8.12.2017, 17:59
Оқылды: 59

80 миллионға спортзал салдырған азамат

Бөрлі ауданының орта­лы­ғындағы «АқсайСтрой­Сервис и К» ЖШС-ның директоры Орынбасар Кушев – айналасына жанашыр азамат. Бұл азаматтың Наурыз мейрамы, Же­ңіс күні, Құрбан айт сықыл­ды ме­рекелерде, сондай-ақ «Мектеп­ке жол» акциясы мен қайырым­дылық айлығы кезінде халық­тың әлеуметтік қолдау-көмекті қа­жет­сінетін бөлігіне қолұшын беріп, демеушілік танытып жүргендігін ел-жұрттан жиі естіп, әрі өзіміз де көріп-біліп жүрміз.

Осыдан 26 жыл бұрын Ұлы мәртебелі Тәуел­сіздікке ие болған қазақ елінің ұландары еңселі, тұлғалы һәм рухы асқақ болып ержетуі тиіс. Осы орайда спорттың алар орны ерек­ше. Міне, бұл бағытта да Орынба­сар Сағынбасұлы - таудай іс тын­дырып жүрген тұлға. Мәселен, ол 2014 жылы Ақсай қаласында өзінің 80 миллион теңге жеке қаржысына грек-рим күресімен шұғылданатын балғын білек ба­луандар үшін төбесіне қарасаң, бөркің жерге түсетін еңселі спорт­ зал салып берді. Осы нысан іcке қосылғаннан кейін бір жыл бойы қос бапкердің жалақысын өзі төледі. Мұны азсынсаңыз, бап­керлерді баспанамен қамтамасыз еткендігін және қосыңыз. Бүгін­дері аудандық балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінің құзырындағы үшбу спортзалда жүз­ге жуық жас өрен 48 елдің меда­лін алған қазақтың мәңгілік түйе палуаны Қажымұқандай бабала­ры айналысқан және Шәміл Сері­ков, Жақсылық Үшкемпіров сын­ды аталары олимпиада чемпионы болған күрес түрімен айналысып, небір дүбірлі додаларда жеңім­паз да атанып, жүлделерге де қол жеткізіп жүр.

Орынбасар бауырымыз 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыста бүгінгі ашық аспан, жаймашуақ заман, бақытты ұрпақ үшін от кешіп, қан төгіп, елге Жеңіс туын желбіретіп оралған майдангер­дің ұлы. Сол себепті ол Бөрлі аудандық әкімдігінің қолдауымен Ұлы жеңіс күніне орай әкесі, соғыс және еңбек ардагері Са­ғынбас Кушевты еске алуға ар­налған грек-рим күресінен ау­дандық ашық турнир өткізіп ке­леді. Келер жылдан бастап осы сайыс құзырлы спорт мекемеле­рінің күнтізбелік жоспарына еніп, енді үшбу жарыстың жеңім­паздарына «Спорт шеберлігіне үміт­кер» дәрежесі беріледі. Сағын­бастың Орынбасарының өзі мек­теп оқушысы кезінен грек-рим күресімен айналысып, кейін Орынбор құрылыс техникумы­ның сту­денті болып жүргенде де күрес­тен қол үзбей біраз бүкіл­одақ­тық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанып, балуандық жо­лын КСРО спорт шеберлігіне үміткер дең­гейінде доғарған марқасқа. Орекең әс­керден кейін өзінің туған ауылында еңбек жолын бас­тап, бертін келе Қазақстандағы бірқатар құрылыс мекемелерін­ де прораб, құрылыс басшысы қызметтерін атқарып, еңбек май­данына қызу араласып, өмір кө­ріп, шыңдалды. Содан 2007 жылы Бөрлі ауданында өз кәсібін бас­тап көрген. Шүкір, шаруасы өр­ге жүзіп, бүгінде жүзге жуық кі­сіні тұрақты жұмыспен қамтып отырған «АқсайСтройСервис и К» ЖШС-ның директоры.

«Туған жер ешнәрсе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып се­нен ұштық» деп академик-жазу­шы Сәбит Мұқанов айтқандай, кіндік қаны 1971 жылы Шыңғыр­лау ауданындағы Ащысай ауыл­дық округіне қарасты Жіңішке ауылында тамған Орынбасар Ку­шев туған ауыл-аймағына да қа­райласып тұрады. Өзіне әлемнің жарығын сыйлаған аяулы ана­сы­ның атында «Хадиша» шаруа қожалығын ашып, ол жақта төрт кісіні жұмыспен жарылқап отыр. Сонымен қатар Орекең туған ауыл-аймағының рухани түлеуіне негіз болар Ащысайда жасақталып жатқан музейге де демеу­шілік танытуда. Осыдан бірер апта бұрын Орынбасар Кушев өзі салдырған спортзалда жаттыға­тын 20 жасөспірім балуанның ата-анасын келер жылға «Орал өңірі» газетіне өз қаржысынан жаздырды. Бұл да жергілікті жұрт­тың рухани жаңғыруына сеп бо­лар ізгі іс екендігі сөзсіз.

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН,

Бөрлі ауданы

Суреттерді түсірген Жәдігер ШҮГІРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале