26.09.2016, 16:50
Оқылды: 21

80 жыл бойы жеке басын анықтайтын құжатсыз өмір сүрген

passport   Бөкей ордасы ауданындағы Талап ауылдық кеңесінде туып-өскен, кейін, яғни 1952 жылы Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылына келіп қоныстанған С…. (әйел адам) 80 жыл бойы жеке басын анықтайтын құжатсыз өмір сүрген. Ол облыс және аудан әкімдіктеріне, әділет басқармасының бөлімдеріне жүгінгенде, өзіне қатысты туу туралы жазба жоқ екендігі жайында жауап алған. Ақыры оның қызы Ақжайық ауданының прокуратурасына анасының жеке басын анықтайтын құжат алуға және зейнетақы рәсімдеуге көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген болатын.


Аудан прокуратурасының қызметкерлері осыған байланысты бірқатар жұмыс атқарды. 1930 жылдан бастап мұрағаттық құжаттар зерделеніп, С.-ның болжамды жасын анықтау үшін медициналық клиникалық тексеру жүргізіліп, аудандағы Алғабас ауылдық округі ақсақалдарының қатысуымен жиналыс өткізіліп, онда қажетті куәлардың жауаптары жазылып, С.-ның туу туралы дерегі бойынша тағы да басқа іс-шаралар өткізілді.

- Аудан прокуратурасы Ақжайық аудандық сотына С.-ның туу туралы заңдық маңызы бар дерегін анықтау үшін талап арыз берді. Өткен 20 қыркүйекте аудан прокурорының талабы қанағаттандырылды, атап айтқанда С. 1936 жылғы 16 наурызда дүниеге келгені туралы заңдық дерегі анықталды. Ақжайық аудандық сотының шешімі күшіне енгеннен кейін ол туу туралы куәлігін, жеке куәлігін ала алады және жасына байланысты зейнетақы рәсімдей алады,- деді Ақжайық аудандық прокуратурасының прокуроры Анастасия Семилиди.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале