22.08.2017, 20:10
Оқылды: 21

«6 айда 260 заң бұзушылық анықталды...»

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен кезекті баспасөз мәслихатында БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуев осылай деді.


Бұған БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуев қатысып, аталған мекеменің ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарған жұмысы жөнінде баяндады.  Оның сөзінше, биыл алты ай ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы бойынша 180 кәсіпорын мен ұйымдарды  тексерді. Соның 16-сы ішінара және 12-сі бару жолымен болған тексерістер, ал 152 тексеру жоспардан тыс ұйымдастырылды.

- Жүргізілген тексерулердің барысында 260 заң бұзушылық анықталды. Осы заң бұзушылықтарды жою туралы 112 нұсқама берілді. Заң бұзушылықтарға жол бергендері үшін 11 тұлға ескерту түрінде әкімшілік жауапқа тартылып, 43 тұлғаға 7,238 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Нақтырақ айтсақ, көрсетілген мерзім ішінде еңбек қатынастары бойынша 201 заң бұзушылық орын алған. Мұндағы заң бұзушылықтардың көбі жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерге жалақыны уақтылы және толық мөлшерде төлемеудің кесірінен, сондай-ақ, еңбек шартының жасалмауынан немесе оның дұрыс орындалмауынан болып отыр. Еңбек қатынастары бойынша заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 78 нұсқама берілді. 35 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 6,829 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 86 кәсіпорында 709 қызметкерге барлығы 152,585 млн. теңге көлемінде жалақы берешектері өтелді. Ал еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша 42 заң бұзушылық болды. Бұған өндіріспен байланысты жазатайым оқиғалардың уақтылы тергеп-тексерілмеуі немесе оларды жасыру жағдаяты,  қызметкерлерді оқыту және инструктаж өткізу жұмысының нашарлығы және қызметке жарамдылық бойынша міндетті медициналық тексерістің жөнді ұйымдастырылмауы себепші болған.

Биыл 6 ай ішінде 24 жазатайым оқиға орын алып, 2016 жылдың (33 оқиға) осы кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға төмендеді. Жазатайым оқиғалардан 32 адам зардап шеккен, яғни, былтырғы жылдың осы кезеңімен (40 адам) салыстырғанда 20 пайызға  аз, соның ішінде 2 адам қаза тапқан. Осы бағыттағы заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 17 нұсқама берілді, 2 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 0,272 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту бойынша 17 заң бұзушылық анықталып, осы заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 17 нұсқама берілді. Жауапты 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 0,136 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды, - деді Азамат Айтуев өз сөзінде.

Оның сөзінше, жұмысшылар арасындағы өндірістік жарақат алу жағдаяты жыл өткен сайын  азайып келеді.  Мысалы, аталған кезеңде 2014 жылы - 37, 2015 жылы – 27 және 2016 жылы – 33 оқиға тіркелсе, биыл үстіміздегі жылдың алты айында – 24 өндірістік жарақат орын алған. Сәйкесінше жарақаттанушылар саны да азайған. 2014 жылы – 38, 2015 жылы - 32,  2016 жылы - 40, биыл -32 адам жарақат алған. Өндірістік жарақат нәтижесінде қайтыс болған адамдар саны да соңғы жылдары едәуір кеміді. 2014 жылы – 3, 2015 жылы – 5, 2016 жылы – 3 және 2017жылы - 2 адам қаза тапқан.

Бүгінгі таңда 37 ірі бизнес нысандарында және 92 орта деңгейдегі кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау  бойынша ұлттық және халықаралық стандарттар енгізілген.  102 кәсіпорында OНSAS, сондай-ақ,   МОТ және СУОТ стандартары енгізілген. Өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында биыл еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселесі бойынша 1300-ден астам кәсіпорын жетекшілері мен мамандарының білімдері тексерілді. Бұдан басқа бес жылда бір рет еңбек жағдайы бойынша өндірістік нысандарда аттестация өткізіледі. 2015 - 2017 жылдар аралығында облыс бойынша 79 өндірістік кәсіпорын еңбек жағдайы бойынша аттестациядан өткен. Биылғы жылдың алты айында 25 өндірістік нысан осындай аттестациядан өткен.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале