11.08.2015, 21:13
Оқылды: 31

55 адам жұмысқа орналасты

IMG_3747Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде аудан бойынша 37 мекеме, кәсіпорын әртүрлі мамандықтар бойынша 125 орынға сұраныс жасады.

Шараны ашқан аудан әкімі Л.Хайретдинов жұмыссыздықты азайтудың мүмкін болған барлық жағдайы жасалатынын айтып, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі.

Мұнан кейін келушілер мекемелерден түскен сұраныстармен танысып, өз мамандықтарына сәйкес қызметтерге түйіндемелерін тапсырды.

Бұл жолы ұсынылған жұмыс орнының көптігіне орай жұмыс іздеушілер қарасы да мол болды. Соған орай кейбір жұмыс беруші өкілінің алдында кезек күту де болып, жәрмеңке жұмысының уақыты ұзарды. Бір орынға бірнеше түйіндеме тапсырғандықтан конкурсқа жіберілгендер де аз болмады.

Жәрмеңке қорытындысында бос орындар жәрмеңкесіне 160 жұмыс іздеуші қатысқаны белгілі болды. Олардың ішінен 55 адам тұрақты жұмысқа қабылданып, 82 адам конкурсқа жіберілді. Ал 12 орынға түйіндеме тапсырушы болған жоқ.

Соның ішінде малшы, механизатор іздеген төрт шаруа қожалығы құр қайтты. Демек, бұл жерлестеріміздің жұмыссыз жүрсе де, қара жұмысқа  құлықсыздығын да аңғартқандай.

Айта кетейік, Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жыл басынан бергі жеті ай ішінде жаңадан 304 жұмыс орнының ашылуына ұйтқы болып, 176 адамды тұрақты жұмысқа орналастырды. Ақылы қоғамдық  жұмысқа 333 адамды, әлеуметтік жұмыс орнына 85 адамды жіберіп, кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламасы бойынша 13 адамды оқуға жолдады. 21 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтыды.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале