2.09.2016, 18:09
Оқылды: 41

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

китап   Достық үйінде шешен ұлтының өкілі, аудармашы Мұхтар Бокаевтың «Чешен-ингуш халықтары ертегілері» атты кітабының түсаукесер рәсімі өтті. Оған БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, қала тұрғындары мен студенттер қатысты.


–Ауыз әдебиеті – халық мұрасы. Соның ішінде ертегілер адамзатпен бағзы заманнан бірге жасасып келе жатқан құнды да қасиетті жәдігер. Әдетте, ертегілер балаларға арналғандай болып көрінеді. Ал шын мәнінде ертегілер жас талғамайды. Шешен-ингуш халықтарының ертегілері әлемдік ауыз әдебиетінің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Ежелден Кавказ тауын мекен еткен туысқан екі халық бақытты өмірді аңсап, оны ертегілерінде әдемі көркемдей білген. Осынау шығармаларды шешен және ингуш тілдерінен қазақ тіліне өте жатық аударған жерлесіміз, шешен азаматы, қазақ тілінің жанашыры саналы ғұмырын халықтар арасындағы достық пен келісімді нығайтуға арнап келе жатқан Мұхтар Бокаевқа ризашылығымызды білдіреміз,- деді Ғайса Қамидоллаұлы.

         Өз кезегінде сөз алған Айтқали Нәріков кітап авторының шығармашылық жолы жөнінде айтты.

         –Мұхтар Бокаевты көптен білемін. Шығармашылық одақтарға мүше болмаса да, Мұхтардың бірнеше кітап жазғанын біреу білсе, біреу білмес. Бөрлі ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Мұхтар Бокаев қатарда жүрген қабырғалы азамат болып табылады. Ол шешен, ингуш, қазақ, орыс тілдерін терең меңгерген жан. Бір ғана қазақ тіліне келер болсақ, көктемдегі Ақ Жайықтай арқырай, сарқырай жөнелгенде, «аузыңды ашып, көзіңді жұмып» қаласың. «Мен нағыз қазақпын» дегеннің өзін жаңылдырады. Оның бұл қасиеті көбімізге үлгі болса керек. Осынау ертегілерді аударған Мұхтар Бокаевтың өз өмірі де ертегіге бергісіз. Ертегі болғанда, қорқынышты, зарлы, қаһарлы ертегіге ұқсас. Ол- «халық жауы» деген сұмдық атақты сәби кезінен «еншілеген» буынның өкілі. Кезіндегі октябрят, пионер, комсомол деген ұйымдарға қабылданбады. Өз еттірлігімен Мәскеуге шағымданып, пединстутутта білім алуға рұқсат алды. Бірте-бірте заман ағымы оң сипат ала бастаған соң, Мұхтар Бокаев қатардың азаматы ретінде ұжымдарда жемісті еңбек етті. Қосшы да болды, басшы да болды. Қазір Ақсай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып келеді.

         Мұхтардың қазақ әдебиетін беріле оқитыны бірден байқалады. Ертегілерді аудару барсында қазақтың қазіргі кәнігі қаламгерлері қолдана бермейтін сөз тіркестерді айналымға шығарып, тілдік кестені құлпыртып жібереді. Әттең, солақай саясаттың салқыны тимегенде, Мұхтар Бокаев көңілі қалаған іске түп басымен беріліп, шешен халқынан шыққан қазақ қаламгері болар еді, -деді ақын.

         Кітапты таныстыру кешін қорытқан Мұхтар Бокаев барлық қонақтарға жылы лебізін білдірді.

         –Осы кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған Бөрлі аудандық әкімдігі мен Данилбек Саратов, Хаважи Исаев, Ибрагим Садулаевқа сықылды ұлтжанды азаматтарға зор алғыс айтамын,- деді ол.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале