9.02.2017, 19:15
Оқылды: 57

Үкімет бағдарламасы аясында несие бөлу көзделуде

Брифинг ауылшаруашылык 020202    ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өз алаңын бейсенбі күні ауылшаруашылығы саласының қызметкерлеріне арнады.

    Ауылшаруашылығы кооперативтерін құру және ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту тақырыбына арналған бұл жиынға ҚР АШМ өсімдік  шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің стратегия және талдау бөлімінің басшысы Нұрболат Мақашев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетов және Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дың «Экономика және Бизнес» факультетінің деканы Айгүл Қазанбаева қатысты.


    -Мемлекет басшысы биылғы Жолдауы арқылы  Үкіметке және облыс әкімдеріне бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту үшін жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және жеке қосалқы шаруашылықтарда отбасылық бордақылау алаңдарын құру жұмысына баса назар аударылуда. Уақыт көрсеткеніндей, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін бөлек-бөлек өмір сүру тиімсіз болып отыр. Осыған орай, сүт қабылдау орталықтарының жүйесін құру, отбасылық бордақылау және мал сою алаңдарын ашып, олардың жұмыстарын орталықтандыру жұмысы қолға алынуда.  Яғни, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өткізу қызметтерін бір жерден ұйымдастыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру қажеттігі туындап отыр.

    Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігімен ҚазАгро еншілес ұйымдары арқылы модульді сүт қабылдау және мал сою орталықтарын алғашқы жарнасыз лизингке беру сызбасы әзірленді. Алғашқы жарна ретінде инвестсубсидия (50%) және кепіл ретінде сатып алынған қондырғылар алынады.

    Ауылшаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру барысында, мысалы, сүт қабылдаумен және оны сатумен айналысатын кооперативті құру үшін сүт өнідрумен айналысатын жеке шаруа қожалығының саны, сүтті бағыттағы сиыр саны, кооперативтің инфрақұрылымға (су, жарық және жол) жақындығы, халық шоғырланған орталықтардың бір-біріне жақындығы, сүт өңдейтін зауытқа жақындығы (100 км), жем-шөп базасына және ветеринарлық шараларды ұйымдастыру мүмкіндігіне баса назар аударылуы керек.

Биылдан бастап 2017-2021 жылдары АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялаудың жаңа бағыттары қарастырылған. Бұл ретте ауылшаруашылығы кооперативтерінде өндірілген сүттің бір литріне 10 теңге, бордақыланған өгізшелердің әр басына 20 мың теңге, қозылардың бір басына 1500 теңгеден төленеді. Және құрама жем өндірісін арзандату қарастырылған. Сонымен қатар, мал шаруашылығын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында гектарлық субсидия шеңберінде біржылдық және көпжылдық жемшөп дақылдарын субсидиялау көзделген. Биылдан бастап ауылшаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында олардың сатып алған құрал-жабдықтарына жұмсалған шығынның 50 пайызын қайтару қарастырылған. Мен осы ережелерді, жаңалықты ауыл тұрғындарына жеткізу үшін осы облыстың он ауданында болдым, -деді Нұрболат Абылайханұлы жиында сөйлеген сөзінде.

    Оның сөзінше, Үкімет тапсырмасы аясында кооперативтерді қосымша қаржыландыруға бағытталған жаңа «Ынтымақ» несиелік өнімдері әзірленді және бекітілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы малдарын көбейтуге бағытталған «Игілік»,  сүт қабылдау орталықтарын құруға арналған «Бірлік» және отбасылық бордақылау алаңын құруға арналған «Береке» бағдарламаларының да ауыл тұрғындарының оң жамбасынан келетіні анық. Ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған шағын несие көлемі несие көлемі 18 млн. теңгені құрайды және бұл қаражат 7 жылға берілмек.

Нұрболат Абылайханұлының айтуынша, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлық өндірісіне 500 мың жеке қосалқы шаруашылық пен шаруа қожалықтарын тарту, 70 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру және қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелуін 80-85 пайызға арттыру көзделіп отыр. Кооператив сұрақтары бойынша Call-орталығымен (88000808010) тегін хабарласуға болады.

     Бұдан соң сөйлеген облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетов өңірімізде ауылшаруашылығы кооперативтерін құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда өңірімізің Ақжайық, Қазталов және Сырым аудандарында ауылшаруашылығы кооперативтері құрылып, жұмыс істеуде. Ақжайық ауданында ауысымына 50 бас соятын бір мал сою пункті ашылған. Сондай-ақ, Зеленов ауданының Дариян ауылындағы «Каверин» ЖК наурыз айында күніне 40 тонна сүт өнімдерін  өңдейтін кәсіпорын ашып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, Тасқала ауданындағы «Балашова» ЖК  ақпан айында сүт өнімдерін өңдейтін цех ашуды көздеп отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған Үкімет бағдарламасын орындау мақсатында облысқа 2017 жылға 1474,0 млн. теңге бюджеттік несие бөлу көзделуде.

    Жиын соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале