31.08.2015, 19:34
Оқылды: 27

Ата заң – адам құқықтарының кепілі

JAnibek ata zan adam kykiktarinin negizi    Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде ҚР Конституциясының 20 жылдығына  орай «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының мүшелері мен орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ата заң – адам құқықтарының кепілі» атты дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстел Әнұранмен басталып, одан әрмен аудан әкімінің орынбасары Біржан Қуанәлиев құттықтау сөзінде: «Құрметті жиынға қатысушылар! Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Баршаңызды осы ұлы мерекемен аудан әкімдігі атынан шын жүректен құттықтаймын! Ата Заң – демократиялық дамудың негізі, жарқын келешек кепілі. Биыл, міне, Конституциямызға 20 жыл толып отыр. Әрбір қазақстандық жас ұрпақ басты құжатымызды білуге, құрметтеуге тиісті. Тәуелсіз Қазақстанымыз, Ұлы Отанымыз қарыштап дами берсін», - деген ізгі тілегін арнады.

Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Мертен Кенжеғалиев, аудандық соттың судьясы Нұрмұханбет Жұмәлі Ата заң хақында баяндамалар оқыды. Содан соң жас әнші Данабек Үмбетәлиев Қайрат Жүнісовтың «Егемен Қазақстан» әнін орындаса, аудандық балалар кітапханасының белсенді оқырмандары Айнамкөз Неғматуллина Т.Молдағалиевтың «Заңым менің», Гүлбар Қалихан Сая Бақытованың «Ата заңым – алтын заңым», Бекзат Ситешев Айбатыр Сейтақтың «Ата заң – азаттықтың  ар-намысы» атты жыр шумақтарын мәнерлеп оқыды. Шараның сәнін келтірген ауданымызға белгілі әнші, сазгер Уахит Сариев биылғы жылы «Ақ Жайық ақиқаты» газетінде жарық көрген Нұрмұханбет Бекетайұлының «Ардақталған Ата заң» атты өлеңіне ән жазып, туындыны баян аспабының сүйемелдеуімен тамылжыта шырқады. Сонымен қатар басқосуға жиналған ардагерлер кеңесінің мүшелері Ата Заң туралы келелі де тұшымды пікірлер айтты. Өзара әңгіме ауқымы Елбасымыздың саясатының жүзеге асырылуы, мемлекетіміздің экономикасын көтеруде атқарылып жатырған игі істер жөніндегі ой алмасуға да ұласып отырды.

Кеш соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев белсенділік танытқан қатысушыларға ардагерлер ұйымының атынан шағын сыйлықтар табыс етті. Мерекелік жиын Райымбек Каримовтың орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен мәресіне жетті.

 www.zhaikpress.kz

Арайлым КЕСЕКОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале