21.09.2015, 10:03
Оқылды: 50

71 жылдан соң...

Zelenov 71 jildan son01    «Ешкім де, ешнәрсе де  ұмытылмайды», араға 71 жыл салып, Белестік 72 жастағы Рахимолла Рахметоллин әкесі Рахметолла Мұхамбетқалиевтің сүйегі жерленген орынды ғаламтор арқылы екінші дү­ниежүзілік соғысында қаза тапқан сар­баздар жөніндегі мәліметтер жазылған ресейлік http://www.obd-memorial.ru/html/index.html сайтынан тапты.

Тегінің қате жазылуы ұзақ жыл бойы әкесін іздеп табуға кедергі болған. Жұбайы Зылиха мен кенже баласы  Рүстемді ертіп, әке қабірінің басына туған жердің топырағын апарып, құран бағыштап қайтты.

Рахметолла Мұхамбетқалиев соғысқа дейін Орал облысы Жаңақала ауданы бұрынғы Еңбек колхозында алғашында тракторист, кейін егін бригадирі болып қызмет атқарған. Бригадирлікке тағайындалғандықтан оны брон жұмысына алып қалыпты. 1942 жылы шақырту келіп, соғысқа аттанған.

-Анамның айтқанынан бір хатында, Украинаның Житомир деген қаласында, өкшесіне минаның сынығы тиіп, жарақаттанып, госпитальде 4 ай жатқанын айтып, мүмкін үйге де қайтаратын болар депті, бірақ немістердің шегініп бара жатырған кезеңі, қолына қару ұстай алатындардың барлығын ұрыс даласына жіберген. Әкемде бірге кеткен, 3-ші Украина майданының 40-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болып, 1944 жылы 16 сәуірде қаза болған. Өзім тек соңғы хатын көрдім.

«Біз бір үлкен судың қасында тұрмыз, енді елге оралам ба, оралмаймын ба бір Алла біледі ғой. Үлкен соғыс болатын сияқты», - деген екен. Өмірінің соңына таяп қалғанын сезген шығар.

Содан бері 71 жыл уақыт өтті. Қан майданда көз жұмған жауынгер әкесінің қайда жерленгенінен ақпарат тапқан Рахимолла аға Молдова Республикасына барып қайтты.  Рахметолла Мұхамбетқалиев Молдова Республикасы, Штефан-Водэ ауданы, Чобручи ауылының оңтүстігіндегі Днестр өзенінің оң жақ жағалауындағы  бауырластар қабіріне қойылыпты.

www.zhaikpress.kz

Динара НАСЫРОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале