6.09.2016, 19:09
Оқылды: 21

25 жылдықта 25 жас маман

Зеленов  Тәу етер тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында биылғы жаңа оқу жылында ауданымызға 25 жас маман келіп, ұстаздар қатары толықты.


  Ару қала Алматыдан жоғары оқуды тәмәмдап  «ауылым, қайдасың?» деп туған жерге тартып отырған жастардың бірі  – Асхат Бисенғалиев. Новенький ауылында 1994 жылдың сәуір айында дүние есігін ашқан Асхат 2012 жылы Алматы қаласындағы  Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тегін оқуға түседі. Білімге құштар жас студент әр шараның бел ортасында болып, республикалық, халықаралық додалардан тысқары қалған емес. Белсенді бала үш тілді қатар меңгерген.

  Аталмыш білім орданы  биыл бітірген ол ұстаздық жолын Егіндібұлақ мектебінен бастауды құп көрген. Сөйтіп, қазіргі таңда  шәкірттерге химия пәнінен дәріс беруде.

  «Өз ісіңді сүйе біл!» деген ұстаныммен өмір сүретін Асхат Асқарұлы: - Ұлағатты ұстаздар ұжымына келіп қосылдым. Мектеп директоры Мәруаш Хайдарқызы, ұстаздар қауымы мені жас деп жатсынбай жылы қарсы алуда. Әріптестерім ұстаздық жолда ақыл-кеңестерін айтып жәрдемдесіп жатыр.

  Енді алдымда отырған шәкірттерімді білім нәрімен сусындату – басты масқатым,- дейді ол.

  Бос уақытында спортпен шұғылданып, салауатты өмірді насихаттайтын жас ұстазға тек сәттілік!

  Ал, келесі кейіпкеріміз –Алуа Қален. 21 жаста. Көшім ауылындағы мектепті 2012 жылы аяқтап, осы жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің табалдырығын аттайды.

  Университет қабырғасында жүрген кезден - ақ, « ұстаздық өмірімді туған жерімнен бастасам» деген ой оны бір кездері өзі оқыған мектепке алып келеді. Міне, асқақ арманы орындалып, ағылшын тілінен сабақ беруде.

  – Өзім оқыған мектебіммен қайтадан қауышып жатырған жәйім бар. Қуаныштымын. Оқушыларға ағылшын тілін үйретумен қоса, 5 «а» сыныбының жетекшісімін. Балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беріп, «үлгілі педагог» атансам, содан асқан бақыт бар ма, сірә?!

  Бүгінгі күні жастарымыздың бірқатары ағылшын тілін бітіріп алғаннан соң табысы мол ең ірі компанияларда қызмет жасағысы келетіні жасырын емес. Мәселен, менің де баруыма болатын еді, алайда ішкі жан дүнием мектепті, баланы таңдады. Себебі, балаға тәрбие - білім беру, керемет ғажап іс, - дейді.

  Алуа Меңдібекқызы  ұстаздық қызметпен қатар, үй шаруасын  дөңгелетіп отырған ибалы келін. Сүйген жары Нұркен екеуі ауылдағы үлгілі ең жас отбасылардың бірі.

   Еліміздің өркендеп дамуына, әсіресе ауыл мектептерінің гүлденуіне «өз үлесімізді қоссақ» деп келген қос ұстазымыздың бала тәрбилеудегі жұмыстары жемісті болсын, ләйім!

Айшабибі МӘМЕТ

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале