7.01.2018, 16:50
Оқылды: 23

56 шәкірт республикалық кезеңге өтті

received_788284914702928Орал қаласында қаңтардың 5-6 күндері жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында олимпиаданың жабылу салтанаты болып, онда жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.
Олимпиаданың облыстық кезеңі 13 пән бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өтті. Мектепішілік, аудандық және қалалық кезеңдерден облыстық деңгейге іріктелген 420 шәкірттің 414-і бірінші турға қатысты. Оның қорытындысы бойынша, 315 ұл-қыз жақсы көрсеткішке жетіп, екінші турға жіберілді. Жалпы облыс бойынша 158 оқушы 1, 2, 3- орындарды иеленіп, облыстық білім басқармасының дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ жалпы командалық есеп бойынша жақсы қатысқаны үшін Зеленов, Бөрлі аудандарының, 3-орын алған облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Білім-инновация" мектеп-лицей-интернаты, 2-орынға шыққан Орал қаласының, 1-орынды иеленген дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені командаларына да марапат табысталды.

received_788284814702938-Осы жүлдегер атанған балалар әр пән бойынша алған балдарына, қойылатын талаптарға сәйкес бір-екеуден іріктеліп, жаратылыстану-математика бағыты бойынша 32, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 23, республикалық олимпиадалық резерв мектебіне қатысып жүрген бір оқушыны қосқанда жалпы 56 шәкірт республикалық кезеңге жолдама алды. Бірақ соңғы шешімді республикалық ұйымдастыру комитеті шығарады, - деді республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің әділқазылар алқасының төрағасы Өтебай Құспанов.
2017 жылы да олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша, республикалық кезеңге 56 оқушы қатысқан. Биылғы облыстық кезеңге қатысушылардың саны өткен жылғыға қарағанда көп. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша облыстық кезең биылғы наурыз айында Атырауда, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық 4-кезең Қостанайда өтеді. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, өткен жылғы республикалық кезеңге қатысқан оқушылардың 20-сы жүлдегер болып қайтқан, биыл одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге үміт бар. Әділқазы алқасының мүшелерінің айтуынша, олимпиадашылардың дайындығы көңілден шығады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
"Орал өңірі"

Суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбет

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале