21.07.2016, 20:26
Оқылды: 85

Қыз Жібек пен Төлеген - Ақжайық өңірінде

FB_IMG_1469110384499Бүгін облыс əкімдігінде өңір басшысы Алтай Көлгінов Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбеков және ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваны қабылдады.


- Алдымен Ақжайық еліне қош келдіңіз айтамыз. Сіздердің біздің өлкеге арнайы ат басын бұрып келулеріңіз тарихи жағдай деп есептейміз. Өйткені сіздердің есімдеріңіз аталса, халық ең алдымен Қыз Жібек пен Төлегенді елестететіні анық. Мəңгілік махабаттың символына айналған тұлғаларды өлместей етіп тарих бетіне қашап кеттіңіздер. Сіздерді мерейлі жасқа жетулеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болып, мəдениетімізді өркендетуге, жастарға əрдайым үлгі-өнеге болып жүре беріңіздер, - деген Алтай Сейдірұлы қонақтарға сый-сыяпат көрсетті.

FB_IMG_1469110410249Бұдан кейін Құман Тастанбеков сандық формат негізінде жасақталған "Қыз Жібек" фильмін облыс əкіміне тарту етті.

- Елге келмегелі көп болған еді. Бүгінгі салиқалы əңгімеміз шығармашылық турасында өрбіді. Əрине, ең алдымен, Оралдың тарихымен жəне бізге ыстық болатын қара шаңырақ - қазақ драма театрының бүгінгі тынысымен таныстық. Одан кейін фильмнің түсірілу тарихы мен кездескен қиындықтар туралы сөз болды. Өйткені ол кезде тарихи фильмнің түсірілуі күрделі болатын. Киноның режиссеры Сұлтан Қожықов, Гүлфайрус Ысмайлова, Ілияс Омаров, Нұрғиса Тілендиев сынды елге танымал тұлғалардың қолқа салуымен, Д. Қонаевтың қолдауымен осы фильм дүниеге келген еді. Иə, бүгінгі жастар фильм туралы көбірек біле бермейді. 45 жыл өтсе де, туынды өз мəнін жоймай келеді, жойылмайды да. Біз оны дəріптеуден ешқашан жалықпаймыз, - деді Меруерт Өтекешова өз ойымен бөлісіп.

Айта кетелік, кездесу барысында Алтай Сейдірұлы "Қыз Жібек" фильмі негізінде оның түсірілу тарихы мен жолдары туралы деректі фильм түсіру керектігін алға тартып, бұл іске қолдау білдіретінін жеткізді.

Лəззат Шағатай

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале