12.07.2017, 15:59
Оқылды: 78

«Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» тақырыбында семинар өтті

Damu  Сейсенбіде ««Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің мәжіліс залында «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» тақырыбында семинар өтті.


         Аталмыш шараны облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Жайық дауысы» қоғамдық ұйымы ұйымдастырды. Бұған БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жұлдыз Құспанова, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Жанар Жұмағазиева секілді іскер әйелдер қатысып, нәзік жандылардың іскерлік қабілетін шыңдау және табысқа жету жолдары  жөнінде баяндады.

         Жиынды «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы,  облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Хадиша Мұқанованың сөзінше, өткен айларда оздырылған  семинарларда қатысушылар бюджетті бөлу, оны тиімді игеру және көшбасшы әйел болу тақырыбын  талқыласа, осы жолы әйелдер мамандардан жеке кәсіпті қалай ашуға болатынын үйренбек.   Бұдан кейін сөйлеген Жанар Жұмағазиева 2006 жылға дейінгі гендерлік саясат тұжырымдамасы мен ҚР 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының облысымыздағы жүзеге асырылу жағдайын баяндады. Оның айтуынша, стратегия жүзеге асырылған жылдары әйелдердің қоғамдық саяси белсенділігі арта түсті. Мысалы, 2017 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша, облыстағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің (4444 адам) 56 пайызын әйелдер құрайды. Бүгінгі күні облыста шағын бизнес саласында жұмыс істейтін 45 мың кәсіпкердің 60 пайызын әйелдер құрайды.

  Жиында сөйлеген облыстық кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Назгүл Шарафеддинова кәсіпкерлерді қолдау құралдары жөнінде әңгімелесе,  «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің менеджері Әсел Ғаббасова қатысушыларға жеке кәсіпті ашу жолдарын үйретті. Шара барысында қатысушылар кәсіпкерлікке қатысты көптеген сұрақтар қойып, оған мамандардан тұшымды жауап алды.

       Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале