24.02.2015, 17:34
Оқылды: 30

«Айтажағым кетпесін!..»

Нұрболат Жұбаевпен редакцияда әңгімелесіп отырмыз. Ақпан айының алғашқы күндері еді. Бұйыртса, енді бір үш айдан кейін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланбақшы. Нұрболат сол Жеңіске бір адамдай үлес  қосқан, қосып қана қоймай, соғысқа бір аяғын беріп оралған әкесі туралы баяндағалы келген. Бұған дейін кездесуімізді телефонмен «пісіріп» алған едік. «Әкеңіз туралы бұрын еш жерде жазылмап па еді?» - деймін мен. «Жазылды. Әкем соғыстан аман-есен келгенімен, тірілердің санатында болмапты.


Баяндайын дегенім ол емес, «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» дейтін қазақтың баласымыз ғой. Сол айтажағымды айтайын деп келдім» - деді жігіт ағасы ширығып. «Тірілердің санатында болмағаны қалай, әуелі соны түсіндірші », - дедік біз.

Бірден айтайық, майдангер Әбуғали Жұбаев бүгінде өмірде жоқ, 2006 жылы 15 наурызда, 83 жасында бұл фәниден озыпты. Ғұмырдерегін тарқатсақ, 1923 жылы қазіргі Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылында дүниеге келеді. Сол ауылда жетіжылдық мектепті бітіріпті. Он сегіз жасқа толысымен, әскер қатарына шақырылады. Сол көкөрім күйінде сұрапыл шайқасқа 1941 жылдың 11 желтоқсанында кіреді.

Ал Нұрболаттың «Әкем соғыстан аман-есен келгенімен, тірілердің санатында болмапты» деуінің сыры неде? Ол үшін сәл шегініс жасайық.

1990 жыл екен... Бұрынғы Чапаев ауданында Ұлы Жеңістің келе жатқан 45 жылдық мерекесіне аудандық әскери комиссариатта комиссия құрылады. Оның құрамына кіргендер осы ауданнан майданға аттанып, соғыста қаза тапқандардың, хабарсыз кеткендердің, жарақаттан қайтыс болғандардың есімін анықтап, санын түгендеп, есімдерін ескерткіш кітапқа енгізуге қатты кірісіп жатқан күндер еді. Комиссия мүшелері бір қолын екі ете алмай жатқан сондай күндердің бірінде олар отырған бөлмеге жасы жетпіске таялған, аяғын сылти басқан бір қария келіп кіреді. Амандық-саулықтан кейін комиссияға бір жапырақ қағаз ұсынады. Онда «Жұбаев Әбуғали БҚО, Чапаев ауданы, Кожекар селолық советінде 1923 жылы туған. 1943 жылы 14 тамызда қаза тауып, Смоленск облысы, Ельнинск ауданы, Истопки деревнясының батыс жақ бетінде, 600 метр жердегі зиратқа жерленген» - деп жазылыпты. Соғыс кезінде талай шаңыраққа қайғы арқалап келген, халық «қарақағаз» атап кеткен, кәдімгі әскери құжат. Комиссия танысып жіберіп, «Бұл кісі сізге кім бола-ды? Марқұмға қатысты тағы қандай құжаттарыңыз, мәліметтеріңіз бар» - демей ме? Қария:

- Бұл – мен! дегенде, комиссия мүшелері шошып кетеді. Одан әрі қария әңгімесін былайша жалғастырады. – Иә, бұл 1943 жылы менің әкем Сапарға табыс етілген «қарақағаз». Ондағы Истопки деревнясынан 600 метр жерде жатқан зиратқа «жерленген» мен, - дейді. Комиссия мүшелерінің көздері атыздай болады. Расында да, келіп тұрған азамат ресми құжаттарда баяғыдан «соғыста қаза тапты» деп толтырылып келген Әбуғали Жұбаев. Қырық жылдан астам уақыт бойы! Сөйтсе, тірі екен! Протез аяғы сықырлап, міне, өзі келіп тұр! Аудан іргесіндегі «Ілбішін» совхозының таңдаулы жұмыскерлерінің бірі. Комиссия мүшелері о дүниеден «келген» сарбазды қаумалап, ортаға алады. Ауылға қаралы хабар қалай келген?


– Қағаздағы көрсетілген күн дұп-дұрыс, - дейді «тіріліп» келіп тұрған Әбуғали Жұбаев. - Артиллерист едім. 1943 жылдың 14-ші тамызында таңғы сағат 4-тен ауа артподготовкіге кірісіп келіп кеттік. Кейін мен «жерленетін» Истопки деревнясын азат ету үшін алдымызда, окопта артподготовка біткесін, шабуылға көтерілуді күтіп жатқан жаяу әскердің үстінен асыра зуылдатып, снарядтың соңынан снаряд жөнелтіп, гүрсілдетіп жатырмыз. Немістер де қарап қалмай, бізге қарай минометтерін гүмпілдетіп қоя берді. Миномет зеңбіректен кем емес, қаһарлы, жойқын қару. Тас төбеден түсетін минасынан терең окоптың өзі сені аман алып қала алмайды. Аралары арқан бойынан алшақтау орналасқан 45 миллиметрлік зеңбіректердің бірінде - мен және үш жауынгер. Іргелес жайғасқан тағы бірінде - қайран ауыл Кожекардан бірге аттанып, соғысқа бірге кіріп, талай қырғыннан өзіммен бірге аман-есен шығып келе жатқан ауылдасым, қандыкөйлек досым Сағын Тасқыновтың жігіттері гүрсілдетіп жатқан. Бір кезде аспан айналып жерге түскендей гүрс етті де, есімнен тандым. Топырақтың астында қанша жатқаным есімде жоқ, жандәрмендеп есімді жисам, біздің зеңбіректің тасталқаны шығыпты. Мина дәл түскен ғой. Маңай құлаққа ұрғандай. Контузия алсам керек, құлағым тарс бітелген, басым зіркілдеп, кеуде сүйегім опырылып кеткендей қақсап барады. Топырақтан жандәрменмен кеудемді босатып, Сағынның орудиясы тұрған жаққа қарап едім, айналасы тасталқан... Зеңбіректің дөңгелегі мен оқпаны ғана топырақтан болар-болмас көрінеді... Менің орудиялас жігіттерім жер жұтқандай, жым-жылас... «Ребята!.. Сағын!..» - деп еңіреп жібердім, жиырмаға да толмаған кезім ғой... Қайтадан есімнен тансам керек, госпитальға алып кеткенін білмеймін. Қаза тапқандарды жерлейтін арнайы команда мені сол орудияларымен күлталқан болып кеткендермен бірге қаза тапты десе керек, өлдіге санап, «қарақағаз» жіберген ауылға. Соғыстың аласапыран сәттерінде ондай жағдайлар көп болған, шырақтарым. Мынау да соның бірі шығар. Госпитальдан шыққасын соғысқа қайта кірдім. Талай тозақтан өтіп, 1944 жылдың 27 қыркүйегінде Кенигсберг бағытында болған қырғында ауыр жараланып, аяғымнан айырылдым. 1945 жылы 31 наурызда сол жарақатым бойынша әскерден босап, елге оралдым. Балаларын өлдіге санап, зар еңіреп отырған әке-шешемнің мені көргендегі қуаныштарын айтып жеткізу мүмкін емес. «Қарақағаздан» соң тірі келгенім әке-шешемнің ғана емес, соғыстағы туғандарынан осындай хабар алып, қайғы жұтқан Кожекардағы талай шаңырақтың үміт отын жағып, қуанышына айналдым. Олар да туғандарын мен сияқты келіп қалар деп күтті,.. - деп аяқтайды ардагер әңгімесін.

Осылайша Жеңістің 45 жылдығына орай шыққалы жатқан кітаптағы, майданда қаза тапқандардың тізімінен Әбуғали Жұбаевтың есімі сызылып тасталады.


- «Айтажағым кетпесінің» осы ма? – дедік біз. – Жоқ, ол бөлек әңгіме, - деп Нұрболат сөзін әрі қарай жалғады. – Әкем, қара санынан жоқ аяғына протез киіп, яғни ағаш аяқпен жүрсе де, совхоздың жұмысынан бір күн қалған жоқ. Бір жұмысынан тапжылмастан 32 жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде 10 жыл тұрған үй кезегі келгендіктен, 2006 жылы желтоқсанда «Жеңіс» шағынауданынан 7/1 үйдің, 43 пәтерінен су жаңа баспана берілді. Бірақ әкем оған үлгере алмады, одан сегіз ай бұрын қайтыс болып кеткен еді.

Пәтердің кілті, міне, мынау, мынандай құттықтаухатымен анам Ағилаға салтанатты жағдайда табыс етілді. Оны сіздердің «Орал өңірі» 2006 жылғы 16 желтоқсан күнгі 154 санында «Ардагерлер үй алды» деп қуанып жазды (авторы Ардақ Нықмұқанова). Арендалық пәтерге ие болғандардың тізімі де қоса жарияланыпты. Міне, менің әкем ол тізімде 18-ші болып тұр. Сол жолы барлығы 26 соғысқа қатысушы арендалық пәтер алды. Олардың арасында соғыста қаза тапқан бір жауынгердің отбасы да бар. Міне, солай деп жазылған. Анам қатты қуанды, «аяғын соғысқа беріп келген, одан әрі ағаш аяқпен жүріп, совхоздың жұмысына жегілген әкелерің осы қуанышты көре алмады-ау, атын атап, түсін түстеп берген үйінің төрінде шалқайып отыра алмады-ау», - деп арасында жылап та алады. Пәтердің ішкі жұмыстары бітпегендіктен (суға, газға, электр жарығына қосылмаған), сол бойда кіріп тұра алмадық. Міне, мына кілтті қалтамызға салып алып қуанышымыз қойнымызға сыймай қайттық. Бірақ бір айдан кейін пәтерді бізден тартып алды. Қалалық әкімдіктегілердің айтқан уәждері «Әбуғали Жұбаев қайтыс болып кеткен, сондықтан арендалық пәтер заң бойынша кемпіріне тиесілі емес». Арызданып көріп едік, одан ештеңе шықпады. Сөйтіп жүргенде анам Ағила да бақилық болды...


Нұрболат қайтуға жинала бастады. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» - деп келген азамат иығынан бір ауыр жүк түскендей, әке аруағын газет бетінде еске алып, ел жадында бір жаңғыртқалы жүрген қадамына риза болғандай кейіппен қоштасты. «Мен ешкімнен ештеңе сұрайын деп келген жоқпын. Тек анамның «жауынгер қартыма берген пәтер» - деп сол үйде құрдас кемпірлеріне, бала-шағасына мақтанып отыра алмағанына өкінемін...»

Нұрболат Ақжайық ауданының Битілеу деген жерінде тұрады. «Сапарғали» атты өзінің жеке шаруа қожалығында ірі қара, жылқы және қой өсіріп, үш адамға қысы-жазы жұмыс тауып беріп отыр. Екі қызы Алматыдан жоғары оқу орындарын бітіріп, сол жақта өз мамандықтарымен жұмыс істеуде. Бір ұлы Оралда студент, кенжесі бес жаста.

Сонымен, әуелі елдегі әкесіне қарақағаз болып келген, кейін 1944 жылдың 27 қыркүйегінде ауыр шайқаста аяғынан айырылып, Кожекарына қос балдақпен тірі оралып, (50-жылдары жұмыс бабымен Ілбішінге қоныс аударады) соғыстан кейінгі жадап-жүдеген ауылына бір адамдай еңбегі сіңген Ұлы Отан соғысының ардагері әрі мүгедегі, еңбек озаты Әбуғали Жұбаевқа «Жеңіс» шағынауданынан берілген пәтер түпкілікті бұйырмады. «Қызыл Жұлдыз» орденіне, «Ерлігі үшін» медаліне екі қайтара ие болған және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған қарт жауынгердің кемпірі ол үйдің кілтін қолына ұстағанымен, төрінде отыра алмады.


Апырмай, дейміз біз, «Орал өңірі» газетінің 2006 жылғы 16 желтоқсан күнгі санындағы анау «Ардагерлер үй алды» дейтін сүйінші мақалаға қайта-қайта шұқшиып. Аузына Құдай салды ма екен, пәтерлі болып жатқан ардагер қариялардың біреуі қуанышы қойнына сыймай тұрса да, сол кездегі облыс әкімінен «Біз олай-бұлай болып кетсек, пәтерімізді кемпірімізден, бала-шағамыздан тартып алмай ма?» - деп сұрапты. Дұрысы, ойындағы қаупін айтыпты. Сонда облыс әкімі «Ешкім сіздердің отбасыңызды пәтерден қуып шықпайды. Сондықтан алған пәтерлеріңізде алаңсыз тұра беріңіздер» - деп байыпты жауап берді» - дейді тайға таңба басқандай мақалада. Апырмай деп отырғанымыз - сол ардагердің айтқан қаупі Әбуғали Жұбаевтың кемпірі мен бала-шағасына айна-қатесіз келгенін айтсайшы... Шайқаста ерлікпен қаза тапқан, бірақ ерлігі аласапыран кезінде бағаланып үлгермеген талай жауынгерлер кеш болса да, «қаза тапқаннан кейін» (посмертно) деп марапатталып жатады. Ал «қарақағаздан» соң тірі келген, Ұлы Отан соғысының ардагері І топтағы соғыс мүгедегі, екпінді жұмыскер Әбуғали Жұбаевтың атына бір пәтерді ел-жұрттың алдында беріп тұрып, артынан қимадық... Парықсыз парадокс демеске  амалың  жоқ!

Облыста сол қырғыннан аман келген ерлер жылды, айды айтасыз, күн санап азайып барады. Бүгінде 254 қарт жауынгер қалыпты дейді қабағыңа қарамайтын қатал статистика. Солардың бәрін құрметтеп  үлгердік  пе  екен?..


Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ


Қосымша фотосүреттер

 

img_9331

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале