5.05.2017, 18:21
Оқылды: 60

Облыс әкімі Сырым елінде болды

Сырым сапар

  Облыс әкімі Алтай Көлгінов Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округінде "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша тартылып жатқан таза ауыз су құбырының құрылысы барысымен танысты. "Тасқала Транс Газ" ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 187 миллионнан астам қаржы бөлінген. Нысан толықтай аяқталған күнде 1200 адам, 250-дей аула таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жаңартылған 18 шақырым құбырдың тәуліктік су тұтынуы 139 текше метр болса, жылдық тұтыну 50,74 текше метрді құрамақ.


  Түс ауа облыс әкімінің жұмыс сапары Сырым елінде жалғасын тапты. Облыс әкімі аудандағы елді мекендерді газдандыру жұмыстарымен танысты. Ағымдағы жылдың жаз айларында Сырым ауданының Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Жаңаөңір, Құспанкөл, Сасықкөл ауылдарына көгілдір отын тартылмақ.

  Бұл елді мекендерді газдандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 240,300 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы жылдың қазан айында газдандыру жұмысын толық аяқтау жоспарланған. Ұзындығы 103 шақырымды құрайтын құбыр тарту жұмысы іске қосылғанда, аталған елді мекендердегі 1800-ден астам тұрғын көгілдір отынның қызығын көрмек.

   Сырым елінде болған облыс әкімі сонымен қатар Аралтөбе, Қоңыр, Тамды ауылдарына тартылып жатқан ауыз су құбырлары жұмысын, Жымпиты ауылындағы екі көшеге тас жол төсеу жұмыстарын аралап көрді.

  Сондай-ақ өңір басшысы Жосалы ауылындағы "Талап" шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале