10.08.2020, 12:50
Оқылды: 103

Әкімдер суретке түсетін жер немесе су қоймасының игілігін қашан көреміз?

Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Шолақаңқаты су қоймасы 2017 жылы жөнделіп қалпына келтірілді. Ол үшін қазынадан 103, 6 млн. теңге қаражат бөлінді. Жоспар бойынша бұл су қоймасы жөнделгеннен кейін 850 га алқапқа су шығаруға тиіс болған. Қойманың жөнделіп, жаңғыртылғанына биыл 3 жыл болды. Бұрын жөнделмегенде қалай пайдасыз болып тұрды, қазір де солай игіліксіз тұр. 890 га қайда, әлі 1 метр алқапқа да су шығарған жоқ. Айтпақшы, Шолақаңқаты су қоймасының бір пайдасы бар. Сырым ауданына жұмыс сапарымен жолға шыққан облыс әкімі де, оның орынбасарлары да, депутаттар да міндетті түрде шаруасын осы нысанмен танысудан бастайды. Келеді, карта-қағаздармен танысқан болады, әрине, суретке түседі, кетеді. Үш жылдың ішінде қанша әкім, қанша орынбасар келсе де, қойманың сол тұрғаны – тұрған. Айналасында ілгерілеген бір шаруа жоқ. Оған қарап жатқан ешкім жоқ, келе береді, суретке түсе береді. Сонда не, Шолақаңқаты су қоймасы әкімдер суретке түсу үшін жөнделді ме?

oznor

Иә, анабір жылдары Тоғанастан сүт фермасын ашамыз, малдың азығын өзен суымен өсіреміз, малды да сол сумен суарамыз деп біреулер келіп, Аңқатыға өтетін көпірдің үстінде БҚО әкімінің сол кездегі орынбасары Бағдат Азбаевпен келіссөз жүргізген. Ол әңгіме оқсамаған секілді. Әйтпесе, шайға «Шолақаңқаты» деген сүт құйып отырар едік қой. Ал жуырда Сырым ауданына жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те әкімдердің «дәстүрімен» қойманың басына тоқтап, аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке су қоймасының игілігін пайдалануды, суармалы егінмен айналысуды тапсырды. Бұл өзі мүмкін шаруа ма? Осы мақалада сол сұраққа жауап іздедік.

dav

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиевтің бізге берген мәліметіне сүйенсек, қойма 6,5 миллион текше метр су жинауға қауқарлы екен. «Қыз дайын болса, біз дайын!» дегендей, шаруа бастайтын адам болса, нысан жөнделіп, жаңғыртылып, дайын тұр. Алайда округте суармалы егістікпен айналысып жатқан, тіпті айналысуға ниетті шаруашылық та жоқ. Округ әкімі негізінен инвестор тартып, қойманың игілігін солар көрсе, олардың игілігін біз көрсек деген оймен отыр. Бәсе, кеше өңір басшысы Ғали Есқалиевтің алдына Шолақаңқатының инвестициялық тартымдылығы туралы көлдей карта ұсынылып еді-ау.

Әрине, Шолақаңқатының табиғаты – яғни суы, нуы, орманы-тоғайы, аңы-құсы көрген адамын таңғалдырмай қоймайды. Округ қаладан да тап бір қашық емес. Асфальт төселіп жатыр. Жақсы көлікпен тақтайдай жолды тапай түссең, 40 минутта Оралдан бір шығасың. Жері шұрайлы, суы мол, жолы бүтін орынға кім қызықпайды? Қорыта айтқанда, туризм дамытамын, шаруашылық жүргіземін, өндіріс ашамын дегендер үшін бұл жақта барлық қолайлылық бар. Алайда біз біреу-міреу қызығар деп қызыл орамалымызды қанша бұлғағанымызбен, Шолақаңқатыға есі кеткен инвесторды байқамадық. Бір жағынан, біздің оларды, олардың бізді байқамағанда бір қайыр бар шығар. Неге екенін кейінірек айтамыз.

Шолақаңқаты су қоймасы – баяғыдан, Кеңес өкіметі кезінен бар нысан. Бұл құрылғының игілігін «Правда» газеті атындағы астық кеңшары қалай пайдаланды? Кеңшардың әйгілі директоры В.И.Шубиннің қандыбалақ әріптесі, «Правданы» өз қолымен өркендеткен озат еңбеккерлердің бірі, бүгінде Орал қаласында тұратын Михайл Овсянниковке хабарласып, осы сұрақты қойдық:

- Кеңшарда 20 га суармалы жоңышқа алқабы болды. Алқаптарға диаметрі 1 метр болатын құбырдан су құбыры тартылды. Құбырлардың ұзындығы шақырымға созылды. Қойманың басында су сору станциясы болды. Ол жерде 2 звено суару жұмыстарымен айналысты. 1 звенода 10 шақты адам еңбек етті.  

Жоңышқадан мал азығын дайындап, бордақылау алаңындағы 6000 ірі қараны, 200 сауын сиырды азықтандырдық. Суарылған дақыл құнарлы болады. Жоңышқа жеген біздің ірі қаралар 18 айда 500 келі тартты. Бордақылау ісі осылай нәтижелі жүрді.

«Правда» суармалы әдіспен бақша мәдениетін дамытты. Картоп, сәбіз, орамжапырақ, қияр, қызанақ өсірді. Оларды сақтайтын, қоймамыз болды. Бақша өнімінің бәрі әр бөлімшедегі асханаға жіберіліп, шаруалардың дастарханына қойылды.

Шолақаңқаты су қоймасы бостан-бос тұрмау керек. Іскер азаматтарды қолдап, игілікке жарату керек. Бұрын жасалған шаруаны жасауға болады. Бірден бәрі үйлесіп кетпейді. Бірақ бастау керек. Біздер де бір кездері аз нәтижеден бастағанбыз. Егер, ақыл-кеңес керек болса, В.И.Шубиннің «Мясной конвейер совхоза» кітабында көп дерек бар. Су қоймасын пайдалану жүйесі де айтылады. Кітапта қазіргі тілмен айтқанда біраз бизнес – идея бар. Шубиннің туындысы сол кезде қызмет еткен жандардың қолында болуы мүмкін. – деді Михайл Егорович.

Иә, ғаламтордағы деректерге сүйенсек, «Правда» газеті атындағы астық кеңшарында кезінде 850 га суармалы жер болды. Біздің жоспарымыз соның негізінде құрылған болып тұр. Кеңшарда бидай, күздік бидай негізінен мал азығы үшін жоңышқа дайындалды. Жоңышқадан жасыл масса дайындалып, бордақылау комплексіндегі малдар және сауын гурттарындағы сиырлар қоректендірілді. Сол сияқты, сол кезде кеңшардың алма бағы мен бақшасы осы суармалы жүйеден суарылды.

Овсянников мырза мына мәселені де назарда ұстауды сұрады:

- Біздің су қоймасы ластанып жатыр. Шіріген қамыс, балдыр суды бүлдірмей қоймайды. Тазарту үшін ақ амур, дөңмаңдай (толстолобик) сияқты балық түрлерін жіберу керек. Олар шөппен қоректенеді, судың астын тазартады. Өздері шапшаң ет жинайды. Ол балықтарды асырап, етін саттыққа шығаруға болады. Мәселе тағы да маманға тіреледі. Балық зауыттарынан шабақ алып, өсіріп, қоймаға жіберу керек. Біздің Тоғанас пен Аңқаты - балық шаруашылығын жүргізуге де ыңғайлы жер ғой. – деді көнекөз қарт.

Жапондарда «Біреудің жасағанын сен де жасай аласың. Ешкім жасай алмағанын сен неге жасамайсың?» - деген мақал бар екен. Расымен де, кеңшардың жасағанын біздің бүгінгі шаруашылықтар жасай алмай ма?

- Әрине, шабындықты не егістікті суармалы жүйеге көшіру үшін үлкен күш керек. Әп дегеннен оқсамасы анық. Теректі ауданында шаруалардың Шаған өзенінен алқаптарға су шығарғанын естігенбіз. Жоба өзін-өзі ақтамапты. Құрал-жабдығының өзі қымбат болуы мүмкін.

Бірақ суармалы жүйе болған жақсы ғой. Сумен еккен нәрсе бөлек қой. Аспанға қарап, жаңбыр күтіп отырмайсың. Есебің түгел болады. Қазір бидайды гектарына 6 – 7 центнер алғанымызға риза болып жүрміз. Алқап суарылса, өнімділік артады. Әр гектар 20 – 30 центнерден өнім беруі ғажап емес. Тиімділігі осы ғой! Су барған жер кеткен шығынды, еткен еңбекті міндетті түрде қайтарады.

Бұл әдіс мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек. Субсидия керек. Жоңышқа алқабын жылына 4-5 рет шауып жүрді. Бұл әдісті аңқатылық шаруалар қолданып көруі тиіс деп ойлаймын. Себебі оларға өзен жақын. Ыңғайлы. Тым болмаса, бір қожалықтың тәжірибесіне енгізу керек. Инвесторлар біздің көсегемізді көгертпейді. Он жерден мықты болса да инвестор бәрібір басында жергілікті биліктің қолдауына зәру болады. Билік істі жергілікті шаруалардың қолына беріп, соларды қолдауы керек. Бұл - бозбала күнінен шабындық пен егіннің басында жүрген тәжірибелі шаруа, «Правда» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Меңдіғалидың пікірі.

Біздіңше, Қайрақаң жөн айтады. Істі жергілікті шаруаларға беру керек, қолдауды да соларға жасау керек. Инвестор өзі пайда көріп болмай, біреуге пайдалы бола алмайды.

Біз келімсек кәсіпкерлерден тек пайда көреміз деп сенбеуіміз керек. Зиян да шегуіміз мүмкін. Осы Шолаңқаты жақтан игеремін деп жер телімін алып, кейін не өзі жаратпай, не басқаға бермей, ақыр соңы басы дауға қалған жоқ па бір инвестордың? Оны естіп-біліп отырмыз. Абырой болғанда, жер сотпен қайтарылыпты. Істің мән-жайын кейін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаров мырза толығырақ айта жатар. Міне, бұл жағын да ойлауымыз керек.

Шолақаңқаты өзені екі ауылды, округ орталығы Тоғанас пен Аңқаты ауылын бөліп тұр. Округ әкімі Ерлан Журалиевтің айтуынша, Тоғанас ауылында 107 үйде 441 адам тұрады. Ал Аңқатыда 43 үйде 172 адам тұрады. Өзен суын жаратып, бақша егіп жатқан бірен-саран тұрғындар бар екен. Өзенді көпшілік негізінен мал суаруға пайдаланып жүр. Шолақаңқаты су қоймасы Тоғанастан гөрі, Аңқатыға жақын. Қазіргі уақытта Аңқаты ауылында тек 1 шаруашылық егіншілікпен айналысады. Ол - «Жас дәурен» шаруа қожалығы. Қожалық биыл жалпы көлемі 300 га егін екті. Соның ішінде 100 га жерге арпа, 150 га алқапқа мақсары, 50 гектарға күздік бидай шашылған.

Біздіңше, үміт елдегі шаруаларға артылып, мүмкіндік соларға берілуі керек. «Елде болса ерінге тиеді» - демей ме?

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале