16.09.2017, 15:04
Оқылды: 36

Ақсай қаласының 50 жылдығына арналған шаралар басталды

IMG_4772Биыл - Ақсай қаласының ірге тасының қаланғанына 50 жыл жəне Қарашығанақ жобасы бойынша келісімнің қол қойылғанына 20 жыл. Соған байланысты шаралар "Құшағы кең Ақсай" атты мерекелік концерттен басталды.

- Жарты ғасыр ішінде Ақсай қаласы кеңінен қанат жайды. Тəуелсіздік жылдарында шаһарда қолайлы экономикалық климат қалыптасты. 50 жыл ішінде қала тұрғындарының саны 3,5 есеге артып, бүгінде 40 мыңға жуықтады. Бөрлі ауданындағы "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумы - шетел инвестициясын тартудың тұрақты кепілі болуда. Елбасымыз айтқан бизнестің əлеуметтік жауапкершілігі біздің аймақта айқын көрініс табуда. Мысалы, "ҚПО б.в." компаниясы бүгінге дейін облыста əлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 318 млн. АҚШ бөлген. Компания Бөрліде 2015 жылы 5, былтыр 6 маңызды жобаны қаржыландырды. Соның арқасында аудандағы жолдар жөнделіп, əлеуметтік нысандар салынуда. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп, спорт клубы пайдалануға берілуде. Березов жəне Бестау ауылдарының тұрғындарына арналған жаңа баспаналар бой көтерді. Жергілікті бюджеттен де маңызды жобаларға қаржы бөлінуде. Мемлекеттік-жекеменшік əріптестік аясында қаланы гүлдендіруге жан-жақты атсалысатын боламыз, - деген облыс əкімі Алтай Көлгінов Ақсай үшін облыс орталығында жүзеге асып жатқан "Ақылды қала", емдеу нысандарда электронды табломен кезек мəселесін шешу жобаларын іске қосу қажеттігін айтты. Жəне келесі жылы Орал-Тасқала-Саратов халықаралық автожолды жөндеу аяқталған соң, Бөрлі арқылы Ресейдің Орынбор облысына шығатын жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталатынын хабарлады.

IMG-20170916-WA0047Мерекелік шарада аудан əкімі Алдияр Халелов "Ақсай қаласының құрметті азаматы" атағымен марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері Озипа Наурызғалиева, Олег Перегудов, Мұхамбетқали Ақтауов, Идятулла Хасанов, Мереке Құрманғали, Шамиль Хусаинов жəне "Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектектері" ҚБ аудандық бөлімшесінің төрағасы Жетпісбай Бектеміров бар. Ал ҚР Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев жəне "ҚПО б.в." компаниясының бас директоры Ренато Малори, "Конденсат" компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов жəне еңбек ардагері Қуаныш Төлебаевқа "Ақсай қаласына 50 жыл" мерейтойлық медаль берілді. Аудан басшысы Алдияр Халелов биыл ауылдық округтердің 17 көшесіне асфальт төселіп жатқанын, Елбасы тапсырмасына сəйкес рухани жаңғыру аясында тиісті шаралар атқарылатынын айтты. Концертте Ақсай қаласы туралы əндер шырқалып, қазақ күйлері тартылды.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале