18.07.2019, 17:01
Оқылды: 232

БҚО әкімі сала басшыларына бюджет қаражатын тиімді жұмсау бағытында нақты тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің даму көрсеткіштерін одан әрі арттыру бойынша Үкіметке, өңір басшыларына нақты тапсырмалар берді. Соған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс активінде алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, өңірдің даму қарқынын жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылады. Басқосуға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов қатысты.

IMG_8433

-Халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін бағыттар бойынша Президентіміздің алға қойған тапсырмаларын бірлесіп орындауымыз қажет, - деп сөзін бастаған облыс әкімі алдымен индустрияландыру мәселесіне назар аудартты. 2015 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде облыста жалпы құны 91,3 млрд. теңгенің 32 жобасы іске қосылып, 1500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылған. Бірақ сол нысанның екеуі –«Каризма» жиһаз цехы мен «Crown Батыс» мал бордақылау алаңы жұмыс істемейді. «Crown Батыс» нысаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген және ол жобаны инвестор қолға алмақшы. Жалпы биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі саласымен 90 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 11,2%-ға артық. Облыс басшысы екінші жартыжылдықта осы қарқынды сақтай отырып, өндіріс көлемін былтырғы 200 млрд. теңгеден 210 млрд. теңгеге дейін өсіру жоспарланғанын қаперледі.

Биыл да индустрияландыру картасы шеңберінде құны 4,5 млрд. теңгенің үш нысанын іске қосу (200 жұмыс орнын құрумен) және қосымша 130 жұмыс орнының ашылуымен жалпы құны 1 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын бес нысанды «жандандыру» жоспарланған.

IMG_8440

-Алайда жаңа нысандардың іске қосылуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына қарамастан, кәсіпорындар сыртқы және ішкі бәсекеде әлсіз. Премьер-министр тарапынан аймақтық индустрияландыру картасы бойынша жобалардың аздығына қатысты сын айтылды. Жобалардың көпшілігі индустрияландыру бағытына емес, шағын және орта кәсіпкерлікке, бастапқы кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына, «Атамекен» палатасына, «Даму» қорына, жергілікті атқарушы құрылымдарға жаңа жобаларды дайындауды тапсырамын, - деген облыс әкімі екінші жартыжылдықта бұл тапсырманың қадағаланатынын жеткізді.

Елбасы тапсырмасымен өнімді экспорттаушыларды қолдау мақсатында 500 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы өнімдерін сыртқа шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие мен мемлекет тарапынан кепілдік беру, шекараға дейінгі көлік шығынын өтеу сықылды қолдау көрсетуге бағытталған. Өңірде «Кублей», «Стекло-Сервис», «КазАрмаПром» кәсіпорындары ондай қолдауды пайдаланған. «Алайда өнімді экспорттаушылардың барлығы қажетті ақпаратты білмейді. Білмегендіктен мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланбайды», - деді Ғали Нәжімедұлы. Облыс басшысы бизнес жүргізуде өңірдің әлеуетін және Ресейдің бес губерниясымен шектесетін жағырапиялық орын ерекшелігін пайдалану керектігін айтты.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша отандық өнімдер өндірісін дамытуға Елбасы тапсырмасымен үш жылға 600 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 41 млрд. теңгенің 92 жобасы мақұлданған. Ал БҚО бойынша 221 млн.теңгенің алты жобасы ғана оң шешімін тапқан, яғни бар болғаны 0,5% ғана, республикалық шаманың бір пайызын да жетпейді. Әрине, мұндай көрсеткіш облысымызға үлкен сын.

2018 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бойынша БҚО республика өңірлері арасында Жамбыл облысынан кейін ең соңғы орында. Соған орай ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармалары және қала, аудан әкімдері статистика департаментімен бірігіп, аталған көрсеткішті жыл қорытындысымен өсіруді тапсырды.

Бүгінге облыстан 1680 тонна ірі қара мал еті мен ет өнімдері (жоспар 3000 тонна орындалуы 56%), 574 тонна қой еті экспортталып отыр (жоспар 800 тонна орындалуы 71,7%) экспортталды. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысымен статистикалық ақпаратқа сәйкес ауыл шаруашылығына 7,5 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Алайда облысымыздың тауар өндірушілері статистика департаментіне тартылған инвестициялары бойынша ақпаратты толық бермейді. Инвестиция бойынша тек заңды тұлғалар ақпар береді, шаруа қожалықтары міндеттелмеген. Өңірдегі тіркелген құрылымдардың 95%-ы - шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер. Облыс әкімі қала және аудан әкімдерін осы мәселені ескеріп, тартылған инвестиция көлемін статистика құрылымдарына тапсырылуын қадағалау қажеттігін ескертті.

Актив жиынында өңір басшысы жерді тиімсіз пайдалану мәселесіне тоқталып, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде мемлекеттен субсидияланатын ауыз суды тиімді пайдаланудың маңыздылығына көңіл аудартты.

- Президент отандық бизнесті қолдау мәселесіне назар аударып, кәсіпкерліктің өсіп-өркендеуіне, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін, себепсіз тексерістер жүргізетін бопсалаған, рейдерлік жасаған лауазымды тұлғаларды қатаң жауапқа тартуды тапсырды. Ондай адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау - мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі ретінде өз тарапымнан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға кепілдік беремін. Негізсіз тексерістер болып жатса, маған тікелей шығып, хабарласуларыңызға болады, - деді Ғали Есқалиев.

Облыс басшысының баяндауынша, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі қатынасы өңірді дамытуға, соның ішінде бюджетке түсетін жүктемені азайтуға пайдаланған тиімді. Алайда облыста бұл бағыт бойынша жұмыс сылбыр, бар-жоғы жеті жобаға келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға 3,5 млрд. теңге төленеді.

Өңір басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 9 мыңнан астам отбасыға (51 300 адам) 2,3 млрд. теңге шамасында төленген. Биылғы жылдың 1 сәуіріне АӘК алушылар саны 5 есеге өсті, жыл соңына дейін 60 мың адам қамтылмақ. АӘК қаржыландыруға бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлініп, жылдың соңына дейінгі қосымша 3,2 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар облыста АӘК-тің дұрыс тағайындалуына тексеру жүргізілуде. АӘК-ке өтініш берушілер тарапынан табыстарын жасыру, жалған мәліметтер ұсыну, жалған ажырасулар, жұмыстан босап қалу, табыстарын азайтып көрсету, малын сойып алу секілді заңсыз әрекеттер әшкере болуда.

Жиында облыс басшысы бюджет қаражатын тиімді жұмсау, мемқызметтерді цифрлық форматқа көшіру, аумақтарды дамыту және өзге де мәселелерді қамтыған 9 бағыт бойынша қала, аудан әкімдіктеріне, сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

«Атқаратын жұмыстарымыз өте ауқымды. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құруымыз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өршіл мақсаттарға жетелейтін жолда ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын», - деп қорытты сөзін облыс әкімі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале