6.03.2019, 10:15
Оқылды: 62

«Ақжайық» сапын 4 қазақстандық ойыншы толықтырды

Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтай келген «Ақжайық» футбол клубы құрамын толықтай жасақтады. Келер маусымда Премьер Лигаға қайта оралуды мақсат еткен клуб қазақстандық төрт ойыншымен келісімшартқа отырды. Олар - Дәренбек Тәжімбетов, Ильнур Мангуткин, Арман Смаилов және Наурызбек Жагоров.

arman

Қызылорда футболының түлегі, шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов футболшы мансабын 2004 жылы Қызылордада бастады. Бұл клубта 2009 жылға дейін доп тепті. Осы жылдар аралығында «Қайсар» жейдесінде 142 матч өткізген ол 19 голдың авторы атанады. 2010 жылы «Ордабасы» сапына ауысады. Екі жылда Шымкент жанкүйерлерінің сүйікті ойыншыларының біріне айналады. «Ордабасы» сапындағы 82 ойында 26 гол соғып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Кейін қарағандылық «Шахтер» клубына ауысып, 16 матчта 3 гол соғады. Сол жылы «Астана» сапын толықтырып, елордалықтар үшін 4 ойын өткізді. Осыдан кейін әр жылдары «Ордабасы», «Тараз», «Шахтер», «Атырау» клубтарының намысын қорғады. Ұлттық құрама сапында 5 ойынға қатысып, 3 гол соқты. Өткен маусымды «Қайсар» сапында өткізіп, 4 матчқа қатысты.

Ал Ильнур Мангуткин мансабын 2004 жылы «Шахтер-Юность» сапында бастаған. Ойыншы Теміртаудың «Болат-MSK», қарағандылық «Шахтер», Сәтбаев қаласының «Казахмыс», қостанайлық «Тобыл», Көкшетаудың «Оқжетпес» клубтарында доп тепкен. Соңғы екі маусымын қарағандылық «Шахтер» клубында өткізген ойыншы 27 матчқа қатысты.

Ресми түрде «Ақжайық» футбол клубымен келісімшартқа отырған Арман Смаилов - болашағынан үлкен үміт күттіретін шабуылшылардың бірі. Павлодарлық «Ертістің» әр жастағы командаларында ойнаған Арман 2017 жылғы маусымнан бері туған командасының негізгі құрамына жиі шақырылып жүр. Ал былтырғы маусымда 13 ойынға қатысты. Сондай-ақ 18,19,21 жасқа дейінгі ұлттық құрама ойындарына тұрақты түрде шақырылып тұрады.

 Атырау футболының талантты жастарының бірі - Наурызбек Жагоров өткен маусымды көкшетаулық «Оқжетпес» сапында өткізді. 28 ойында бір гол соғып, 4 нәтижелі пас шығарды. Өзін тәрбиелеп өсірген «Атырау» клубының қосалқы құрамында 2015 жылдан бері ойнап келеді. Ал 2017 жылғы маусымда екінші Лиганың 22 ойынында 12 гол соққан.

«Ақжайық» ФК-ның баспасөз қызметі

daurenbek ilnur nauryzbek

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале