23.05.2015, 19:01
Оқылды: 24

Халықаралық олимпиада күніне велошеру ұйымдастырылды.

Nurlan Nogayiev veloheru   Орал қаласында Халықаралық олимпиада күніне орай көпшілік велошеру ұйымдастырылды. Оған 1000-ға жуық тұрғын қатысып, Теннис кешенінен П. Атоян атындағы стадионға дейін 10 шақырымдай қашықтықты жүріп өтті.

Шара еліміздің 2022 жылғы XXIV қысқы олимпиада және XIII қысқы паралимпиада ойындарын өткізу жөніндегі өтінімін, Олимпиада қозғалысын қолдау бағытында оздырылды. Биылғы Олимпиада күнін өткізудегі басты ерекшелік – Алматы қаласындағы Халықаралық спорттық жобалар дирекциясының қолдауымен еліміздің төрт бірдей шаһары – Астана, Алматы, Шымкент және Оралда қалың бұқара қатысқан велошерудің бір уақытта басталуы.

- Көпшілік велошеру өңірімізде уақыт өткен сайын дәстүрге айналып, оның қашықтығы да ұзарып келе жатқаны көңіл қуантарлық жәйт. Бұл да Елбасы берген тапсырманы орындауға қосылған үлес. Елімізде әлемдік деңгейде ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарын өткізу үшін саяси тұрақтылық пен келісім, спорттық кешендер, өзге де қажетті жағдайлар жеткілікті. Сондықтан 2022 жылғы XXIV Қысқы Олимпиада және XIII Паралимпиада ойындары Қазақстанда өтуі үшін тағы бір адым жасағандаймыз. Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұртшылықты құттықтау сөзінде.

Облыс басшысы велошеруге қатысушыларды түрлі аталымдар бойынша Алматы қаласындағы Халықаралық спорттық жобалар дирекциясының сыйлықтарымен марапаттады. «Ең жас қатысушы» 6 жастағы Роман Риддер, «Ең жасы үлкен қатысушы» 75 жастағы Олег Попов, «Ең нәзік шабандоз» Айнұр Беркімбаева, «Ең креативті қатысушы» Ақсерік Әйтімов болды.

Атаулы мереке құрметіне мәре алаңында спорттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, Жастар шығармашылығы орталығының әртістері дайындаған концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ, өңірімізге Алматы қаласынан арнайы шақырылған «ALL Daвай» музыкалық тобы өнер көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале