен бас жүлде үшін қай салмақтағы қатысушылар белдесетіні жеребе арқылы белгіленеді. Бұл турнир еліміздің самбошылары үшін қыркүйек айында Үндістанда өтетін әлем чемпионатына үлкен дайындық болмақ.

Нұрлыбек Нұрланұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале