16.02.2016, 10:26
Оқылды: 78

Қыдыр Харесұлының «Алау кездер - ән кездер» атты шығармашылық кеші болып өтті

Kaztalov alau kezder kitap   Жалпақтал мәдениет үйінде қаламы қарымды журналист, облыстық «Жастық үні» газетінің негізін салушы, елдің абзал азаматы, жерлесіміз Қыдыр Харесұлының «Алау кездер - ән кездер» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ақынның өлеңмен өрнектелген өмірі, жүйрік, жүрдек қаламынан туған жалынды жырлары талай жыр сүйер оқырманның жүрегіне жетіп жатқан болатын.


Бүгінде қым-қуат күнделікті күйбің тіршілікті сыршыл өлеңдерімен өрнектеп,  өмірге келіп жатқан әр туындыны ақын жүрегімен сезіне білді.

Осы бір кеште де «Қызыма наз», «Көктемде туған көркем қыз», «Алғашқы махаббат», «Дос», «Сыйлық» тағы басқа да өлеңдерін  мәнеріне келтіріп оқыса, «Көне қала – Жалпақтал», «Ақжайық» «Жастығым менің – Жалпақтал», «Жалпақтал – жайлы мекенім» сынды өлеңдеріне  жазылған әндерін мәдениет үйінің көркемөнерпаздары  орындады. Сондай-ақ кеште Қыдыр Харесұлының өлеңіне жазылған Жаскелең Ғайсағалиевтің «Алау кездер - ән кездер» әнін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншісі, жерлесіміз Ақмарал Ахметова көрермен назарына ұсынды.

Кеш барысында өңіріміздің үзеңгілес ақындық жолдағы әріптестердің атынан жерлесіміз, ақын Дариға Мұштанова сөз алып, ақжарма тілегін жеткізді. Осы орайда аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етсе, Қыдыр Харесұлының «Алау кездер - ән кездер» атты кітабының жарыққа шығуына тікелей ұйытқы болған ұйымдастыру комитетінің төрағасы Руслан Өтегенұлы сөз сөйлеп, ақ тілегін жолдады.  Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының Батыс Қазақстан облысы  бойынша тілшісі Алтынгүл Мұхамбетқалиева Қыдыр Харесұлына Ақтөбе қаласындағы «Қос аққу», «Әлия -Маншүк» атындағы спорттық патриоттық клубтың медалі,  Астана қаласындағы «Қазбат» жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар ардагерлерінің одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Шимпеевтің бұйрығымен Қыдыр Харесұлы жас ұрпақты әскери-патриоттық рухты тәрбиелеуге белсене қатысқаны үшін «Қазақстан патриоты» медалі, Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев «Өнер мен мәдениетке қосқан үлесі үшін» медалі табыстап, ақ тілектерін жеткізді.

www.zhaikpress.kz

Жұлдыз АСҚАРҚЫЗЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале