18.03.2019, 11:34
Оқылды: 32

«Ақжайықтың» тең жартысын жергілікті ойыншылар құрайды

Орал қаласындағы Достық үйінде жанкүйер қауым «Ақжайық» футбол клубымен танысты. Биылғы маусымда жаңадан құрылған команда ел чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсетеді.

Салтанатты кеште Түркия жерінде өткізген екі оқу-жаттығу барысы туралы бейнеролик көрсетілді. Кейін футбол клубының директоры Азамат Шайхы алдағы жылдарға арналған даму жоспарын жария етті.

IMG_0570

Оның айтуынша, басты мақсат – премьер лигаға қайта оралу және Қазақстан кубогында нәтиже көрсету. Биыл негізгі құрамның 49%-ын жергілікті ойыншылар, 40%-ын өзге өңірлерден келгендер толықтырса, қалған бөлігі – легионерлер үлесінде. Сонымен қатар спорт мамандарын дайындау, көрермен мәдениетін қалыптастыру, балалар және жасөспірімдер футболын дамытуға көңіл бөлінеді. Былтырдан бері клубтың жанындағы футбол орталығындағы 766 бала он топта тұрақты жаттығуда. Биыл 856 баланы қабылдау жоспарланды. Оларға 26 бапкер қызмет етеді. Футбол орталығының Орал қаласында ғана емес, Бөрлі, Бөкей ордасы, Сырым, Қаратөбе және Теректі аудандарындағы бөлімдерінде 95 бала жаттығады. Барлық ауданда «Ақжайық» филиалдарын ашу жоспарланған.

Салыстырмалы түрде айтсақ, елімізде 6308 футбол орталығы болса, басқа өңірлерге қарағанда жасөспірім футболшылар санынан «Ақжайық» көш ілгері алда. Жақында Ресейдің Самара қаласындағы «Крылья Советов» және Орынбордағы футбол клубтарымен байланыс орнатуға келісімге қол жеткізіп, жас ойыншылар көрші елде өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Биыл клуб жанынан қыздар құрама командасы да өнер көрсетпек. Азамат Шайхы клуб меншігіндегі инфрақұрылымды жаңғыртуға және дамытуға көңіл бөлетінін, 2019-2025 жылдары қала мен аудандарда жабық манеждер құрылысын қолға алу қарастырылғанын айтты. Шарада «Ақжайық» қосынын толықтырған жаңа ойыншылар мен команда мүшелері таныстырылып, оларға жейде үлестірілді.

IMG_0596

Команда капитаны, қорғаушы Бауыржан Омаров сахнада сөз алып, клуб басшылығы мен бапкерлік штабтың және команданың сенімін ақтайтынын айтып, естелік ретінде №12 жейдені жанкүйер Виталий Корноуховқа табыстады. Одан әрмен клуб басшысы жанкүйерлер қойған сұрақтарға жауап берді. Айта кетейік, «Ақжайық» командасының бас бапкері – Сергей Зайцев.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

IMG_0637

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале