9.12.2016, 12:29
Оқылды: 68

Аға басылым басшысы журналистермен кездесті

15285000_1362481410451981_4431392829867788501_nЕліміздегі аға басылым - «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы, Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы Хатшылығының басшысы, белгілі ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі "Жайық Пресс" медиахолдингінің мəжіліс залында өңір журналистерімен кездесті.  


Кездесуге "Егемен Қазақстан" газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Темір Құсайын жəне облыстық, қалалық, аудандық басылымдардың журналистері қатысты.

Медиахолдинг басшысы Жантас Сафуллин мəртебелі мейманды таныстырып, сөз кезегін ұсынған соң, Дархан Қуандықұлы аға басылымға енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтар, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын халыққа жеткізу жолындағы жоспарлы, жүйелі жұмыс, оқырманмен байланыс, журналистердің жұмыс жасау əдістері, ақпараттық жаңа технологияны тиімді пайдалану, жас мамандарды тəрбиелеу туралы кеңінен əңгімелеп, ой-пікірлерімен бөлісті.

15380363_1362481443785311_5353857949034220153_n- Ең алдымен баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Ширек ғасырда Қазақстанның қарышты қадамдары, қол жеткен табыстары, әрине, бірінші кезекте баспасөз құралдары арқылы жазылып, жеткізіліп отыр. Сондықтан бұл Тәуелсіздікте қолына қалам ұстаған журналистердің еңбегі ересен.

Қазақ халқының тарихындағы атақты хандар мен батырлардың мекені болған Жайық өңіріне аяқ басқан сəтте, батыстағы ірі медиахолдинг болып табылатын "Жайық Пресс" орталығына бас сұғуымның бірнеше себебі бар.

Соның ішінде ең бастысы - Қазақстандағы баспасөз ісінің батыстан бастау алуы, алғашқы газеттердің осы жерде басылуы, олардың жинақталып, зерттеліп, жүйеленіп, кітап болып шығуы өзге басылымдар үшін үлкен өнеге, тағылым болып табылады.

"Егемен Қазақстан" газетінің бастауы болған "Ұшқын" газетінің осы өңірден басылып шыққандығын біз өзіміздің тарихымыз ретінде танимыз. «Ұшқанның» алғашқы санынан бастап жинақтап, транскрипция жасап, хатқа түсіріп жатқан сіздерге зор ризашылығымызды білдіре отырып, әрі қарай да бірлесе жұмыстанамыз деген сенімдеміз.

Жуырда Əзірбайжан елінде өткен Баку Конгресінің 90 жылдығына арналған үлкен жиынға қатысып қайттық.

Латын әліпбиіне көшу жөнінде маңызды шешімдер қабылданған жиын барысында әзірбайжандық əріптестерімізге "Жайық Пресс" медиахолдингінің басшылығымен жарық көрген "Қазақстан" кітабын сіздердің аттарыңыздан сыйға тарттық.  Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ даласында жарық көрген алғашқы газеттің қолдаушы, демеушілерінің қатарында болған Зейнелғабден Тагиевтің салып кеткен əріптестік қатынастардың əрі қарай да жалғаса беруіне тілегімізді білдірдік.
Сонымен қатар өңірдегі өлкетану, құлпытастарды зерттеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың тарихи маңызы зор екенін атап айтқым келеді, - деді республикадағы аға басылымның Басқарма төрағасы.

Айгүл АХМЕТОВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале