23.05.2018, 17:10
Оқылды: 101

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы: Орал қаласы бойынша 15 млн.теңгеге дейін несие беріледі

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ауқымында Орал қаласы бойынша 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл жайында Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050»  БҚО коалициясы отырысында ҚР Ұлттық облыстық банкінің филиалы директорының орынбасары Сергей Родин хабарлады.

Басқосуды «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жайы талқыланған облыстық коалиция отырысына саяси партиялардың облыстық филиалдарының және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және басқарма өкілдері қатысты.

– Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялаған болатын. Онда еліміздің әр отбасының баспана алуға мүкіндік беру, жоғары білім алудың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін салық жүктемесін азайту, шағын несие беру көлемін арттыру және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды. Жаңа міндеттер мемлекеттік органдар мен жалпы азаматтық қоғамдастықтың үйлесімді, тиімді жұмысын талап етеді, – деген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, коалиция төрағасы Серік Сүлеймен кейін ҚР Ұлттық облыстық банкінің филиалы директорының орынбасары Сергей Родинге сөз берді.

– «7-20-25» бағдарламасының жобасы әзірленуде. Оған «Ислам» банкінен  басқа еліміздегі екіншік деңгейлі барлық банк қатысады. Шілде айында бағдарлама іске қосылғаннан кейін жұртшылыққа үй алу үшін несие беріле бастайды. «Баспана» ипотекалық компаниясы нарыққа құнды қағаздарды шығарады. Бағдарлама аясында 25 жылға 7 пайыздық жылдық мөлшерлемен несие беріледі. Банктер бұған ешқандай артық төлем қоса алмайды. Бастапқы жарна – баспана құнының 20 пайызы. Егер займ құны 7 миллион теңге болса, айлық төлем 50 мың теңгені құрайды. Құны 15 миллион теңге болатын баспана үшін айына 106 мың теңге аударып отыруы тиіс. Баспанаға несие рәсімдегенде тұрғынның табысы есепке алынады. Әзірше бағдарлама бойынша жаңа үйлерді ғана алуға болады. Кейін екінші кезектегі баспананы несиеге беру жайы қарастырылады, – деді Сергей Родин. Жиында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов бағдарлама ауқымында мүегедектердің де жағдайын ескеру қажеттігін айтты.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале