30.08.2015, 19:18
Оқылды: 1607

73-гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Оралға жеткізілді

Stalingrad tu    Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орай «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз» әскери-патриоттық эстафетасы аясында 73-гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Волгоградтан Оралға жеткізілді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін қастерлеуді мақсат тұтқан аталмыш шараны «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Кеше осы оқиғаға орай 5517-әскери бөлім клубында салтанатты шара өткізілді.

«Батыс» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, полковник Асхат Омаровтың атап өткеніндей, Жеңіс туын қабылдап алу - зор мәртебе. Туды әскерде азаматтық борышын өтеген әр жауынгер қастерлеп, оның жанында суретке түскенді абырой көреді. Ал соғыс кезінде туды сақтау үшін сарбаздар жанын да қияды.

«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі президиумы төрағасының орынбасары, генерал-майор Руслан Тынбаевтың айтуынша, 73-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан жастарынан құралды. Оның 70 пайызы қазақтар еді. Даңқты жолдан өткен гвардиялық дивизиядан 36 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанса, соның 12-сі қазақтар болатын. «Тудың көшірмесі бұдан кейін Алматы қаласына жеткізіледі. Содан кейін Қазақстан Орталық музейіне қойылар деп ойлаймыз», деді Р.Тынбаев.

Айта кетейік, аталмыш тудың түпнұсқасы Ресей Қарулы күштері Орталық музейінде сақтаулы.

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале