7.03.2019, 15:03
Оқылды: 43

Әйелдерге құрмет көрсетті

Облыс әкімі Алтай Көлгінов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай әр түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылар мен көп балалы аналарды қабылдады.

8nauryz (12)

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әйел – әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек, мемлекеттің құт-берекесі» деген керемет сөзі бар. Біздің елде отбасылық құндылықтар мен әйелдер мүддесі үнемі жіті назарда. Жақында өткен «Нұр Отан» партиясының сиезінде Президент халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берген болатын. Енді аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төленетін болады. Бұл үшін алдағы үш жылда 300 миллиард теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар аз қамтылған шаңырақтарға жалдамалы үйлер салынып, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артады.

Қазіргі таңда біздің өңірде 7 мыңға жуық көп балалы отбасы тіркелген болса, ол шаңырақтағы балалар саны 28 253 болып отыр. Оның ішінде 4 881 адамды құрайтын 1 051 отбасына 78,5 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына орай биыл облыста 21 мың адам, соның ішінде 12 мың бала көмекпен қамтылады. Сондай-ақ мүгедек балаларды өсіріп отырған ата-аналарға және бала жасынан бірінші топтағы мүгедек балалардың күтіміне бағытталған жәрдемақы 30 пайызға өседі.

Сіздер біздің өңірдің өркендеуіне айтулы үлес қосып келесіздер. Заманауи отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас үрдісі. Біздің өңірде үлкен қызметте жүрген әйел-азаматтар аз емес. Облыс әкімінің, аудан әкімдерінің орынбасарларының арасында, бірқатар басқарма басшылары – нәзікжандылар. Сондықтан ер-азаматтармен қатар еңбек етіп келе жатқан Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Көктемнің жаймашуақ күнімен қатар келген мерекелеріңіз құтты болсын! – деп ақжарма тілегін арнаған өңір басшысы Алтай Көлгінов шараға қатысқан барлық әйелдер қауымына естелік сыйлық пен гүл шоғын табыс етті.

Мерекелік басқосуда ақын, «Құрмет» орденінің және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева мен айтыскер ақын, ҚР-ның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова барша әйелдерді келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтап, өлең жолдарын оқып, игі тілектерін білдірді.

– Көп балалы аналарды қолдау мақсатында Елбасының жаңадан тағайындап жатқан жәрдемақысы көңілімізден шығып отыр. Мен өзім 12 бала тәрбиелеп отырған анамын. Жалпы, былтырғы жыл ауылымыз үшін сәтті жыл болды деп айта аламын. Бұрыннан ауыз суымыз бар еді, енді көгілдір отын келіп, қолымыз ұзарып қалды. Өте қатты қуаныштымыз. Тұрғындардың игілігі үшін істеп жатқан жұмыстарыңыз қашанда жемісті  болсын. Барлық әйелдерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! - деді шарада сөз алған Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылының тұрғыны, көп балалы ана Тұрсынай Бегалиева.

Емен-жарқын кездесуде өңірімізге танымал Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, Ернар Өмірәлі, Айбар Хайырханов, Дастан Есентеміров сықылды өнер жұлдыздары ән шырқады.

8nauryz (1) 8nauryz (2) 8nauryz (3) 8nauryz (4) 8nauryz (5) 8nauryz (6) 8nauryz (13) 8nauryz (14) 8nauryz (15) 8nauryz (16) 8nauryz (17) 8nauryz (18) 8nauryz (19) 8nauryz (20) 8nauryz (21) 8nauryz (22) 8nauryz (24) 8nauryz (25) 8nauryz (26) 8nauryz (27) 8nauryz (29) 8nauryz (30) 8nauryz (31)

Есенжол Елекенов,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале