8-707-808-48-55
30.07.2018, 18:33
Оқылды: 415
Ақжайық өңіріндегі өрелі һәм өнегелі істер  

 «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, дүние жүзін жаулап алар еді».Бүгінде әлеуметтік желілерді шарлап жүрген Ресейдің атышулы патшайымы ІІ Екатеринаның осы бір айшықты сөзінің астарында қазақ халқының рухының асқақтығын, тамырының тектілігін, болмысының бекзаттығын әйгілейтін зор мағына соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініп тұр. Ал кемеңгер жазушы Ә.Кекілбаев бұл ойды толықтырып:

«Білекке сенер заманда

Ешкімге есе бермедік.

Білікке сенер заманда

Қапы қалып жүрмейік», – деп заманның өзгергенін, соған сәйкес ұлттық құндылықтардың жаңаша сипат алғанына басымдық береді.


Сөзбасы

Қазақ халқында «бой түзеу» деген қасиетті де қымбатты түсінік бар. Бала әкесіне, іні ағасына, ұжым басшысына, ел көшбасшысына қарап бой түзейді. Бұл – аксиома. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын өңірімізде шыққан «Қазақстан» газетінде ұлт марқасқалары «ел билігі түзелмей, ел түзелмейтінін» тасқа басып, кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен.

Осы ретпен келгенде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласы мұқым қазақ баласы назар аударарлық бағдарлама. Олай дейтін себебіміз біз сияқты тәуелсіздігін алып, аяғын қаз-қаз басқан балауса мемлекеттердің тарихында тілге жиі тиек болатын екі ерекше  ұғым бар.

Оның біріншісі – деколонизация (отарсыздану). Қазақша мағынасы отаршылдықтан һәм құлдық санадан арылу. Екіншісі – неоколонизация (жаңа отаршылдық).

Әлқисса...

Отарсыздану саясатын сәтті жүргізе алмаған жауқазын елдердің бірте-бірте егемендігімен бірге мемлекеттілігінен айырылатынын әлемдік саяси тәжірибеден жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алғанда аталмыш құнды құжат отарсыздану үдерісінің қанат қақты қарлығашы деуге толық тарихи негіз бар.

Иә, ел тәуелсіздігімен бірге өндірістік һәм қоғамдық қатынастарымыз өзгеріп сала берді. Тарқатып айтсақ, нарықтық қатынастарға негізделген капитализм азаттығымызбен қатар өмірімізге енді. Алдымен экономика деген түсінік суырылып алға шықты. Советтік һәм социализм дәуіріндегі рухани құндылықтарға деген ерекше құрмет қас қағым сәтте 180 градусқа кілт бұрылды.

Ұлттың ұпайын түгендеудегі үркердей үйірілген үйір ақын-жазушылар мен ұстаз-ғалымдарға деген социализмдегі мемлекеттік ерекше қолдау, сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне негізделген, соның нәтижесінде материалдық игіліктерді алға шығаратын, аяғын тәй-тәй басқан капитализмнің балалық шағында  көзден бұлбұл ұшты. Бұл – егемендігіміздің елең-алаңы, тәуелсіздігіміздің таңсәрісі еді.

Сайып келгенде капитал билеген қоғамдағы қызылды-жасылды дүние пенделердің көзқұртына айналып, оған өлермендене ұмтылу қалыпты жағдайға айналып, кеңестік-коммунистік режимнің жұлын тұтасын құраған рухани құндылықтардан қашықтап, ғасырлар бойы елдіктің өлшемі саналған ұлт руханиятына қоғамдық көзқарастың кеміп бара жатқанын көрген халық кімге, неге сенерін білмей абдырап қалғанын кімнен жасырамыз?!

Сөйтіп, капитализммен бірге келген әлеуметтік-экономикалық өмірдегі күрмеуі шешілмей жатқан көптеген қиыншылықтар тәу етер тәуелсіздігіміздің қадірін кемітіп, «бүгінгімізден бұрынғымыз жақсы еді» деп, жел сөзден қара құйын ұйытқытатын сәуегейлердің санын көбейтті.

Қазақтың тең жартысынан астамын қынадай қырып жіберген, тағы бір бөлігін аздырып-тоздырып босқынға ұшыратқан Кеңестік империяның қанқұйлы саясатын ақтағымыз жоқ. Десек те даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза-Әлі әділ байқағандай: «Біз рухани саладағы дағдарысты көріп-біліп отырмыз. Әуелі елдің шаруасын, экономиканы түзеп алайық» деп жүрдім-бардым қарады. Ал экономика бірер жылда оңалып кете қоя ма?.. Енді өзің ой жүгіртіп көрші, кеңестік (советтік) Қазақстанда опера театры қашан ашылды? Ұлттық кітапхана қашан ашылды? Ғылым академиясы қашан ашылды, филармония қашан ашылды? Осының бәрі аштық пен соғыс жылдары ашылды. Яғни рухани үзіліс болған жоқ. Керісінше, рухани тұрғыдан үздіксіз дамудың үстінде болдық.

Егер экономиканың түбегейлі түзелгенін күтетін болсақ, бір емес, тіпті екі буын марқұм болып кетуі ықтимал. Шынымен өлген адамды көміп құтыласың ғой. Ал енді рухани өлген адам жаман. Ол сол тірі өлік қалпында жүріп, қоғамыңа, қазағыңа, ұлттық мүддеге қарсы болады және бір таңғаларлығы – ондайлар өлермен келеді» (Алтын Орда. – 2002. – 11-17 қазан. – № 41).

ХХ ғасырдағы Кеңес үкіметі ұсынған «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп әспеттелген идеология аға буынның есінен әлі шыға қойған жоқ. Сөз арасында айта кеткеннің артықтығы жоқ, бодау дәуірдің өзінде-ақ қазақ-совет интеллигенциясы өз туындыларына ұлттық мүддені сыналай енгізіп, әлсіреп бара жатқан ұлттық иммунитетті сақтап қалу жолында жанталаса қимылдап, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін іркес-тіркес, кесек-кесек классикалық шығармаларымен дәлелдеп кетті.  Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат.

Десек те, осы орайда мына нәрсеге тереңірек назар аударған дұрыс. Ақиқатында, Кеңес үкіметінің түпкі мақсаты – қазақты жарылқап, өркендету емес, орыстандыру, отарлау саясатын абайлап, астарлап, жымысқылықпен жүзеге асыру еді. Отаршылдықта ешқандай ізгілік, мейірімділік болмайтынын өмірдің өзі көрсетті.

Қалай болғанда да большевиктер тарихта бұрын-соңды болмаған өзге жүйе құрып, советтік сана қалыптастырды. Империя бар күш-жігерін соған арнады. Сан жылдар бойы халықты сол идеяға иландырып, сендірді. Үш буын ұрпақ сол құндылықтармен өмір сүрді.

Сөйтіп ұлттық бітім-болмысымызға жат дүниелердің етімізден өтіп, сүйегімізге дейін бойлай сіңіп үлгергені сондай, әлі сол санадан толық арыла алмай жатқан жайымыз бар. Осындайда атам қазақтың «батпандап кірген ауру мысқылдап шығады» деген даналық сөзі еске түседі.

Түйіп айтқанда, біріншіден, бойымыздағы кеңестік-коммунистік режим салған отаршылдықтың сарқыншақтарынан біржолата арылу, екіншіден, ел тәуелсіздігімен бірге келген жаһандану атты аждаһа заманның ауызына жұтылып кетпеу үшін, алаш баласының рухани санасын дүр сілкіндіру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселесіне айналды.

Демек, Елбасының айтулы мақаласының басты мақсаты – өркениетті, дамыған мемлекет боламыз десек әлемдік деңгейдегі ақыл-ой дариясына еркін бойлай алатын  ұлттық санасы асқақ, замана сұранысына лайық білім-ғылым һәм технологияны тез меңгеріп, «екі тізгін бір шылбырды» тең ұстайтын симбиоз (қоспа) түзіліске негізделген жаңа қоғам, жаңа буын, жаңа ұрпақ қалыптастыру.

І. Дәстүр 

 «Ұлттың жоғалуы – мемлекеттің жоғалуы» (Жапон даналығы)

 Біздіңше, Елбасы мақаласының бірінші бөлімі «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп айдарлануы кездейсоқ емес. Өйткені біз бірнеше ғасырға  созылған бодандық езгінің салдарынан ұлттық санамыз көмескіленген халықпыз. Итальян ойшылы Николла Макиавеллидің: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген сүйіспеншіліктен, отансүйгіштіктен айырылып, жалтақ, көнгіш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды» деген әйгілі сөзі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бізге ілкі кезде, егер тәуелсіздігімізге тезірек қол жеткізсек, бодандық дәуірдегі барлық қиыншылықтар мен ауыртпалықтар кейінге ысырылып, барлық мәселе өзінен-өзі шешіле салатындай көрінетін. Бірақ, уақыт өте келе  мына алмағайып заманда ешнәрсенің оңай емес екеніне, тәуелсіздігімізді ұстап тұру, тәуелсіздігімізді алғаннан бетер қиын екеніне көз жеткізе бастадық. Бір нәрсеге ерекше тоқталғым келеді, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса бізден де кейін толқын-толқын қазақ баласы тарих сахнасына көтерілері сөзсіз, олар бәрін де кешіреді, тек бір ғана нәрсені  кешірмесі белгілі, ол, әрине қастерлі тәуелсіздігімізден  айырылып қалмау және оны көздің қарашығындай сақтау» деген соны пайымымен үндесіп жатыр. Жинақтап айтсақ, аталмыш стратегиялық бағдарлама – ұлы көштің бастау бұлағы, осыған сәйкес атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен.

«Рухани жаңғыру» қақындағы ой-байламымызды осы жерден доғара тұрып, Елбасының осы бір алысты болжап, қияны шолатын бірегей бастамасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында  қолға алынып, жүзеге асып жатқан сан-салалы ауқымды жасампаз жобаларға көктей шолу жасайық.

Taksay hanshaiymyСоның біріншісі – «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында қолға алынған өңіріміздегі ауқымды шаралар. Республикалық ірі нысандар қатарына облысымыздан 7 тарихи орын кіргені белгілі. Оның бәріне бұл жолы тереңірек үңілу біздің басты мақсатымызға жатпайды.

Мәселен, 2011 жылы археологтар Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының аумағынан 500-ге тарта алтын әшекейлермен көмкерілген әйел адамның сүйегін тапқан еді. Ол тарихымызға «Тақсай ханшайымы» деген атпен еніп, қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Мұны мамандар археологиядағы теңдессіз жаңалық деп бағалады. Бүгінде «Алтын ханшайымға» кесене салынуда.

ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен жалпы білім беретін орта мектептің оқулығына,  еліміз бойынша табылған көне дүниеміздің асыл жауһарларының қатарына «Тақсай ханшайымының да» енуі көңіл сүйсінерлік жайт. (Төлеубаев Ә.Т. және т.б. Ежелгі Қазақстан тарихы. 6 сынып. Алматы: Атамұра, 2015. – 103б.).

Қасиетті орындардың қатарына енген қазіргі Орал қаласының алғашқы іргетасы ортағасырлық Жайық (Теке) қалашығының да Өлке тарихы үшін тарихи маңызы орасан зор.

Жүздеген жылдар бойы Орал казак-орыстардың қаласы, оның негізі 1613 жылы қаланған деген жалған түсінікке соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер қақырата соққы берді. Жайық, Шаған және Деркөл өзендері сақиналай орап жатқан  табиғаты таңғажайып мекенде отарлаушылар келгенге дейін ешқандай қала-қоныс болмады деген кеңестік стереотип тіпті де ақылға сыймайтын еді.

Қысқасы, Қасиетті Қазақстан жобасы аясында Жайық қалашығының жақын күндері ашық аспан астындағы мұражайға айналатындығы өлке тарихына жаңа серпін беретін ерекше қадам екені және өңір басшысының жақында ғана көне шаһар тарихынан сыр шертетін салмақты тарихи-деректі кітапты шығаруға мұрындық боламыз дегенін ерекше айтқымыз келеді.

Осы орайда айрықша атап өтерлік нәрсе, оралдықтар жыл сайын асыға күтетін «қала күні» мерекесі былтырғы жылы тұңғыш рет көне шаһар орнынан бастау алып, ұлттық дәстүр бойынша мал сойылып, ата-бабалар рухына құран оқылып, қазақтың ән-күйінің Жайық (Теке) қаласының орнында әуелегені қалалықтарды ерекше әсерге бөледі.

Батыс Қазақстан облысында қолға алынып, жұртшылықтың айрықша назарын аударып отырған тағы бір қасиетті орын облыс орталығынан 550 шақырым қашықтықта жатқан Хан ордасы ауылы – 1801 жылы құрылған Бөкей ордасының астанасы, іргетасын Жәңгір хан 1826 жылы қалаған елдімекен.

dorogaБұл жер тұңғыштардың Отаны саналған киелі мекен һәм алты алашқа әйгілі ақиық алыптардың кіндік қаны тамған қасиетті қоныс. Күні кеше Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өңірімізге жасаған сапарында аталған ауданға екі жолақты тас жол төсеуге ҚР Үкіметіне тапсырма беруі батысқазақстандықтар үшін айтулы жаңалыққа айналды.

Сондай қасиетті жерлер қатарына кірген Жәнібек ауданындағы Ғұмар Қараш зиратына қомақты қаражатқа бүгінде заманауи үлгідегі кесененің салынып жатқандығы, тоғыз жолдың торабында орналасқан Сырым ауданындағы «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» кесенесі мен әулие атындағы қордың ұйымдастыруы және жергілікті жамағаттың қолдауымен игілікті істердің тұрақты әм табиғи-ырғақты түрде жүзеге асырылуы немесе Жымпитыдағы Алаш мұражайының ауқымды жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарып жатқандығы әрі осы мұражайдың жақында ғана республикадан бас жүлдені қанжығаға байлағаны облыста атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың бір бөлшегі ғана.

Екінші. Батыс Қазақстан өңірі – жыраулар мен батырлардың Отаны. Мұқым қазақ баласына жақсы таныс «Бес ғасыр жырлайдының» алғашқы парақтарындағы Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулардың іздері Ақжайық өңірінің тарихында сайрап жатыр. Мәселен, Мұрын Сеңгірбекұлының «Қарғабойлы, Қазтуған» жырындағы:

«... Асан қайғы көшкен жер,

Шыңғырлау, Торыат басы еді.

Қыземшекті Саршоқы,

Осы судың қасы еді.

Асан қайғы Туғанның

Бөлінген жері осы еді...», - деген шумақтарына иек артқан шыңғырлаулық ағайын, өткен жылдың күз айларында болған конференциядағы қарарлардың бірінде Асан қайғы бабамызға аудан орталығында ескерткіш белгі орнатуды күн тәртібіне шығарса, облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласында биылғы жылы «Исатай-Махамбет» батырларға ескерткіш бой көтеретіндігін тікелей эфирде өткен «Әкім сағатында» жалпақ жұртқа жария жасап, көптен көтеріліп келе жатқан мәселеге нүкте қоятынын айтты.

eskertkishСоңғы жылдары Орал қаласында қазақтың үш батыр қызы, Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға, күй атасы Құрманғазы мен Динаға еңселі ескерткіштер еңсе тіктесе, Сырым ауданының орталығы Жымпитыда белгілі қылқалам шебері Мұратбек Жоламанов пен Зеленов ауданынының орталығында дауылпаз ақын Қ.Аманжоловтың кеуде мүсіндері, Казталовка ауданы Жалпақтал ауылында әйгілі суретші Сәкен Ғұмаровқа ерекше үлгідегі ескерткіш бой көтерді. Жақын күндері Қаратөбе ауданының орталығында академик Қажым Жұмалиевтің ескерткіштерінің шылуы күтілуде. Ал Астананың 20 жылдығына батысқазақстандықтар атынан сыйға тартылған қазақтың қаһарман қызы М.Мәметованың ескерткішінің жөні тіптен бөлек.

Үшінші. Жайық өңірінде мұқым қазаққа мәшһүр талай дүлдүлдердің кіндік қаны тамып, табанының ізі мен рухани бай мұрасы қалған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірге жасаған сапарларының бірінде «Орал қаласы – біздің еліміздің інжу-маржаны» деп бағаласа, Әбіш Кекілбаев «Батыс Қазақстанды қазақ өнерінің Венасы» деп ой қорытты.

Вена қаласын мекендеген Гайдн, Шуман, Моцарт және басқа ұлы композиторлардың өнеріне бүкіл әлем тамсанса, Жайық өңірінен түлеп ұшқан Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен, Түркештермен қатар Дина, Ақбикеш, Айжан сынды дәулескер күйшілер де сайын даланы ұлы сазға бөлеп өтті. Соның ішінде Құрманғазы мен Динадан бастап Охап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Тұяқберді Шәмеловке дейін талай талант түлеп ұшқан Жаңақаланың күй астанасы, күй қағанаты деп аталуы да тегін емес.

Қаратөбенің Саралжынындағы Ақбақай көлінің жағасында төрелердің шағын пантеонында жатқан, тұтас батыстық дәстүрлі ән мектебінің негізін қалаған, үш жүзге ән оздырған сал Мұхиттың өзі неге тұрады?!

Мұндағы айтпағымыз не? Ақжайық өңірінде ғасырлар бойы қалыптасқан рухани бай дәстүрдің одан әрі жалғасып, биылғы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ЮНЕСКО көлеміндегі 200 жылдық мерейтойына орай облыста кешенді шаралар қолға алынды.

Соның бірі – «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты халықаралық ғылыми экспедициясы БҚО-ның Қаратөбе, Жаңақала, Жалпақтал (Көктерек ауылы) аудандары, РФ Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылы, Сақмаға дейінгі аралықтағы мыңдаған шақырымдық жолды жүріп өтті.

Мәдени-рухани жорықтың белсендісі Дариға Мұштанованың айтуынша бұл экспедиция 12 құмға бөлінетін Бекетай құмын қақ жара кешіп өтіп, жол бойы сол өңірді жатқа білетін ел адамдарының әңгімесін сарқа тыңдап, үлкен олжаға кенелген және Құрманғазы тарихындағы біраз ақтаңдақтардың басын ашып қайтқан.

Han bogetiСөз реті келгенде айта кетейік, осы мақала жазылып жатқанда тағы бір экспедиция жолға шықты. Ол Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің ұйымдастыруымен жорыққа аттанған «Хан бөгеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы. 11-15 шілде аралығына жоспарланған сапар барысында ғалымдар РФ Волгоград облысы аумағындағы тарихи орындарды араламақ. Мақсат – Бөкей Ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханның жазғы ордасы болған, бүгінде Ресей аумағындағы Тарғын өзені бойында сақталып қалған «Хан бөгетін» тарихи-мәдени мұра ретінде зерттеу.

Төртінші. Аталмыш бағдарламаға сәйкес «Рухани қазына» облыстық фестивалінің жоғары деңгейде жарқырап өтуі.  Байқау барысында қазақы, ұлттық өнерімізді  дәріптей отырып, жаңа инновациялық бағыттағы жұмыстарда көрініс берді.

«Рухани қазына» облыстық фестивалінің өту мақсаты: Қазіргі жаһандану дәуірінде жан-жақтан ақпараттар ағыны ағылған кезеңде ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды сақтап, оны жас ұрпаққа табыстап, бойына сіңіруде жалпы қоғамды кітап оқуға шақыруда кітапханаларда атқарылып жатқан іс-шаралар легі аз емес. «Рухани қазына» байқауы аудандық, қалалық, отбасылық маңызы бар мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтар арасында өтіп, 16 аталым бойынша үздіктерді анықтады.

Alashorda Syrym Zhympity (1)Бесінші. Сырым ауданының орталығы Жымпиты Алаш Орда үкіметінің батыс қанатының астанасы болғаны баршаға аян және оның Қазақстанның қасиетті жерлерінің сапынан орын алуы кездейсоқ емес. Көрнекті қаламгер Әнес Сарайша айтсақ, «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» (Егемен Қазақстан. – 2018. – 20 наурыз.).

Иә, өлке тарихындағы жарқын беттердің бірі – Күнбатыс Алаш Орда тарихы. Былтырғы жылы Алаштың 100 жылдығына орай, облыс орталығында «Алаштан тәуелсіздікке және Қазақстанның ұлттық бірігуіне» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, хронологиялық ретімен жүйелесек, Сырым, Ақжайық, Шыңғырлау, Зеленов, Казталовка, Жәнібек, Тасқала аудандарында және жақында ғана Қаратөбе сьезінің 100 жылдығына орай, қандай шараға да мұқият дайындықпен келетін қонақжай қаратөбеліктер  ұйымдастырған семинарлардың жоғары деңгейде өткеніне куә болдық. Әр конференция өзіндік ерекшелігімен есімізде қалды. Мұның бәрін кеңейтіп жазып жатуға мақала көлемі көтермесі белгілі.

Alashorda Syrym ZhympityМәселен, Алматыдан арнайы ат терлетіп келген белгілі алаштанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың Ақжайық ауданындағы конференциядан кейін «Орал өңірі» газетінің бірнеше санында жарық көрген «Ұмытылмас үш күн» атты әсерге толы мақалалар топтамасында осы ғылыми жиынды ұйымдастырушылар мен жергілікті оралдық жас тарихшылардың ғылыми әлеуетіне жоғары баға беруі  (Мақсат Тәж-Мұрат. «Ұмытылмас үш күн (өлкетанушының қойын дәптерінен»//Орал өңірі. – 2017.– 28,  – 30 қыркүйек; – 5 қазан. – №№116,117,119), шын мәнінде атқарушы биліктің қиқу шығармаса да өңірімізде біраз шаруаларды тындырып жатқанына және жергілікті зерттеушілердің қажырлы еңбегінің арқасында өлке тарихының соны ізденістермен толығу үстінде екенінің анық дәлелі.

Алтыншы. Кейде күнделікті ұсақ-түйек жұмыстардың мәніне терең үңіліп жатпай, оларды «Рухани жаңғыру» деп ұрандатып жіберетініміз жасырын емес. Бұл біздің әлі де аталған бағдарламаның тұңғиығына бойлай еніп, талдап-тарқатып, саралай алмай жатқанымыздың айғағы. Дегенмен, өзгелерге үлгі боларлықтай істер де аз емес.

Еліміз бойынша алғаш ауызға ілігіп, республика жұртшылығының назарын Жайыққа аударған жерлесіміз Нұрлыбай Жолдыбаевтың Казталовка ауданы Сарықұдық ауылында ауылдастарына жаңа үлгідегі емхана салғанын айрықша айтуымызға болады.

Кеше ғана өңірімізге Астанадан арнайы келіп, облыстағы «Рухани жаңғыру» аясындағы бір жылдық жұмыспен етене танысқан республикалық комиссия мүшелері де ел мақтаған жігіттің өз қаражатына тұрғызғын нысанына ат басын бұрып, отандастарының арасынан топ жарып, суырылып шыққан мәрттігіне айрықша ризашылықтарын білдірді.

Сол сияқты Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылындағы Утва өзеніне жергілікті меценаттың көмегімен салынған көпірдің ашылу салтанатын айтуға болады. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушы қонақтар мен жергілікті халықтың көңілінен шықты. Кәсіпкер Мирболат Тасмағамбетовтың жерлестеріне жасаған қайырымдылығының өзі жүректі елжіретпей қоймайды.

Өңірімізде «Туған жер» жобасына  2017 жылы меценаттардың өз қаржысы есебінен 2,5 млрд. теңге жұмсалып, 60 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан (балабақша, спорт кешендері, медициналық амбулаториялар), 5 мәдениет нысаны (ескерткіштер, музейлер) салынды және жөндеуден өткізілді.  24 нысанда абаттандыру (кіші сәулет формалары, саябақ, тынымбақтар) жұмыстары атқарылды. 21 нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Қысқасы, Орал қаласында «Туған жер» арнайы жобасы аясында өткізілген «Жомарт жүрек – 2017» облыстық байқауының нәтижесінде 22 меценат әртүрлі аталымдар бойынша сый-құрметке бөленді.

Задында қазақ халқы баласын бағзы заманнан мемлекетшіл, отаншыл, елшіл қылып тәрбиелегені және халқына қамқор ұлдардың текті, белді, аталы әулеттерден шыққаны халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде сайрап жатыр.

Жылдар бойы үстем таптың өкілі саналған «бай» туралы түсінігіміздің солғын тартқаны сондай, соңғы кезге дейін қазақтың эпостық жырларындағы бас кейіпкерлер, яғни ел қорғайтын ұлы мақсаттағы ерлер негізінен байдың ұлы болып келетініне онша мән бергеніміз жоқ.

Алайда ұзаққа созылған отаршылдық дәуір қазақ баласының ұлттық санасын бірте-бірте деформациялап, ұлт болмысындағы  ірілік, кісілік, мәрттік мінездің уақыт өте көмескіленіп, әлсіреп, ұсақталғанын кімнен жасырамыз?!

Қазақтың қанында бар асыл қасиеттерінің ел тәуелсіздігімен, әсіресе қоғамдық сананың түлеуімен бірге қайта жаңғыруы назар аударарлық әм көңіл сүйсінерлік нәрсе. Асылы мен нәсібіне арам араластыруды тексіздікке балаған дана халқымыз «дәулет сауаптан болса ғана қайырлы» деп, Атымтай жомарттарын қашан да ардақтап, ерекше құрметтегенін ұмытпайық! (Жақсығалиев Ж.  Атымтай жомарт» қашан да ардақты // Орал өңірі. – 2018. –28 сәуір. № 47).

kulpitasЖетіншіден. Соңғы жылдары облысымызда «Құлпытас сырын ашайық» жобасы негізінде сыры жұмбақ күйінде жатқан көне қорымдардағы араб әліпбиімен жазылған құлпытастарды «сөйлету» басталды. Мұның өзі құлазыған құла түзде қатар-қатар қаздиып тұрған «көктастарға» оймышталып, қашалып қалған бабалар тарихының құпиясын ашып, бүгінде халық жадынан ұмыт бола бастаған айтулы тұлғаларымызға «жан бітіргендей» жаңа жоба болып шықты.

Түптеп келгенде, Батыс Қазақстан облысының арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болып көрмеген өте ауқымды һәм кешенді зерттеулер қолға алынып, өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады.

Басқаларын айтпағанда, соңғы үш жылда бірінен соң бірі Кіші жүзді билеген үш ханның құлпытасының табылуы. Анықтап айтсақ,  Ақжайық ауданынан Есім Нұралыұлының (1795-1797), Теректі ауданының аумағынан Айшуақ Әбілқайырұлы (1797-1805) мен Жантөре Айшуақұлының (1805-1809) асыл сүйектерінің мәңгілік тыным тапқан жері анықталып, нақтылануы. Бұлардан басқа қаншама әулиелеріміз бен батырларымыз, билеріміз бен байларымыз, т.б. қазақ тарихындағы айтулы тұлғаларымыздың зираты табылып отыр.

Сегізіншіден. Орал қаласында кеше ғана Ақ Жайық айтысының 60 жылдығына арналған «Жалындаған жыр Жайық» атты республикалық ақындар айтысы дүркүреп өтті. Айтыс аламанына Астана, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен облысымыздың аудандарынан 20 ақын қатысты. Сайыс қорытындысында Жәнібек ауданы атынан шыққан Мұрадым Мирланов бас жүлдені қанжығаға байлады.

Шараның басты мақсаты – өңір айтысының жүгін арқалаған  ардагер ақындарды қадірлеп, оларға сый-құрмет жасау, өңірдегі айтыс өнерінің көшін жалғап жүрген жас таланттарды қанаттандыру, шабыттандыру, жігерлендіру және сөз өнерінің құдіретін республикалық деңгейде насихаттау.

Екі күнге созылған шара барысында өңірдегі айтыс өнерінің дамуы мен болашағы туралы «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, кезінде айтысқа қатысқан сөз сүлейлері  «Жайық айтысына – 60 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

«Бұдан алпыс жыл бұрынғы мен қазіргі айтыстың арасы, әрине, жер мен көктей. Айтыстың деңгейі жоғарылап, шетінен айтқыш жастар көбейді. Бұл – қазақтың айтыс сынды ұлттық өнерінің өлмейтінінің жарқын көрінісі»,-деді қазылар алқасының төрағасы, қазір Алматы қаласында тұратын журналистика саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ғарифолла Көшенов.

Тоғызыншыдан. Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Мақсат – қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру.

Орал шаһарындағы мерекелік шара Құрманғазы мен Дина ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Осы жерде жергілікті саз мектептерінің шәкірттері күйден көрерменге шашу шашты. Мақаламыздың басында есімдері аталған талай дүлдүлдер шыққан қасиетті Жайық топырағының жұртшылығы күй құдіретін, саз сиқырын жан жүрегімен түйсініп, түсінетіні исі қазаққа аян.

dombyra kuni

dombyra kuni

Бұл күні қаланың әр түкпірінде, аудан, ауылдарда домбыра аспабын ұлықтаған көрмелер, «Домбырапарти» шаралары өтіп, осы күні жарық дүние есігін ашқан 15 нәрестеге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс басшылығы тарапынан домбыра сыйға тартылды.

Айта кету қажет, алғаш рет Ұлттық домбыра күніне орай өткізілген шаралар ҚР Тұңғыш Президенті алаңында өткізілді.

Қысқа қайырғанда, ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылуда. Ұлтымыздың ұлы мұрасы – домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында барлық мектептерде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнату қолға алынды. Оған қоса мектептерде домбыра үйірмелері кеңейтілуде. Сонымен қатар облыс, аудан орталықтарының көпшілік жиналатын орындарында музыка мектептерінің ұлт аспаптар оркестрлері демалыс күндері өнер көрсетуде.

Осы орайда, Қаратөбе ауданының орталығына кіреберістегі қазақтың қасиетті қара домбырасына арналған ескерткіш-белгі мен кеше ғана Зеленов ауданының орталығы Переметныйда ашылған домбыра мүсінін айтуға болады.

Оныншыдан. «Жайықтың қасиетті орындары» атты өлкетанушылардың республикалық форумы Орал қаласында басталып, Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым, Жәнібек, Бөкейордасы аудандарында бес күн бойы жалғасты. Еліміздің түпкір-түпкірінен шақырылған музей мамандары, өлкетанушылар, форум қонақтары мен қатысушылары жалпыұлттық қасиетті орындар тізіміне енген нысандарға сапарлап, облыстың музейлеріне саяхат жасады. Тарихи орындарда театрландырылған қойылымдар ұсынылып, қатысушылар бір сәт өткен ғасырларға серуендеп қайтты. Форум аясында музей саласының мамандары озық тәжірибемен алмасып, БҚО-дағы музей ісінің үздіктерінің жетістіктерімен танысты. Облыстық музей алдында ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі, домбыра-party, сән көрсетілімі, мерекелік концерт, «Музей түні» шарасы өтті.

Байқағандарыңыздай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы бері облысымызда ұлттық дәстүрді ұлықтау бағытында атқарылған іс-шаралар тізімі осылай жалғаса береді, оның бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес және мысалдарды тәспідей тізе бергеннен мәселенің мәні көп өзгермейді. Біз негізінен өзіміз байқаған, өзіміз араласқан шаралар мен маңызды деп тапқан қадау-қадау дүниелерді ғана саралап отырмыз.

Мына нәрсені ашық айтуымыз керек. Ақжайық өңірінің геосаяси тұрғыдан өзіндік ерекшелігі бар. Батыс Қазақстан – отаршылдықтың өтінде болып, ғасырлар бойы орыстандыру саясаты қарқынды жүргізілген аймақ. Демек, өңірде ұлттық идеология, ұлттық мүдде, ұлттық дәстүрді ұлықтап өткізетін шаруалар әлі шаш етектен. Өйткені ұлттығымызды қамтамасыз ететін негізгі мәселелер тек батысқазақстандықтар үшін емес,  ұлттық даму жолын жанұшырып іздестіріп жатқан қазіргі қазақ қауымы үшін де өткір тұр.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш серкесі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ бұрынғышыл жұрт», «Қазақтар өзінің ұлттық мемлекетін құрмаса, қазақ жерін сақтай алмайды» - деген бағыты, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адаса бастайды» деген ұстанымы біздің ұзақ сонар сөзіміздің тобықтай түйіні.

ІІ. Жаңашылдық

«Қазақ технократтық ұлтқа айналуы керек» (Асқар Жұмаділдаев)

 Иә, өмір бір орнында тұрмайды. Әлем күн санап өзгеруде. Ал біз өзгеру, бейімделу заманында өмір сүріп жатырмыз. Әлемдік мәдениеттердің ықпалы жаңа ұлтты қалыптастыруда. Қазіргі қазақты осыдан он бес жыл бұрынғы қазақпен әсте салыстыра алмайсың. Десек те бүгінгі әлемдік даму, инновацияның қарыштап алға кетуі, өркениет үдерісінің жаңа талабы табиғатынан бейғам қазаққа әлі де қамшы салу керек екенін көрсетіп отыр. Мұны жете түсіну үшін  тарихымызға сәл шегініс жасағанымыз дұрыс.

ХХ ғасырдың басындағы ұлт көсемі Ә.Бөкейханов бастаған буын Батыс Еуропа мен Жапония елдерінің өркениеті мен тәжірибесін үлгі тұтқан жаңашыл, интелектуал, пантүркішіл қуатты топ болатын. Шетінен энциклопедист, шетінен полиглот, шетінен универсал алаш арыстары  дәстүршіл, панисламшыл ағым қазақты болашаққа жетелейтін даңғыл жол емес екенін, сол кездің өзінде-ақ жете түсінді.

Олардың қиядағыны шолатын қырағылығын ислам фундаментализмі іштен жегі құрттай жеп, бүгінде қырық руға бөлініп, бір-бірімен қырық пышақ боп қырылып жатқан Ауғанстан, Ирак, Сирияның ішкі жағдайы мен аз ғана уақыт ішінде «Азияның жолбарыстарына» айналып, таңқаларлық табыстарымен  әлемді тамсандырып отырған Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Тайвань мысалынан- ақ көруге болады.

Алашшылдар, бейнелі тілмен айтсақ, білім мен ғылым жайқалып өсіп тұрған бәйтеректің бұтақтары мен жапырақтары болса, діңгегі мен тамыры ұлттың тарихы мен мәдениетінде жатқандығын көкірек көздерімен көрген сұңғылалар еді.

Қазақтың ардақты ұлдарының бірі Қошке Кемеңгерұлы өткен ғасырдың басында: «Осы күнде Күнбатысты тықсырып келе жатқан Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнек көп алды. Бірақ Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, аузына алмайды»,- деп көрегендік пікір айтса, Елбасы стратегиялық мақаласында: «... өзгелердің озық тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл –табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі»,- деп, көтерілген мәселенің қазақ үшін әлі күн тәртібінен түспегенін қаққан қазықтай қадап айтты (Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». // Егемен Қазақстан. – 2017. – 12 сәуір. №70).

Иә, физика ғылымында ілгерілемекті қысым күтеді деген түсінік, заңдылық бар. Жаңа нәрсе дәстүрлі дүниедей емес, қашан да тосын. Жаңаның аты жаңа. Оны түсіну, оған бейімделу оңай шаруа емес.

Осы ретпен келгенде өңірімізде басталған жаңа бастамалардың, игілікті ізденістердің бағыт-бағдарларына, іс-шаралардың мән-мазмұнына қысқаша тоқталайық.

БҚО-ның орталығы Орал – Европа мен Азияның қиылысында орналасқан, жасыл желекпен көмкерілген және сәулеті жағынан еліміздің өзге қалаларына көп ұқсай бермейтін, еуропалық үлгідегі тарихи ғимараттары мол сақталған,  географиялық орналасуы жағынан Қазақстанның батыс қақпасы саналатын шағын әрі көркем шаһар. Uralsk zhana alan

Облыс әкімі А.С.Көлгіновтің Орал қаласын Еуропа қалаларындай таза, көрікті, әдемі қыламын деген құлшынысы  ерекше назар аударарлық. Облыс басшысының осы жылғы сәуір айында Хельсинкиге барып, қалалық инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды өңдеу салалары бойынша фин тәжірибесімен танысуы осы сөздерімізге мысал.

Мақаламыздың тақырыбының өзі дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы деп айдарланғаннан кейін, мына нәрсеге оқырманның көңілін аударғымыз келеді. Кеңес дәуірінде облысымызды басқарып, қаламыздың көркейіп, гүлденіп, түлеуіне аса зор үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсановты оралдықтар қашан да ерекше құрметпен еске алады.

Жүрегі халқым, ұлтым деп соққан елшіл, мемлекетшіл бірегей тұлғаларды тарих ешқашан ұмытпайды. Соның дәлеліндей ол кісінің атында қаламызда үлкен көше, мектеп, ескерткіш, қор, т.б. бар. Халық арасында айтылатын әңгімелерге сенсек, сол заманда кәрі құрлық елдерінің Кеңестер Одағынан оқ бойы озық кеткенін көзімен көріп, жан-жүрегімен сезген асыл ағамыз қаламыздағы көптеген сәулетті, зәулім ғимараттарды Еуропа елдеріндегі архитектуралық үлгімен салдыруға нұсқау берген екен. Сол игі дәстүрді үзіп алмай әрі қарай жалғастыру ұрпақтар сабақтастығының жарқын мысалы.

Сөйтіп, Орал қаласында «Smart city-Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба қолға алынды. Оқырмандар тарапынан қала келбетінің «Рухани жаңғыруға» қандай қатысы бар деген сауал туындауы мүмкін? Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Қала дамыған жерде ой мен сана дамиды. Сана еркіндігі ұлттың өзін-өзі тану процесіне алып келеді. Өзін таныған ұлт өзгеге танылудың жолын іздейді. Ол жол әркез тақтайдай тегіс болмайды: бірде даңғыл, бірде тайғақ». (Назарбаев Н. Ұлы Дала ұлағаттары. // Егемен Қазақстан. – 2016. – 2 қараша.).

Smart-sityЕлбасы мақаласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы»,-деп атап өтті.

Осыған орай «SmartCity» тұжырымдамасының қаламызда 30 жобасы жүзеге асырылуда.

Олардың негізгілері:

  • балабақша кезегіне қоюдың электронды жүйесі енгізілді.
  • туу туралы куәлікті толтыру үшін сәбиді смс көмегімен онлайн тіркеу жүзеге асырылуда.
  • сондай-ақ, медициналық ақпараттық жүйе; «E-KCK» жүйесі; «Қауіпсіз қала жобасы»; «SmartUralsk» орталығы, «Ашық әкімдік» кеңсесі және т.б. енгізілді.

«Ашық әкімдік» қызметін бүгінде 30 мыңнан астам жан тұтынған. Мәселен, осы жобаларды іске асыру нәтижесінде біздің облыста заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдары 2016 жылмен салыстырғанда 18 %-ке азайғаны байқалады.

Екіншіден, Елбасымыз ұлттық табысқа жетудің факторы ретінде адамның бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажетіне айрықша мән берді. ХХІ ғасырда ауадай қажет сапалы білім беру, үштілділікті дамыту, цифрлық сауаттылық сияқты басымдықтарды қамтамасыз етуге жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.  Мәселен, облыс бюджетінің 45 %-тен астамы білім саласын дамытуға бағытталған. Өткен жылы 24 жаңа білім беру нысаны ашылып, 17-сі жаңадан жөнделді.

Назарбаев зияткерлік мектептерімен меморандум негізінде мұғалімдердің, мектеп директорларының біліктілігі арттырылуда. Жаңартылған бағдарлама 100 % оқулықтармен қамтамасыз етілген. Облыстың 250 мектебі заманауи роботтехника кабинеттерімен жасақталды.

Сонымен қатар IT – мектебіне осы оқу жылына арнайы шәкірттер қабылданып, арнайы лицей өз жұмысын бастады.

Үшіншіден, күні бүгін мектептер  BiIim Land цифрлық білім беру платформасының ресурстарын белсенді пайдалануда. Бұл платформа мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 мыңға жуық қолданушы үшін интерактивті сабаққа мүмкіндік туғызып отыр. Мұғалімдерге арналған мыңдаған көрнекі құрал ұсынады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде онлайн, офлайн режимдерінде жұмыс істейді.

Облыстың 400-ге жуық мектебінің 330-ы кең жолақты интернетпен қамтылған, ал қалған 30 мектепте интернет жылдамдығы төмен.

2018-2020 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрігімен бірлесіп, 443 елді мекеннің 100-ден астамын Интернет желісіне қосуды жоспарланып, бекітілді.

Қазір облысымыздың 300-ге жуық елді мекенінде интернет бар.

Оған қоса 220 шағын жабдықталған мектептер BiIimbook компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз етілді. Өйткені ауыл мен қала жастарының ақпараттық-білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету өте өзекті.

Төртіншіден,  қоғамдық сананы өзгертудегі басты ерекшелік қазіргі инновациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану мен цифрлық саланы дамытуда жатыр. Облысымыздың инновациялық дамудың тірегі болатындай әлеуеті зор.

Бүгінде облыстағы 26 колледжде дуальды оқыту принципі қолға алынды. Оған 78 ірі кәсіпорын, зауыттар қатысуда.

Мәселен, облыстағы «Орал трансформатор зауытында» 250 адам үш ауысымда еңбек етуде. Соның ішінде 100-ге жуық маман Жайық өңіріндегі оқу орындарының түлектері.

Өңірімізде жастардың әлеуетін арттыру үшін облыс орталығында және Ақжайық, Зеленов аудандарында коворкинг-орталықтары ашылды. Орталықтардың ішінде «Рухани жаңғыру» кабинеті қызмет етуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елім менің» жастар коалициясы құрылып, құрамына 50 мыңдай жас қамтылды. «Еліме саяхат!», «Жетістікке 100 қадам» жобалары 2018 жылы коалицияда іске асырылмақ.

Сонымен қатар «07 live» жастар интернет каналы, «Заманауи дәрістер» пікір алмасу секілді жобалар жүзеге асуда. Бұл орталықтар жастардың қызығушылықтарына сәйкес қызмет етуде. Интеллектуалды дарынды азаматтарды тәрбиелеу мақсатында өткен жылы облысымызда «Туған өлкем – тірегім» форумы өткізілді.

Бесіншіден, 2017 жылы қыркүйек айында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-інде «Рухани жаңғыру» институты ашылып, университет ПОҚ ғылыми-әдістемелік әлеуетін негізге ала отырып, төмендегідей бағыттар бойынша қарқынды жұмыстар атқарылды:

  • Жұмыстың негізгі бағыты ретінде Елбасының «Рухани жаңғыру» Бағдарламасынан туындайтын мәселелерге қарасты ғылыми және әлеуметтік зерттеулерді жүргізуге кеңінен көңіл бөлу;
  • Республика, облыс және қаланың бұқаралық ақпарат құралдарын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен соған байланысты университетте атқарылып жатқан жұмысқа қарасты ақпараттық контентпен қамту;
  • «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес мектеп мұғалімдері, мемлекеттік қызметкерлері, облыстағы әртүрлі мекеме және ұйымдардың қызметкерлері үшін оқу-ағарту семинарлары ұйымдастырылды;
  • Ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, саяси-қоғамдық, бұқаралық және жастарға арналған шаралар тұрақты өткізілуде;
  • Әлеуметтік саладағы қатынастарға қарасты зерттеу мониторингтер жүргізу, этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту,т.б. әлеуметтік зерттеулерді ұлғайту;
  • Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіруге байланысты жұмыстарды жүйелі түрде және ғылыми негізде жүргізу жұмыстары басталды;

Мақала көлемінің шектеулі болуына байланысты жасалып жатқан жұмыстардың басым бағыттарын осымен доғарамыз. Тек сөзімізге тұздық ретінде, қаралып отырған мерзімде Бағдарламаға қарасты оздырылған істердің негізгі арналарының бірі – ол қазақ тіліндегі жазуды латын әліпбиіне көшіру болғандықтан, университетте тындырылған қомақты және кешенді істерден бір-екі мысал келтіреміз. 2017 жылдың 23-қазанында лингвист ғалымдардың, саясаткерлердің, солардың ішінде белгілі саясаткер Дос Көшімнің қатысуымен қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселелері бойынша «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинар өтті. 2017 жылдың 27 қазанында «Түркі жазуы және түркі мәдениеті: түркі жазуының бірегейлік негізі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар оздырылды.

       Алтыншы. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылып, бүгінде студенттер өздерінің бизнес жобаларын университет қабырғасында жүріп-ақ жүзеге асыруға кірісіп кетті.

Шетелдік компаниялармен бірігіп (итальяндық «Каспиан Проджер», «Вест Синержи», «Ди Джи «Валагро», Ди Джи Италфлюид, Ди Джи Импианти) «Мечта» зертханалық орталығы ашылып, онда биотехнология, инженерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша білікті кадрлар дайындалуда. Сол сияқты «СантАнна» (Италия, Пиза қаласы) университетімен бірге, қаржылық сауаттылықты көтеру, IT-білім беру шеберлігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

         Жетінші. 2018 жылы 26 ақпан күні «Bastau» coworking орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген негізгі мақсаттарды жүзеге асыруға негізделген пікірталас алаңы өтті. Пікірталас алаңы аясында облыс жастары арнайы шақырылған шетелдік спикерлермен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов шараның модераторы болса, негізгі спикерлер ретінде Перрата Пьердоминико – СантАнна университеті ректоры, Отторино Ла Рокка – «Валагро Дижи групп» компаниясы бас директоры,  Микеле АнжелоТорторелла – Ди Джи Импианти (DG Impianti) компаниясы бас директоры, Палоццо Уильям – Ди Джи Импианти компаниясының директоры, Криши Н.Гаетано – «Мечта лабораториясының» бас директоры, Галлетта Антонино – ItaIfIuid – DG group бас директоры, Бердыгулова Гульвира – Мечта лабораториясының кеңесшісі қатысты.

16 наурыз күні «Bastau» coworking орталығында БҚО әкімінің қатысуымен ашық алаң форматында әр түрлі салада жүрген жастар өкілдері,  жас кәсіпкерлер,  стартаперлер, өнерлі жастар, жас ғалымдар, танымал блогерлер мен еріктілері, жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындары өзін-өзі басқару ұйымдары өкілдері қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында жастар тарапынан әр түрлі ұсыныстар айтылып, көптеген жобалар талқыланды.

        Сегізінші. Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет туралы. 2017 жылы облыс  шығармашылық ұжымдары Македонияда өткен театрлардың халықаралық фестивалінде топ жарып «Гран-при» иеленсе, Тайландта және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мәдени фестивалдарында ерекше белсенділікпен қатысқанын айтуға болады.

Ағымдағы жылы «Ұлы дала мәдениеті», «Ақжайық елі – мәдениет маржаны», «Достық, бірлік, татулық», «Мәдени жайлау» атты кең көлемдегі жобалар қолға алынып, осылардың негізінде көршілес жатқан Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Орынбор облыстарында қойылымдар мен концерттер беру, отандық кино апталықтары, кітаптар және музей көрмелері, т.б. табиғи-ырғақты түрде жүзеге асуда.

Тағы бір жағымды жаңалық, биылғы жылы облыс орталығында зәулім Мәдениет сарайының құрылысы басталмақ. Мақсат – отандық және әлемдік жұлдыздардың концерттерімен бірге, жергілікті жердегі қоғамдық, мәдени маңызы зор шараларды заманауи сәулетті ғимаратта өткізу, сол арқылы облыс тұрғындары мен жастарды ұлттық һәм әлемдік мәдениеттің құндылықтарымен сусындату.

Тоғызыншы. 2017 жылғы өңіріміз үшін маңызды жаңалықтардың бірі – Тәуелсіздік күнінде Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейінің ашылуы.

Музей мемлекетіміздің жетістіктері мен Ақжайық өңірінің тарихын бейнелейтін 500-ден астам экспонатпен жасақталды. Облыс тұрғындарының, әсіресе жастардың тәрбиесіне ықпалы орасан зор бұл музей меценаттардың қолдауымен іске асты. Ашылған уақыттан бері 5 мыңнан аса адам музейді көруге келген. Осы үлгімен БҚО аудандарында да музей ашу ісі жалғасын тауып, әсіресе, кезінде отарлау саясаты қарқынды жүрген аудандарда да заманауи үлгідегі музейлердің кезең-кезеңімен ашылып жатқанына тоқталуға болады. Бұл ретте Шыңғырлау, Зеленов, Казталовка аудандарындағы жаңадан ашылып жатқан тарихи-өлкетану музейлері мысал бола алады.

           Оныншы. Орал табиғаты жағынан Отанымыздағы ең көркем қалалардың бірі. Мұны өңірімізге келген соңғы сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Орал – еліміздегі экологиялық  ең таза қала»,- деп тағы бір мәрте еске салды. Иә, өлкемізде табиғаты көз тартарлық ерекше жерлер аз емес. Мәселен, тек қана шыңғырлаулықтардың «Жеті кереметінің» өзі неге тұрады?!

Өңіріміздегі сондай әдемі, жомарт табиғат бар мейірімімен сыйлай салған таңғажайып жерлердің бірі Казталовка ауданына қарасты Қайыңды ауылы –  көктемнің ерекше белгісі қыр қызғалдағымен ерекшеленетін құтты қоныс.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандар арасынан көш бастап келе жатқан казталовкашылардың ізденісі, бастамалары, жаңашылдығы облыс жұртшылығына бұған дейін де белгілі еді.

Осындай ізгі істердің заңды жалғасындай 2018 жылы мамырдың 2-4 аралығында аталған мекенде облысымызда тұңғыш рет «Қызғалдақ көктем» атты эстрадалық әндерді орындаушылардың І халықаралық байқауы жоғары деңгейде өтті.

Шара барысында ашық аспан астында, қызғалдағы жайқалған алқапта табиғатта қорғау тақырыбына арналған «Бірге қорғаймыз» атты сұхбат алаңы өткізілді. Сұхбат алаңында сөз тізгінін ұстаған шешендер бұрын-соңды мұндай фестивалдың өңірімізде болмағанын, алғаш рет қолға алынған шараны алдағы уақытта әлі де ширата түсу керек екендігін тілге тиек етті.

Фестивалдың басты мақсаты – жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.

Жазбамызды жинақтай келгенде академик А.Жұмаділдаевтың: «Технократтық ұлт деген – ең алдымен білімді ұлт. Яғни сөзге емес, іске мән беретін ұлт»,-деген қанатты сөзі ойға оралады. Осы бір ұлағатты сөзге қарапайым мысалды алыстан іздемей-ақ, айналамыздағы күнде көріп жүрген өмірден алсақ, қазақтың «қара домалақтары» кілең ауыр, бейнеті бел қайыстыратын қара жұмыстарға жегілсе, тұрмыстық-техникаларды жөндеу жұмыстарын өзге ұлт өкілдерінің «шыр айналдырып» жүргені ешкімге жасырын емес.

Ал үлкен мағынасында ғылым мен техникада құбылыс жасап, көш бастаған әлемдік брендтер бүгінде дүние жүзін аузына қаратып, жер-жаһанды билеп отыр. Мысалы, американдықтар Айфонымен («iPhone»), немістер Мерседесімен («Mersedes-Benz»), финдер Нокиасымен («Nokia»), жапондар Тойота, Сониімен («Toiota», «Sony»), оңтүстік корейліктер Cамсунг, LG-імен («Samsung», «LG»), т.с.с.тізімді соза беруге болады. Демек, ХХІ ғасыр – білім мен технология ғасыры!

Атам қазақ: «Тақыр жерге шөп шықпайды»,-деген. Олай деуіміздің сыры, жоғарыда айтқанымыздай өңір тарихының өзіндік ерекшелігі бар. Батыс Қазақстан географиялық орналасуы жағынан жаугершіліктің өтінде тұрған территория болғандықтан отарлап, жаныштау саясаты  Жайық бойында қаншалықты қарқынды жүріп, халықтың ұлттық санасы соншалықты көмескіленcе, сәйкесінше білім, мәдениет, рухани саладағы оң өзгерістер де отарлаушылармен ілесе келіп, Бөкей даласында алғашқы қазақ-орыс дүнияуи мектебі қазақ балаларына өз есігін айқара ашқан еді.

Мәселен, Отан тарихына қайшылықты тұлға ретінде енген Жәңгір Бөкейұлын Өлке тарихының ұлан асыр төріне шығарып тұрған да  оның осындай жаңашыл бастамалары тұғын. Қашан да ескі мен жаңаның кептелісіндегі тұлғалардың тағдыры оңынан туа бермейтінін кәрі тарих осылай сыр ғып шертеді.

Еліміз бойынша 1928 жылы Алматыда тұңғыш ашылған жоғары оқу орны ҚазПИ-ден кейін 1932 жылы өз жұмысын бастаған А.С.Пушкин атындағы ОПИ-ның  абырой-беделі де республикада күні бүгінге дейін ешкімнен кем бола қоймады. Сол сияқты ел тәуелсіздігі жылдарындағы облыс жастарының ҰБТ-дағы, республикалық олимпиадалардағы, ғылыми жобалардағы көрсеткіштері де көш басында.

Тарауымызды тобықтай түйсек, Ақжайық өлкесінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен жаңа бастамалардың сабақтастығы, сайып келгенде өңір болашағының мүмкіндіктері мен кепілінің көрінісі.

          Ой түйіні. Иә, Ақжайық өңіріндегі қыруар іс-шараларды бір мақалада түп-түгел шып-шырғасын шығармай баяндап шығу мүмкін болмас. Біздің басты мақсат «Рухани жаңғыру» аясында өлкедегі жүріп жатқан оңды істерге сараптамалық шолу жасау ғана.

Жазбамыздың соңында бүгінгі ел билігі тәуелсіздігімізді жариялағалы бері ұлттық сана мен еуропалық стандарттардың біртұтастығынан үйлесімділік іздеп, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның моделін жасауға бел шеше кірісіп, оның соңын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына әдемі жалғағанын баса айтқымыз келеді.

1991 жылы республикада мемлекет құраушы ұлт қазақ халқының саны 40 % (7млн қазақ) болса, былтырғы жылы 71%-ға (12 млн) жеткені мерзімдік баспасөз құралдарында көтеріңкі екпінмен айтыла бастады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, «ел аман, жұрт тыныш болса» Қазақстандағы жетекші һәм көшбасшы халықтың саны 2030 жылға қарай 90%-ға жетіп жығылады екен.

Француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюссидің: «Кез келген билікті бағалаудағы өлшемді сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халықтың санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады» деген мағыналы сөзі түсінген жанға көп мән-жайдың айғағы.

Сөз жоқ, мұның бәрі Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған «ұлттық сана», «ұлттық код», «ұлттық бірегейлік» ұғымдарының астарында үлкен стратегиялық мән жатырғанын айшықтайды. Бұл – таразының бірінші жағы. Ал, теңдей тартылған таразының екінші басын –  Батыстың технократтық пәрмені, технологиялық үстемдігі, озық ғылымының құдіреті теңселтіп тұрғанын көзі қарақты оқырман іштей сезіп отырған шығар.

Десек те, жатжұрттық «кереметтерді» мойындадық екен деп, ұлттың тұма табиғаты мен ментальдық мөлдір болмысымызды мансұқ етпесіміз айдан анық.

Жаңабек Жақсығалиев,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты,

сарапшылар комиссиясының мүшесі

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру