26.06.2020, 9:38
Оқылды: 500

Әділет пен Даниил үмітті ақтаса

Бүгінде «Ақжайықты» өрге сүйреген Бауыржан Омаров, Алексей Мальцев, Руслан Хаиров сияқты жергілікті футболшылардың біразының жасы отыздан асса, кейінгілері алпыстың жартысын алқымдады. Ол жігіттердің орасан еңбегі футболды түсінген жанкүйер тарапынан оң бағасын алып үлгерді. Қазіргі команда сапында олардың ізін басып, орнын жоқтатпауға бекінген  футболшылар бар. Алдыңғы буын ағаларымен тізе қосып, жергілікті жанкүйерді желпіндіруге дайын жүрген жас таланттардың ішінен Әділет Болатов пен Даниил Кочнев ерекше көзге түседі.

FBE8304F-2988-47A1-919E-35636AC5243C

Көпшіліктің көзайымына айналған жас таланттардың футболға қалай келгенін біліп, олардың осы кезге дейінгі үздік матчтарын бір еске түсіріп алсақ.

Он сегіз жасында жастар командасынан ересектер арасына қосылған Әділет – былтырғы маусымнан бері негізгі құрам ойыншысы. Алты жасында туған жері Шыңғырлау ауданынан Орал қаласына қоныс аударған ол алғашында тхэквондомен шұғылданған. Ірілі-ұсақты жарыстарға шығып, аздаған жетістікке де жеткен. Бірақ он жасқа келгенінде аяқдопқа аңсары ауып, даянгты жасыл алаңға ауыстырады. Білікті бапкер Руслан Чукуровтың қол астында футбол әліппесін ашқан Әділет өзінің еңбекқорлығымен көзге түседі. «Ақжайықтың» балалар, жасөспірімдер, жастар командаларында ойнап, футболшы болып қалыптасудың барлық сатыларын еңсеріп, ересектер командасына қосылды.

F240C38A-D1C6-4FDD-BAAD-70283CD9C0FD

– Бала күнімізде достарымызбен жиналып, «Өскенде кім боламыз?» деп қиялдайтын едік. Бір досым дәрігер, бір досым ұстаз, енді бірі өнер жолын таңдаймын дейтін. Ал мен ел намысын үлкен ареналарда қорғайтын спортшы болуды армандағам. Сол арман жетегімен футболға келдім. Бұл менің үлкен жетістіктер алдындағы алғашқы қадамым. Ендігі мақсат – ұлттық құрама жидесін кию. Бала арманыма жету үшін аянбай еңбек ететін боламын, – дейді Әділет.

Жас болса да шеберлігі ешкімнен кем түспейтін футболшы жанкүйерлер үміт артар ойыншыларының біріне айналып үлгерді. Ал оның «Ақтөбе-Жас» командасы қақпасына соққан голы Орал ғана емес, біраз қазақстандық жанкүйерлерге таңдай қаққызды. Өзі де сол ойынды жиі еске алып, үздік матчы санайтынын айтады.

FB1035B3-B058-4227-96FA-B33CA3226FBD

– Негізгі құрам ойыншыларымен бірге жаттығып жүргеніммен, маған көпке дейін мүмкіндік берілмей келді. Ал Артур Сергеевич бірден сенім білдірді. Ол үшін бапкеріме разымын. Алдағы уақыт барша оралдықтардың арманын, команданың мақсатын орындап, «Ақжайықпен» Премьер-лигаға жолдама алуға күш салатын боламын, – дейді футболшы.

ED1E0866-888C-4660-8E5C-F708624829E5

Жергілікті ойыншыларға сенім артып, негізгі команда сапын Орал футбол мектебінің түлектерімен толықтыруды қолға алған «Ақжайық» футбол клубының кезекті үміті – Даниил Кочнев. Орал қаласында туып-өскен жас футболшы екінші сыныптан бері аяқдопты жанына серік еткен.

– Спорттың арқасында еліміздің біраз қаласында болдым. Көптеген дос таптым. Оқушы кезімізде 1999 жылы туған ойыншылар арасындағы ел чемпионатынан екінші орын иеленгенбіз. Ол – менің әзірге жеткен үлкен жетістігім. Қазақстан чемпионатының екінші лигасында шеберлігімді шыңдадым. Доп тепкен әр жеткіншек секілді «Ақжайық» командасының негізгі құрам ойыншысы болсам деп армандағам, оған қол жеткіздім. Ендігі мақсатым – Премьер-лига жолдамасын иелену, – дейді Даниил.

Өткен маусым ойындарын еске алғанда көп жанкүйер «Шахтер-Болат» командасымен болған матчты айтады. 2:0 есебімен жеңіліп жатып, соңғы он бес минутта жеңісті жұлып алған драмаға толы ойында жеңіс голына ұласқан пасты дәл осы Даниил бергенін біреу білсе, біреу білмейді-ау. Сондай-ақ негізгі қарсылас саналған «Алтай» қақпасына жеңіс голын соғып, Бірінші лиганың қола жүлдесіне қол жеткізуге де жас футболшы Кочневтің тигізген үлесі бар. Даниил өзін одан әрі шыңдай түсіп, ұлттық құрама ойыншысы атанғысы келетінін жасырмайды.

– Өткен жылы Премьер-лигаға шығу мақсатын орындауға бір ұпай жетпей қалды. Соңына дейін күрестік. Биыл ол олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Оңай болмайтынын білемін. Бірақ ешкімді жерге қаратпауымыз керек, – дейді Даниил.

Жастайынан бапкерлер мен аяқдоп мамандарының оң бағасын алып, еңбекқорлығымен, жасыл алаңдағы жанкешті ойынымен жанкүйер көңілінен шыға білген жас таланттар кешігіп болса да бастау алар біріншілік ойындарын асыға күтіп жүргенін айтады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале