13.03.2017, 18:42
Оқылды: 91

БҚО-да киікті заңсыз аулау бес есеге өскен

Kyik myizi  Батыс Қазақстан облысында киіктерді заңсыз аулау мен олардың дериваттарын алу бойынша құқықбұзушылық 2016 жылы (19 дерек) 2014 жылмен (4 дерек) салыстырғанда бес есеге өскен. Бұл туралы бүгін Орал табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Тәжіғалиев мәлім етті.


   Оның айтуынша, сол мезгілде киіктің ұшасын алу 4 есеге (35-тен 151-ге дейін), мүйізін алу 7 есеге (70-тен 530-ға дейін) көбейіп кетіп отыр. Тек биылғы екі айдың өзінде 40 киіктің ұшасы мен 176 мүйізі алынғаны анықталды. Соңғы жылда 248 киік ұшасы, 1117 мүйізі алынған. Сонша мүйізді алу үшін 558 киік атылуы қажет болса, қалған 337 ұшаның қайда кеткені белгісіз. Киік мекендемейтін Орал қаласы мен Зеленов ауданының өзінде 2015-2016 жылдары 551 мүйіз тәркіленген. Бұл браконьерлердің киікті атып алып, облыстың бес ауданы арқылы мүйізді еш кедергісіз Оралға дейін тасымалдағандығын көрсетеді.

  Мысалы, 2015 жылы 31 шілдеде Орал қаласына қарасты Желаев кентінде Алматы облысының тұрғыны А.Жантөреев ұсталып, оның автокөлігінен 149 дана киіктің мүйізі табылды. Ол кейін сотталды. Сол секілді өткен жылы 14 қазанда «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі қызметкерлері Бөкей ордасы ауданында аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Д.Әшімовті қолға түсіргенде, оның автокөлігінен киіктің 14 мүйізі мен 9 ұшасы шықты. Оған қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлерінің де таза еместігін көрсетеді. А.Жантөреевке қатысты қылмыстық істі тексерген кезде тергеуші Д.Мұқановтың да қылмысы әшкереленді. Ол А.Жантөреевтің автокөлігін қарау  кезінде хаттамаға 149-дың орнына 49 киік мүйізі табылғандығы жөніндегі деректі бұрмалап көрсеткен. Сол үшін Д.Мұқановтың сот үкімімен 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, полиция майоры шенінен айырылды.

  Қазіргі уақытта облыс прокуратурасының бастамасымен «Киік қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Прокуратура ұсынысына сәйкес «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Орал филиалына өтімділігі жоғары 5 көлік құралы, 8 қаршана берілді. Күні бүгін Жаңақала, Ақжайық, Қазталов және Бөкей ордасы аудандарында 52 инспектор, 22 автокөлік, 3 КУНГ жүк көлігі, 9 қаршана, 1 тікұшақ киік қорғауға жұмылдырылған. Еске сала кетейік, облыс аумағында 70 мыңнан астам киік бар деп есептелінеді, бұл - республикадағы барлық киік санының 70 пайызы.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале