12.06.2019, 15:01
Оқылды: 59

Ақұштап Бақтыгереева: "Жастар түрлі арандатушылықтың құрбаны болып кетпесе екен деймін"

Қымбатты Ақжайық өңірінің тұрғындары!

aqushtap

Мен, ана ретінде бүгінгі таңда елімізде болып жатқан түрлі қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты бейжай қарай алмадым. Қазіргі кез ақпараттың дамыған заманы болғандықтан бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, ғаламтор арқылы әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылатыны да белгілі. Біреулер байланыстың бұл түрін игі мәселелермен ұштастырса, енді біреулері керісінше халықты дүрбелеңге салып жүр. Олай дейтін себебім, күні кеше өткен Президент сайлауынан кейін еліміздің түпкір-түпкірінде, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір топ жас біреулердің ықпалы мен үгіт-насихатына еріп, алаңдарға шығып қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берді. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Қазіргі заманда алаңға шығып, рұқсат берілмеген акциялар ұйымдастыру арқылы кез келген проблемаларды шешу мүмкін емес, керісінше құрдымға апаратын жол дер едім. Жекелеген біреудің қателігімен түгел қоғамға баға беруге болмайды. Қоғамда проблемалардың өте көп екенін біз жақсы түсінеміз. Оның бірі шешілсе, енді бірі өкінішке орай біз ойлағандай бола бермейді.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген тәуелсіздігімізді уысымыздан шығарып алмауымыз керек. Біздің елімізге, кең байтақ жерімізге көздерін тігіп отырған сырт жауларымыздың бар екендігін де есімізден бір сәт шығармағанымыз абзал. Кезінде әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең болған Ливия мен Сирия сияқты елдердің бүгінгі күйі қандай екенін жақсы білеміз.

Бірігу – бабалар өсиеті болса, бөліну – қоғам қасіреті. Соңғы уақытта полиция қызметкеріне деген қоғамда теріс кереғар пікірлер кеңінен тарап жатыр. Полиция да біз сияқты анадан туған адам, оның қызметтік міндеті елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өзіңіз ойлаңызшы, басымызға                   іс түссе, кімге хабарласамыз? Әрине, полицияға. Өйткені, қоғамдағы күндіз-түні халыққа қызмет көрсететін кім, ол – полицей. Мәселен, 2011 жылғы               12 қарашада Таразда болған лаңкестік жарылыс кезінде өз өмірін шүберекке түйіп, төтеп берген кім? Ол полиция капитаны Ғазиз Байтасов. Күні кеше             22 наурызда Атырау қаласында суға батқан әйелді құтқарып, ажал құшқан кім? Ол да – полицей.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жанындағы Консультативтік кеңесші органының мүшесі болғандықтан мен қазіргі полицияның жұмысын жақсы білемін. Бұрынғыдай емес полицияда әжептәуір бетбұрыс бар. Мұны тек «соқырлар» ғана көрмеуі мүмкін.                 Олар халыққа адал қызмет ету үшін түрлі шаралар қабылдауда. Халықпен тығыз байланыс орнатып, тікелей міндетіне жатпаса да қажет болған жағдайда қарапайым отбасыларға қол ұштарын беріп жүрген полицейлерді де естіп, көріп жүрміз.

Сондықтан көпке күйе жаға беруге болмайды! Әркім өзінен бастағаны жөн. Бүгінгі таңда біз қара бастың қамын емес, ұлы даланың тағдырын ойлауымыз керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі жастарымыз түрлі әлеуметтік желілердегі арандатушылықтардың құрбаны болып кетпесе екен деймін.

Ақұштап Бақтыгереева, 

Қазақстан Республикасының                                              

Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

"Алаш" Халықаралық әдеби сыйлығының иегері,

Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, 

Құрмет орденінің иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале