22.03.2019, 15:03
Оқылды: 34

Ақжайық спортшылары Президент шешімін қолдайды

Президенттің өкілеттілігін тапсыруы туралы шешім қабылдауы - тарихи оқиға. Елбасы Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі үшін ең күрделі тәуекелдерге барудан жүрексінген емес. 

6e1e3b4ff8548162422a829b9f4e659f-sm

Биліктің бұлай ауысып отыруы - адамзат тарихында қайталанатын үдеріс. Бұл күн Тәуелсіз қазақ елінің тарихында мәңгі сақталады. Өйткені бұл - елдің егемендігі жолында бар күш-жігерін жұмсап, халқымызды қиын кезеңнен алып шыққан, сол жолдағы қиындықтарды еңсере жүріп, мемлекет құрған кемеңгер тұлғаның шешімі.

Нұрсұлтан Әбішұлы тарихтан өзінің орнын Тәуелсіз мемлекетімізді бекіту, мемлекетіміздің шекарасын нығайту, Елорданы Сарыарқаға әкеліп орнықтыру арқылы есте қалады. Оның жаңа Астананы салып, бүкіл әлемнің алдында мәртебелі биікке көтеруі қазақтың арғы-бергі дәуірлерінде болмаған. Н.Назарбаев мемлекеттің іргесін бекіту, халқын қиын кезеңнен алып шығу үшін күресті. Оны халық көзімен көрді, куәсі болды. Ал бүгінде тұтас бір ұлы дәуір кезеңі тарихтың еншісіне айналып бара жатқаны белгілі.

Конституцияға сәйкес, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікті қолына алуы бір күннің ғана шешімі емес. Биліктің Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырылуы Конституциялық жағынан дұрыс болса, екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев – үлкен саяси мектептен өткен, Елбасының қасында жүріп, тәуелсіздікке қатысты мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына терең араласқан, үлкен жауапкершілікті сезінетін тұлға, мемлекет қайраткері. Ал жаңа басшының елордамызға Елбасы есімін беру мәселесі - уақыттың пәрменінде қызып, кемеліне келген, нақтыланған шешім!

Тарихқа көз жүгіртсек, Алматы - бұрынғы бас қала. Бүгінде бұл ұлы міндетті Астана еншілеп, қазақтың көшін алға сүйреп келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола деп аталған кішігірім қалашық болды. Солтүстік аймақтың климаты қатал, жазық даласында орналасқан шағын қала көп ұзамай әлемнің озық шаһарына айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеп, аумағын кеңейтті. Отыз жыл бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың келбетін салыстыруға келмейтіні белгілі. АҚШ мемлекеті де астанасын Вашингтон деп атаған еді. Вьетнамдықтар да бірінші Президентінің құрметіне қала атын Хошимин деп өзгерткен болатын. Астана атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру да - тарихи шешім. Біз бұл шешімді қолдау арқылы Елбасына деген құрмет пен алғыс сезімін ғана емес, тарихи тұлғамен бірге өркендеген Қазақстанның нығаюына да өз бағамызды бергеніміз болып есептеледі. Сондықтан Нұр-Сұлтан атауы Елордаға әбден жарасымды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысынан кейін Орал қаласында Достық-Дружба даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы - елді 90-жылдардың қиын кезеңінен алып шығып, достық пен бейбітшіліктің мекеніне айналдырған тұлға. Еркіндіктің басында тұрған өз халқының Тұңғыш Президентін келер ұрпақ біліп жүруі тиіс десек, оның есімінің басты көшеге берілуі де оң ұсыныс.

Осындай бастамашыл ұсыныстарды Ақжайықтың спорт саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтары да қолдайды. Отандық спорт өте жоғары деңгейге жетіп, дамып келеді. Көптеген Олимпиада чемпиондары шықты. Олар арқылы елімізді әлем жұртшылығы таныды. Ел спортының дамуына жасаған Елбасының еңбегін әр спортшы айрықша бағалап, сенімін ақтауға тырысып жүреді. Спорт саласында еңбектеніп жүрген саңлақтардың жеңісін Елбасы үнемі қолдап, жоғары баға беріп отырды. Елбасының қолдауын, Қазақ еліне төккен еңбегін спортсүйер қауым ұмытпақ емес!

Жекпе-жек спорт түрлері бойынша

мамандандырылған олимпиадалық резервтегі

балалар мен жасөспірімдер мектебінің ұжымы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале