2.06.2020, 9:07
Оқылды: 125

2022 жылы Қазақстанда балалардың әл-ауқат индексі енгізіледі

2022 жылы балалардың әл-ауқат индексі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

CDBE6C80-4B58-4769-97D3-7106CCF77C0B

«2022 жылы Балалардың әл-ауқат индексі енгізіледі. Ол балалардың өмір сүру жағдайы мен денсаулығы, білім, әлеуметтену, отбасы мен қоғам сынды маңызды салалар бойынша көрсеткіштерді анықтауға септігін тигізеді. Оның негізінде балалардың құқығын қорғау бойынша қалалардың, аудандардың, ауыл-аймақтардың рейтингі түзіледі. Білім алудың қауіпсіз жағдайларын жасау үшін әр білім беру ұйымын бейнебақылау және қажетті заттармен жабдықтау мәелелері қарастырылып жатыр. Буллинг, суицид проблемаларын шешу ерекше назарды қажет етеді. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау – өте маңызды. Кибермәдениет пен кибергигиенаны қалыптастыру тақырыбы мектеп бағдарламасына енгізілуі керек», - деді министр.

Асхат Аймағамбетов «Жусан» операциясының аясында соғыс болып жатқан елдерде қалып қойған балалар елге қайтарылғандығын, интернат ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе болып отырғандығын баса атап өтті.

«ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комитеттің кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау бойынша кезектен тыс отырысында барлық мемлекеттік органға тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау тапсырмасы берілді. Қамқоршылық кеңестерге ерекше назар аударылып отыр. Оның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінің болуы да маңызды. Олардың қызметтерінің ашықтығы мен айқындығы қоғамдық бақылау орнатуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министр кәмелетке толмағандардың істері бойынша комиссия жұмысы түбегейлі өзгеретіндігін де атап өтеді. «Қазіргі таңда бұл органдардың мүмкіндіктері тиімді қолданылып жатқан жоқ. Қоғам тарапынан комиссиялардың құзыретін кеңейту бойынша нақты ұсыныстар айтылған болатын, олар назарға алынды», - деді Асхат Аймағамбетов.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале