26.01.2017, 12:52
Оқылды: 14

Биыл БҚО-да 500 бордақылау алаңы салынбақ

Akim orta jane shagin biznes  Облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде орта және шағын бизнесті дамыту бойынша жиын өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары И. Стексов, Б.Қонысбаева, басқармалар мен өңірлік «Атамекен» кәсіпкелер палатасының, «Даму» қорының, «Орал ӘКК» басшылары қатысты.


  Орта және шағын бизнестің дамуына жол ашатын тетіктер қарастырылған жиында облыс басшысы А.Көлгінов өткен жылы орта және шағын бизнесті дамыту жобалары тиімді жүзеге асқанын, ең бастысы аудандар мен елді-мекендерді қамтығанын атап өтті.

  Облыс әкімінің айтуынша, биыл да шаруаға бейім азаматтар үшін үлкен мүмкіндіктер ашылмақ. Себебі осы жылы облыс әкімдігі мен «Даму» қоры 1,5 млрд. теңге қаржы бөліп, ол сома қала мен аудандарға 8,5 пайызбен несие ретінде берілмек. Әр кәсіпорын 50 млн теңгеге дейін шекті мөлшерде қаржы алуына мүмкіндік туады. Ал облыс әкімдігі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы 600 млн. теңге бөліп, аудандарға арналған 7 пайызбен несие қарастырмақ. Аудандық кәсіпорындарға берілетін қаржының көлемі 18 млн. теңгеге дейін.

  Сондай-ақ биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға 1,6 млрд теңге қаржы қарастырылған. Батыс Қазақстан облысы ауылшаруашылығына қолайлы өңір болғандықтан, биыл облыс бойынша 500 бордақылау алаңы салыну жоспарлануда. Осы жылы бөлінетін қаржы жеке кәсіпкерлер мен жаңа кәсіпті қолға алатын өңір тұрғындары үшін үлкен қолдау болмақ. Бұл жобалар өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай туғызады.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале