21.06.2016, 17:40
Оқылды: 20

153 млн. 877 мың теңге тұтынушыларға қайтарылады

Surett  2015-2016  жылғы  жылыту кезеңі үшін өңірдегі екі кәсіпорын есептеу аспаптары орнатылмаған тұтынушыларға 153 млн. 877 мың  25 теңге шамасындағы қаржыны қайтарады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.


  Облысымыздағы жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметтерін көрсететін  «Жайықжылуқуат» АҚ-ы және  «Ақсайжылуқуат» МКК-ы 2015-2016 жылдардағы жылыту кезеңі үшін тұтынушыларға 153 млн. 877 мың 25 теңге  шамасындағы  қаржыны  қайтарады.

   – Бұған басты себеп – өткен қыстың жылы болуы. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ауа температурасының өзгерістеріне орай жылыту маусымының техникалық нормативтерге сәйкестігін анықтау жұмыстары жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша жыл сайынғы жылу төлемақысы қайта есептеледі. Қыс қаншалықты жылы болса, қайтарылатын қаржы шамасы соншалықты қомақты.

  Биылғы қайта есептеу қорытындысы бойынша бір шаршы метр үшін қосымша құн салығымен қоса есептегенде қайтарылатын қаражат шамасы Орал қаласында  79,23 теңгені, Ақсай қаласында 41,75 теңгені құрады. Айта кетсек, қайтарылатын қаржы тек есептеу құралы жоқ тұрғындарға ғана қайтарылады. Жүргізілген есептеулер көрсеткеніндей, Орал қаласындағы мұндай тұрғындарға 153 млн. 128 мың 46 тиын, Ақсай қаласындағы тұрғындарға 748 мың 79 тиын қайтарылуы тиіс. Мысалы, Орал қаласындағы  қайтарылатын қайта есептеу шамасы қосымша құн салығымен қоса есептегенде аумағы 38 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі пәтер үшін 3010,74  теңге, аумағы 50 шаршы метрді құрайтын екі  бөлмелі пәтер үшін 3961,5 теңге, аумағы 80 шаршы метрді үш  бөлмелі пәтер үшін  6338,4 теңгені құрайды, – деді  аталмыш департаменттің талдау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Сержан Жаманқұлов.

   Сержан Әжігерейұлының айтуынша, «Жайықжылуқуат» АҚ-ы мен   «Ақсайжылуқуат» МКК-ы тарапынан тұрғындарға қайтарылатын қаражат қолма-қол қайтарылмайды. Ол қаржы болашақ төлемдер есебінен жүзеге асырылады, яғни алдағы 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымындағы  төлемдерден  шегеріледі.

www.zhaikpress.kz
Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале