5.11.2019, 17:33
Оқылды: 275

Абат Шыныбеков: «Оралдың табиғи-климаттық жағдайы жасыл аймақ ұйымдастыруға керемет мүмкіндік береді»

Бүгін облыс әкімдігінде қаланы абаттандыру мәселелері жөнінде жиын өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиында қаланы абаттандыру, сыртқы жарықтандыру, көгалдандыру бойынша жүріп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтылды.

WhatsApp Image 2019-11-05 at 12.27.31 (1)

– Қаламыз – жасыл қала, таза қала болғанымен әлі де түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан бүгінгі кездесуге бизнес өкілдерін арнайы шақырдық. Көрікті шаһарымызды қала тұрғындары мен келген қонақтарға жайлы, ыңғайлы жасау бағытында жүргізілетін жұмыстарға кәсіпкерлердің белсене араласып, өз үлесін қосарына сенім мол, -деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.

Жиында сөз алған қала әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, қала 20 округке бөлініп, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым, еріктілер және әкімдік бөлімдерінің басшыларынан құралған мобильді, мониторингтік топ құрылған. Аталмыш топ қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы жарықтандыру, жарнамалық құрылымдар бойынша  проблемалық мәселелерді шешу бағытында жұмыс жасамақ.

WhatsApp Image 2019-11-05 at 12.27.31

28 қазан мен 3 қараша аралығындағы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде шаһарымызда тез арада шешуді қажет ететін 497 мәселе анықталған. Оның ішінде  қоқыс, құрылыс материалдарын шығару, жарық шамдарды ауыстыру, шөп шабу секілді ұсақ-түйек жұмыстар қысқа мерзімде шешіледі. Бұндай жұмыстар аталған мәселенің 79 пайызын құрайды. Одан бөлек тротуарлар, жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, дүңгіршектер мен гараждарды шығару сықылды жұмыстарға біраз уақыт қажет.  Орташа сипаттағы мұндай жұмыстар 497 мәселенің  17 пайызын құрапты. Ал қала жолдары, ғимараттардың қасбеттерін орташа және күрделі жөндеу және қайта жаңарту, қараусыз қалған ғимараттардың қожайындарын анықтау сықылды жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және уақытты қажет ететін жұмыстар мәселенің 4 пайызын құрайды екен.

– Шаһардың негізгі магистральды көшелерінде (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Еуразия даңғылы, Әбілхайыр хан даңғылы, Құрманғазы көшесі, Шолохов көшесі, Сырым Датов көшесі) сауда үйлері, банктер, мейрамханалар, жанар-жағар май құю стансалары орналасқан. Олардың ішінде абаттандырылған, эстетикалық талғаммен заманға сай жарықтандырылған, көгалдандырылған нысандар да бар. Өкінішке орай, көптеген нысандарда жасыл аймақ, жарықтандыру  жоқтың қасы. Қаламыздағы табиғи-климаттық жағдай жасыл аймақ ұйымдастыруға керемет мүмкіндік береді. Жыл сайын қаламызда коммерциялық нысандардың саны артып келеді. Бірақ ымырт үйірілген шақта көптеген мекеме, кәсіпорын ғимараттары қараңғылыққа көміліп кетеді. Сондықтан мекеме, кәсіпорын басшылары осы мәселелерді назарда ұстағаны жөн,  - деді Абат Шыныбеков.

WhatsApp Image 2019-11-05 at 12.27.32

Бүгінгі күні қала аумағында 124 жарнама нысаны орнатылған. Олардың ішінде 9 жарнамалық компания жарнама дайындаумен және таратумен айналысады. Бірақ көпшілігі заңнаманың қарапайым талаптарын сақтамайды екен.

Жиында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін наурыз мерекесінде киіз үйдердің аз тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарын қамти алмайтындығы облыс, қала  басшылығының назарынан тыс қалмады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігі облыс әкімінің тапсырмасымен «Ақжайық» этноауылын ұйымдастыруды бастаған.

WhatsApp Image 2019-11-05 at 12.27.32 (1)

– Бүкіл әлемді аралап жүрсеңіз де, Оралға қайта оралғыңыз келеді. Сүйікті қаламыздың игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Ірі және орта бизнес өкілдерін ішкі ұлттық элементтері бар, бағасы қолжетімді киізүйлерді сатып алуға шақырамыз,- деді Абат Абайұлы.

Сондай-ақ, облыс, қала басшылығы жанар-жағар май құю бекеттері, автотұрақтар, өзге де нысандарды безендіруде тұрғындардың рухын көтеретін ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді пайдалануды ұсынды.

Қазіргі күнде БҚО қалалары мен елді-мекендерін абаттандырудың жаңа ережелері әзірленуде. Санитарлық тазалау, абаттандыру, жарықтандыру және жарнамалық өнімдердің кейбір егжей-тегжейлі талаптары енгізілмек.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев шаһар келбетінің жарқырап, көркейе түсуіне бизнес өкілдеріне қоса, әр тұрғынның өз үлесін қосу қажеттігін атап өтті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

Сурет: Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале