14.07.2017, 17:01
Оқылды: 19

Оралдағы 281 ойын алаңы жөнделеді

Бұл жөнінде Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетов хабарлады.


Оның мәліметінше, тендер рәсіміне қатысқан «КазПроектСервис ЛТД» ЖШС қалалық бюджеттен бөлінген 15 млн. теңгеге ойын алаңдарында орнатылған спорттық құрал-жабдықтарды ағымдағы жөндеуден өткізеді. Қазіргі уақытта «Юбиляр» шағынауданындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан көпқабатты үйдің ауласындағы белтемір, өрмелеу жабдықтары сырмен боялуда. Бөлім басшысына ойын алаңының күтімсіз қалғаны жөнінде тұрғындар шағымданып үлгерді. Азамат Мадиярұлы оларға аула аумағындағы қажетсіз темір кесінділері кесіліп, бұзылған әткеншектің, басқа да ойын құралдарының бөлшектері ауыстырылатынын айтты. Сондай-ақ тазалық жұмысы ПИК пен тұрғындардың мәселесі екенін  түсіндірді.

– Күніне төрт-бес ойын алаңындағы жабдықтарға жөндеу жүргізілуде. Сынған орындықтардың тақтайы жаңаланып, сырғанақтардың қаңылтыры түзеледі. Темір құралдардың үзілген бөлшектері дәнекерленеді. Серіктестік жұмысына 10-нан астам қызметкер тартылған. Құжатта жөндеу мерзімі 4 айға белгіленсе де, 2 айдың ішінде аяқтауды жоспарлаудамыз. Дегенмен кейбір аулалардағы ойын құралдарының сапасы өте нашар. Бұл жайында жұмыс жобасында нақты көрсетілмеген, – деді серіктестіктің атқарушы директоры Нұрлан Боранқұлов.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале