12.07.2018, 23:03
Оқылды: 38

Айбар Жаңабаев: «Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын»

Бүгін БҚО әдеп кеңесінің кезекті отырысында Зеленов ауданы Рубежин ауылының әкімі А.Жаңабаевқа қатысты тәртіптік іс материалы қаралды. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Думан Ермановтың мәліметінше, ауыл әкімі қарауындағы қызметкерлердің іссапар қаражатынан 2 жыл бойына 5 мың теңгеден қаржы жинап отырған.

Бұл қаражаттың нақты әкімшілік қажетіне жұмсалғаны беймәлім. «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңының 52-бабы мен 1-тармағы бойынша мемлекеттiк қызметшілерге ҚР Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға арналған шығыстары өтеледi. Әкім мемлекеттік қызметшілер құқын бұзып, олардан заңсыз жолмен қаржы жинаған. 2018 жылы сәуірдің 9-ында ауыл әкімі аппаратының бас маманынан бес мың теңге алғаны әшкереленді. Тергеу барысында куәгер ретінде жауап алынған бас маман - бухгалтер Аймурзиев аппарат қызметкерлерінен ақша жиналатынын растады. Әкімшіліктің «Ford Mondeo» қызметтік көлігінің жүргізушісі Байғазиев бірнеше мәрте өз еркімен 5 мың теңгеден бухгалтерге ақша бергенін айтты. Оған бұл қаржы қаладан газет тасуға және интернет модеміне бірлік салуға, көлікті жөндеуге жұмсалатыны түсіндірілген. Мамандардың бірі Әбікешевтің сөзінше, Айбар Жаңабаев 2015 жылы желтоқсан айынан бастап әкім болып тағайындалғалы іссапар ақысынан қаржы жинау басталған. Куәгерлер мен алдын ала тергеу материалы есебінше іссапар қаражатынан шамамен 190 мың теңге жиналған.

– Әкім болып келгеннен кейін бір маман үш интернет модеміне өз қалтасынан ылғи ақша салып отыратынын айтып шағымданды. Сосын ұжымды жинап, ортақ қаражат шығарып отыруды ұсындым. Сонымен қатар,  қызметтік көлік жиі бұзылатын болған соң, жөндетуге тура келеді. Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын, – деді Айбар Жаңабаев.

– Сіз – әкімсіз. Ұжым ұсынысыңызды заңды бұйрық ретінде қабылдайды. Басшыға кім қарсы шығады?!  – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Зеленов ауданы әкіміне Айбар Жаңабаевты мемлекеттік қызметке кір келтіретін бұзушылық жасауына байланысты атқаратын лауазымына толық сәйкестігі емес туралы бұйрық шығаруға ұсыныс жолдауды мақұлдады.

Нұртай Алтайұлы,

Суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале