9.06.2017, 17:16
Оқылды: 103

Айбынды жігіттер күш сынасты

Sport Temirbolat   Орал қаласында қолбасшы батыр, шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған «Айбынды жігіттер-2017» аймақтық байқауы мәреге жетті.

   Оған Ақтөбе, Қызылорда облысы және өңіріміздің аудандарынан барлығы 12 жігіт қатысты. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған сайыстың алғашқы күнінде садақпен жебе тарту арқылы реттік нөмірлерін анықтау кезінде жігіттер мергендіктерін танытты.


     Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған аймақтық байқау төрт кезеңнен тұрды. «Тегімді менің сұрасаң» деген атпен таныстыру кезеңінде жігіттердің барлығы да мүдірмей көрермендерге таныстырып өтсе, сайыстың екінші кезеңі аударыспақ бойынша сайысқа қатысушы жігіттер білек күшін байқасып көрді.

      «Тас шайнап, құм түкірген» атты соңғы сайыста қатысушы жігіттер барын салып бақты. Зеленовтық Ақтілек Сәрсенов көкпар ойнаудағы шеберлігін көрсетсе, сырымдық Айдын Әнуар бұрын соңды басына құрық түспеген асауды тақымына бағындырды. Шыңғырлаулық Жұбаныш Темешов тісімен 24 келілік гір тастың екеуін көтерсе, жәнібектік Досжан Үмбетәлі жүздеген шегенің үстіне арқасымен жатты. Өкініштісі, ұйымдастырушылар тарапынан «Ескірмейтін ескі сөз» және Сырым батырдың шешендік сөздерінен сұрақтар қойылғанымен әр өңірдің намысын қорғап келген жігіттерден тұщымды жауап ала алмады. Аймақтық байқаудың қорытындысында Зеленов ауданының намысын қорғаған Ақтілек Сәрсенов бас жүлдені (250 мың теңге) жеңіп алды.

Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале