30.12.2019, 12:21
Оқылды: 157

«Әбіштің аңыз әлемі» байқауы қорытындыланды

Биыл көрнекті жазушы, белгілі қаламгер, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлының туғанына - 80 жыл. Халқымыздың ғана емес, әлем жазушысына айналған ол артына өшпес мол мұра қалдырған абыздың құрметіне орай Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Әбіштің аңыз әлемі» атты жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері арасында қалалық шығармашылық байқаудың қорытындысы өтті.

image13

Байқау жазушының  шығармашылық тұлғасын насихаттау, студенттер мен жастардың ой-танымын кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Аты алашқа мәлім Әбіш Кекілбайұлына арналған бәйге 3 бағыт бойынша өткізілген болатын. Студент жастар байқауда эссе, мақала жанрлары мен бейнеролик дайындау арқылы өзара сынға түсті.

Кештің шымылдығын түріп, құттықтау сөз сөйлеген Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Роза Оңғарбайқызы «Жастар жылына» орай көптеген байқаулар ұйымдастырылғанын, Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған осы шара жыл қорытындысы екендігін айта келе, сайысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен М.Өтемісов атындағы БҚМУ ұжымына алғысын білдірді.

Сайысқа қатысушылардың шығармаларын Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Марат Ажғалиев, «Ақжайық» телеарнасының  режиссері Назгүл Ермекқалиева, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Роза Зайнуллина сынды сарапшылар бағалады.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік эссе» номинациясы бойынша Арман Ғабдықұл жүлделі І орынды, Қазына Эсетова ІІ орынды, Сәттігүл Төлеген ІІІ орынды иемденді. Ал Зафура Мамут, Азамат Бақи, Қазына Файзуллиналар алғыс хатпен марапатталды. «Үздік шығармашылық бейнеролик» аталымы бойынша Ермахан Амангелді І орынды қанжығасына байласа,  Қайырбек Кенжалиев ІІ орынға ие болып, Әсемгүл Метенова ІІІ орынға тұрақтады. «Үздік мақала» жанры бойынша Жадыра Құлтай І орынды еншілесе, Бағдат Оразхан ІІ орынды, Айгерім Батырғалиева ІІІ орынды иеленді. Байқауда белсенділік танытқан Сауат Берікқалиға алғыс хат табыс етілді.

Кеш барысында қалалық деңгейде ғана емес, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген филология факультетінің студенттері Зафура Мамут Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романынан үзінді оқыса, Нұрсұлтан Бақтыбай, Жадыра Құлтай, Дәулет Қуанышбайұлы аңыз адамның сыршыл лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал жас ақындар Азамат Бақи мен Еркеназ Қалижан өз шығармашылығынан жыр арнады. Кеш Еркеназ Қалижанның «Әбіш – Абыз – Аңыз» атты Әбішке арнау өлеңімен қорытындыланды.

Азиза Суйншкалиева,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале