3.11.2017, 17:38
Оқылды: 68

2022 жылы мектептер латын əліпбиімен оқыта бастайды

Бұл жайында Қадыр Мырза Əли атындағы өнер жəне мəдениет орталығындағы жергілікті ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері басқосуында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы Гүлжайна Бисенғалиева айтты.

Оның айтуынша, қазан айының соңында күшіне енген Елбасы жарлығы негізінде латын əліпбиіне қолдануға нақты шешім қабылданды. Дегенмен қоғамда латын əліпбиінің үлгісі нақты бекітілгенше талқылау жүргізіледі. Гүлжайна Бисенғалиева келесі жылдан бастап дайындық курстары ұйымдастыру басталуы мүмкін екенін айтты. Дөңгелек үстелде ардагер-журналист Тихон Əліпқалиев аға буын үшін латын əріптерімен мəтін оқу қиын екенін, жаңа əліппи қабылданғанда орыс мектептерінде кириллица қатар қолданылса, елді жікке бөлу қатері туындауы мүмкін екеніне күдіктенетінін жеткізді.

- Қоғамдық өзгерістерге болашақ көзімен қарау қажет. Латын əліпбиін қолдану - заман талабы, ғасыр сұранысы. Жас ұрпақ үшін тиімді болары анық. Дегенмен əліпбидің үлгісін бекіткенше асығыстық танытпаған жөн. Апострофты əліпбидегі "Ə" əрпін "А'" қарпінде беру сауатсыздық көрінісіне айналуы мүмкін. Онсыз да Əдемі, Олжас атты кісі есімдері "Адеми, Алжас" деп жазылуда. Ал мектептерде оқушыларды тіл қолданысына орай бөле-жара оқыту орынсыз болмақ. Орыс тілділер де латын əліпбиін меңгерсін, - деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Басқосуға қатысушылардың айтуынша, қоғамда жаңа қазақ жазуына қатысты пікір сан алуан. Ұстаздар да оқыту жүйесінде қос əліпбидің қатар қолданылуы мүмкін екеніне алаңдайды. "Еуразия əлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдарбек Ақболатов билік өкілдері тілші-мамандар ұсыныстарына құлақ аспай отырғанына қынжылатынын айтты. Дөңгелек үстелде пікір білдіргендердің көбі соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан "үтірлі" əліпбиді əлі жетілдіру қажеттігін мəлімдеді.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале