12.09.2017, 15:07
Оқылды: 37

Ақжайық ауданында Сағынғали Сейітовтің мүсіні ашылды

Қаламгер, әдебиет зерттеушісі, көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар ол түлеп ұшқан Ақжайық ауданында жалғасты.

Осы күнмен кітапханашылардың «Цифрлы Қазақстан: кітапхана дамуына жаңа серпін» атты форумы тұстас келуі мерейтойлық шаралармен ғажап үйлесім тапты. Батыс Қазақстан аймақтарынан кітапханашылар жиналған форумның ашылуында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі. «Қылышынан қан тамған тоталитаризмнен қаймықпаған Жұбан Молдағалиев пен сырлы да сұлу жырдың иесі Сағынғали Сейітовтің тағылым-тəлімін жас ұрпаққа жеткізуде ой ордасы, рухани отаулар – кітапханалардың алар орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласында көзделген мұраттарға жетуде сіздерге, яғни нағыз шексіз қазына сақшыларына халқымыз зор сенім жүктейді»,-деді ол.

Аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері, құрайлысайлық кітапханашы Мейірман Шәкенов жиналғандарға жырдан шашу шашты.

Ауыл-аймақты кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етіп, оқырмандардың түрлі оқулықтар мен әдебиеттерді оқуға мүмкіндік туғызуда кітапханаларда заман талабына сай құтты қадамдар бар. Ақжайық ауданы бойынша 45 кітапхананың 8-і модульді болып табылады. Бұл форумға келген делегация құрамында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева, Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл, төрт облыстан кітапханалардың өкілдері С.Сейітов сынды поэзия тарланбозының еңбегін насихаттауға байланысты тәжірибелерін ортаға салды.

С.Мұқанов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Ғ.Орманов, басқа да әдебиет алыптарымен иықтаса еңбек еткен Сағынғали ағаның мәселен, Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет секторында қарымды еңбек еткен кезінде «Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктері» атты ұжымдық қомақты еңбектің төрт тарауын, өзіне көркемсөзде ұстаз тұтқан көрнекті қалам қайраткерлері – Ғ.Мүсірепов пен Т.Жароков туралы сыни-ғұмырнамалық очерктер жазып, Қ.Жармағамбетовпен бірге С.Мұқанов шығармашылығын безбендегені. «Қырық жылда» монографиясының негізінде ғылыми диссертация қорғағаны баяндалды. Форум «ХХІ ғасыр кітапханасы: позитивтік өзгерістер» атты экскурсияны тамашалаумен жалғасты.

Аудан орталығындағы Жұбан Молдағалиевтың ескерткіші жанында мерейтойға арналған сағат өтті. Осында оларды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі. Ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінен ойып тұрып орын алған әйгілі Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтың арасындағы байланыс пен сыйластықтың талайға үлгі болатынын әңгімелеп, оларды ұлықтауға байланысты әлі талай іздену керегін атап көрсетті.

Аудандық «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшесі, Қ.Байсықов мектебінің 11 сынып оқушысы Аружан Махамбетова С.Сейітовтың өлеңін оқыды. Жиналғандар Ж.Молдағалиевтың сөзіне И.Жақанов жазған әйгілі «Еділ-Жайық» әніне өткен жылы қойылған ескерткішті тамашалаумен, аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі С.Сейітовтың тұтынған заттарынан жасақталған жеке кабинетінің ашылуымен жалғасты. Музейде қаламгердің жылдар жүзінде жарық көрген кітаптары, еңбегі үшін алған медальдары, қазақ-кеңес әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін алған грамотасы, жақын жандарымен, майдангер жолдастарымен түскен фотосуреттері, сонымен қатар, жеке заттары: домбырасы, қамшысы, киген киімдері және жұмыс үстелі қойылған.

1936 жылы облыстық газетте жарияланған тырнақалдысынан бастап, халықтың баласы болған тарланбоздың 70 жылға жуық шығармашылық жолында 50-ге тарта туындысының тұсауы кесілді. Таңдамалы томдықтарымен қатар әдебиет оқулықтарын, құнды ғылыми монографияларын жарыққа шығарды. 60-70 жылдары «Правда», «Красная звезда», «Литературная газета» газеттерінде, «Октябрь», «Знамя», «Советский воин» журналдарында, «Советская поэзия за 60 лет» 4 томдық антологиясында, кейінірек «Казахстанцы о Москве» (1998), «Казахстанцы защищают Москву», (2001) монументтік басылымдарында өлеңдер топтамалары жарияланып, оның еңбегі тіпті алысқа танылды. Осындай абзал жанның шығармаларын, еңбегін әлде де кеңінен насихаттау жолында атқарар іс аз емес. Қаламгердің ескерткішін ашу салтанатында осы жайында айтылды. Жалпы биіктігі 1,9 метр бұл кеудетұғыр (авторы Дмитрий Баймұқашев) аудандық кітапхананың алаңында орнатылды.

Ашылуына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай сөз алды. «Бар өмірін әдебиетке арнап сарп еткен қаламгердің жұрт жүрегіне жазылғаны осы емес пе. Осы тұлғаны Алматы, Астана қалаларында ұлықтаған шаралар өтуде, десек те, кіндік қаны тамған жердегі шырайлы күндердің жөні бөлек. Бұл кеудетұғырды қазақтың рухына қойған есерткіш деп санауымыз керек»,-деді ол. Дидар Сағынғалиқызы және мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева ескерткіштің жамылғысын ашты. Ағаның қызы көзіне жас алып тұрып, «әкеміз ортамызға келгендей, ерекше толқып тұрмын»,-деп сөз саптады. Абай атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Жанболат Нығматуллин ақынның «Сен мені іздейсің бе, оқырманым?» атты өлеңін мәнерлеп оқыды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале