3.08.2017, 9:48
Оқылды: 33

«Ақжайық ақ жүрекпен ән салады» концерті өтті

Орал қаласының өнер ұжымдары «Қазмедиа» орталығының концерттік залында «Ақжайық ақ жүрекпен ән салады» тақырыбында концерт ұйымдастырды.


Орталық фойесінде Орал қаласының бейнесі берілген фотокөрме назарға ұсынылды. Фойеде қалалық скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті. Кейін концерт залында ән-күй әуеледі.

Алдымен «Арна» би ансамблі «Әжемнің сандығы» биін ұсынды. Белгілі жыршы Армат Ислямғалиев Сартайдың өр толғауын төгілте орындады. «Оралым» фолклорьлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтің дирижерлік етуімен «ЭКСПО – Ақжелең» күйі орындалды.

Облыстық камералық оркестр В.Водиканың «Симфония до мажор» əуенін шалқытты. Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында өткен «Славян базары – 2017» байқауының лауреаты Ержан Максим «Because we believe», Латвия елінің Рига қаласында болған «Нюстар Рудага» байқауының лауреаттары Мырзағұл Алмағамбетов мен Аяна Қажымова «Мəңгілік ел» әндерін әуелетті. «Қыз Жібек» термешілер ансамблі Асылхан Болтановтың «Қазақ елі жасасын" әнін шырқады.

Атап өтелік, облыстың мәдениет күндері аясында Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театр сахнасында облыстық қазақ драма театры «Троя арулары» трагедиясы мен Буляковтың «Қысқа ғұмыр» трагокомедиясын, А. Н. Островский атындағы облыстық драма театр әртістері М. Горкий атындағы тетарда А. Н. Островскийдің «Соңғы құрбандық», У. Шекспирдің «Он екінші түн» қойылымдарын сахналады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале