20.07.2017, 10:47
Оқылды: 282

Құлдық санадан қалай құтыламыз?

JAnabek   Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты сүбелі мақаласы тамырында алаш қаны ойнап, жүрегі ұлтым деп соққан қазақ руханиятын дүр сілкіндірді. Олай дейтін себебіміз бұл – ұлтымыздың есті қауымы көптен күткен іргелі бастама.

    Өйткені кең байтақ Қазақстанда мемлекет құрушы һәм құраушы ұлт қазақ халқының ата тарихына, ана тіліне, бай мәдениетіне еліміздегі өзге де ұлттар мен ұлыстар тарапынан құрмет артпай тәуелсіз мемлекетіміздің рухани-идеологиялық негіздері берік қалыптаспайтындығына ұлтжанды сарапшылар жиі назар аударатын. Әрине, Президент атап өткендей, «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес.

    Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды істер атқарылды». Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат.


     Басқасын айтпағанда, 2004 және 2013 жылдары қабылданған «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының өзі  неге тұрады?! 2014 жылы ел  тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай салтанатты жиында жасаған баяндамасында Елбасының: «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық» деп айтқан жан тебірентерлік сөздері әр қазақтың жан-жүрегін елжіретті.

    Елбасы мақаласының негізгі алтын арқауы «ұлттық санаға» құрылған. Президент былай дейді: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық теңестіру мүмкін емес». Иә, санамызға ұя салып, әбден сіңіп кеткен рухани «дертті» бірден сылып, алып тастау оңай емес екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әңгіменің ашығына көшсек, Отан тарихы ғылымында «ұлттық сана» ұғымына антипод мағынада қолданылатын «құлдық сана» деген түсінік бар. Жасыратын несі бар, біз бірнеше ғасыр өзгенің бұғауында болған халықпыз. Бодауда болған халықтардың ұлттық тарихи санасы қалай көмескіленетіндігін италиян ойшылы Никколо Макиавеллиден асырып айту қиын: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық туған еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштіктен, ұлтжандылықтан бірте-бірте айырылып, жағымпаздық, жарамсақтық, жалтақтық сияқты құлға тән мінездерді санасына сіңіргенін өзі де сезбей қалады». Философтың пайымдауынша, ұлт мұндай дерттен кемінде бір-екі ұрпақ ауысқаннан  кейін ғана сауыға бастайды дейді.

    Тарих ғылымында бір ұрпақтың өмір сүру мерзімі 25 жыл, 2 ұрпақтікі 50 жыл деп есептеледі. Демек, қазақтың «Елу жылда – ел жаңа» деген қанатты сөзі кездейсоқ емес. Оның үстіне еліміздегі мемлекет құраушы ұлт — қазақ халқының  саны тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылы өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небәрі 40%-ды (шамамен 7 млн. қазақ) құраса, қазіргі ел билігінің сарабдал саясатының арқасында бүгінде шамамен 70%-ға (шамамен 11,5 млн. қазақ) жетіп отыр. Осы ретте француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюссидің «Қай кезде де мемлекеттік биліктің негізгі өлшемін мемлекет құраушы ұлттың өсіп не кемуінен байқауға болады» деген қанатты сөзін еске түсірген жөн. Мұндағы айтпағымыз не? Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қай елде болмасын  мемлекет құраушы ұлттың басымдыққа ие болуы ұлттың тарихи санасына деген сұраныстың арта түсетіндігімен және ел билігіне мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің элитасы келетіндігімен ерекшеленеді. Бұдан мемлекет құраушы ұлт элитасының туған халқының алдында аса зор жауапкершілігі бар екені анықтала түседі. Бейнелеп айтсақ, тәуелсіздікке жетіп, азаттыққа бойын үйрете бастаған халық өзінің құлдық дәуірде жоғалта бастаған ұлттық рухын жанталаса іздей бастайды. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі тарихи тақырыптарға деген толассыз ынтаықылас бұл сөзімізге дәлел. Мәселен, «Шыңғысханның тегі кім?», «Шыңғысханның моласы қайда?», «Керей мен Жәнібек хандар қайда жерленген?», «Хан Кененің ғазиз басы қайда?», «Әбілқайыр ханның атышулы хатын қалай оқып жүрміз?» деп жалғаса береді.

    Алысқа бармай-ақ өз өңірімізден сөзімізге тұздық ретінде бір-екі дәйек. Отаршыл билік ұлттық санамызды құлдық санаға дейін қаншалықты құлдилатса да, табиғатынан рухы мықты халық өз асылдарын тарих тұңғиығынан шығарып алып отырды. Мысалы, біздің өңірде  Құныскерей мен банды Аманғалиды «еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін» біледі. Оларды халық не үшін қадірлейді? Шын мәнінде, олар әділетті белден басқан өктем отаршыл жүйе халықты қанқақсатқан кезде одан еш қорықпастан суырылып алға шыққан жүрегінің түгі бар нағыз сайыпқырандар еді. Керісінше талай ел басқарған, бірақ халықтың көңілінен шықпаған билікшілер халықтың тарихи зердесінен шығып қалған. Қысқасы, қашан да халықтың тарихи жады мықты. Жақсыларын тарихтың тасасында қалдырғысы жоқ.

     Мемлекет басшысы мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», — дейді. Мәселен, біздің туған өлкеміз Кіші жүз тарихының өзіндік ерекшелігі бар. Ол жас ұрпақты патриотизмге бастайды. Әр дәуірімізден, әр тұлғамыздан өрлік, ерлік, батырлық һәм жауынгерлік дәстүрдің иісі аңқып тұр.

    Біз мұны бұған дейін де айтып жүрміз. Алаш баласы «Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» дегенді бекер айтпаған. Мысалы, биыл атап өткелі отырған Сырым Датұлының 275 жылдығы, Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығы, Күнбатыс Алаш орданың 100 жылдығы осы сөзімізге дәлел.

    Мәселен, «Бектен туған алшынды, Біз үшін қанға малшынды, Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза, қамшыңды» (Майқы би), «Найзасының ұшы алтын, бірі етек, бірі жең» (Бұқар жырау), «Алшын ата баласы – Сұлтансиық, Бақсиық, Хан қызы екен анасы, Қаннан кеуіп көрген жоқ, Найзасының сағасы, 12 ата Байұлы, 7 аталы Жетіру, Әлім менен Шөмекей, Халқымның еді жағасы»  (Сүйінбай Аронұлы), «Кіші жүз – батырлар ұрпағы» (Ш. Уәлиханов), «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше, қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды» (Әбілқайыр хан), «Кіші жүздің Ресейге қосылғаннан кейінгі 150 жылдық тарихы қанмен жазылған тарих» (Х. Досмұхамедов) деп соза беруге болады.

     Осы ретте өз мақаласында Елбасы мына нәрсеге аса сақ болуды ескертті. Президент: «Сонымен бірге жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің  тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені  — өзіңнің  біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», — деді. Иә, әуелі патша өкіметі, кейін кеңес өкіметі дәстүрлі һәм көшпелі қазақ қоғамына тән ру-руға бөлінуді өз мүддесіне шебер пайдаланып, қазақты ауыл-болыс-уезд-губернияға, кейін кеңестер осы негізде бөлімше-кеңшар-аудан-облысқа бөліп тастады. Кекілбаевша айтсақ, қазақ екеуінің тұсында да бір-біріне көз алартудан әрі аса алмады. Отаршыл биліктен қалған «бөліп ал да, билей бер» саясаты сұлтан мен сұлтанды, би мен биді, батыр мен батырды бір-біріне айдап салып «сексеуілше соқты». Сайып келгенде, мұның бәрі жершілдікпен қоса қазақтың өз ішіндегі алауыздыққа, тарқатып айтсақ, іштарлыққа, күншілдікке жол ашты. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме.

    Жаһандану заманында ұлт ретінде жұтылып кетпеудің ең негізгі жолы – ұлттық кодымызды,  ұлттық мәдениетімізді, тұжырып айтсақ, ұлттық иммунитетімізді күшейту екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Көбінесе мәдениеті төмен жұрт ақкөңіл, анайы, аңқау келеді. Сондықтан да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп жем болады. Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады», — десе, Елбасы Н. Ә. Назарбаев өз мақаласын: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы.

        Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», — деп өз ойын түйіндейді.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, 

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті

тарих ғылымдарының кандидаты

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале