23.01.2017, 18:38
Оқылды: 51

Шәкіртін тепкен мұғалім 5 жылға бас бостандығынан айырылды

uchitel  Бүгін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының бұрынғы мұғалімі Айдос Ғабдулкәрімовке үкім шықты.

  Бұрын хабарлағанымыздай, 2016 жылдың 4 қазаны күні Айдос Ғабдулкәрімов Қараоба ауылындағы «Денсауылық» спорт алаңында 10-сынып оқушысы Еділ Мақсотовты шабынан тепкен болатын. Сол соққыдан кәмелет жасына толмаған баланың аталық ені езіліп кеткен еді. Артынан ота жасалып, оң жақ аталық ені алынып тасталды.


  Сот үкімін оқыған облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Тельман Ибрашевтың айтуынша, алаңдағы футбол ойыны барысында А.Ғабдулкәрімов алаң ішінде жүрген өзінің әріптесі, мұғалім Р.Хадешевке қатысты Е.Мақсотовтың балағат сөздер айтып бара жатқанын байқаған. Сол жерде ол бұл сөздер өзіне қатысты еместігін анық біле тұра, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында Е.Мақсотовқа жақындап «Сен неге мектеп мұғаліміне балағат сөздер айтасың?» деп оң жұдырығымен бір рет соққы жасаған. Сол соққыдан кәмелет жасына толмаған Е.Мақсотов құлап бара жатқанда А.Ғабдулкәрімов оның шабына, яғни аталық еніне оң аяғымен тіке бағыттап қасақана тепкі жасаған. Сол тепкіден Е.Мақсотовтың оң жақ аталық ені езіліп кеткен. 21 қазандағы сот-медициналық сараптама қорытындысы Е.Мақсотовтың медициналық құжаттарындағы мәліметтер негізінде жүргізілді. Денеге жарақат доғал затпен келтірілгені, ол көрсетілген мерзімге сәйкес келетіні анықталып, бұл денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде дәрежеленді. Бұл ҚР ҚК 11-бабы 4-бөлігіне сәйкес ауыр қылмыс санатына жатады. Сотталушы А.Ғабдулкәрімовке жаза тағайындағанда жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерді. Яғни кәмелет жасына толмаған жанға ауыр зардап келтіруіне, денсаулығына ауыр дене жарақатын салуына, өміріне қауіп төндіруіне орай сот А.Ғабдулкәрімовті қоғамнан оқшаулауға байланысты жаза тағайындады. Сот сотталушының өзінің кінәсін толық мойындағанын, шын жүректен өкінгендігін, жәбірленуші мен жәбірленушінің уәкілінің кешірім бергенін ескеріп бас бостандығынан айырудың ең төменгі жазасын тағайындау қажет деп тапты. Сот сондай-ақ  А.Ғабдулкәрімовтің сот тергеуі барысындағы түрлі шындардың мемлекет пайдасына өндіргенін де ескерді. Соның негізінде ҚР Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 387, 390, 392, 393, 395, 398, 401, 402-баптарын басшылыққа ала отырып, А.Ғабдулкәрімов ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі, 11-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, осы баппен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді.

   -Біз бұл істі Қазталов ауданына барып қарадық. Барлық куәгерді шақырдық. Аталмыш оқиғаға осы білім ұясының тағы бір мұғалімі Рауан Хадешевтің де қатысы бар. Ол үйінен 2 бөтелке сыра ішіп, мастау күйде алаңға келген. Рауан доп ойнап жүрген Еділдің орнына доп ойнағысы келіп, оған алаңнан шығуын талап еткен. Оқушы ренжіп боқтап жіберген. Оны А.Ғабдулкәрімов естіп соққыға жыққан. Р.Хадешевке қатысты іс қозғалған жоқ. Егер аудан прокуроры қажет деп тапса, оны әкімшілік жазаға тарта алады. Ал Айдос Ғабдулкәрімовке қатысты айтар болсам, оның педагог ретінде мұндай әрекет жасауын дұрыс деп санамаймын. Егер бала жаман сөз айтса, күшпен емес, онда мектеп әкімшілігімен, ата-ана бірігіп тәрбие жұмысын жүргізу арқылы шешу керек қой. Иә, сотталушы материалдық-моралдық шығындарды өтеді, бірақ кәмелет жасына толмаған жасөспірім орын толмас зардапқа ұшырағанын ескеріп біз осындай шешімге келдік,-деді сот үкімін оқығаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұқбат берген Тельман Ибрашев.

  Ал сотталушының қорғаушысы Назгүл Кенжебаева сот шешімімен келіспейді. Олар сот үкіміне шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале