17.03.2017, 18:07
Оқылды: 23

Ақжайықтағы көпір құрылысы мерзімінен кешігуде

Бұл жайында облыстық мәслихат ғимаратының кіші мәжіліс залында БҚО бойынша тексеру комиссиясының отырысында айтылды. Жиында мемлекеттік аудит нәтижесінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2014-2016 жылдары көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген бюджеттік қаражатты пайдалануда заңбұзушылықтарға жол бергені мәлім болды.


Тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллиннің баяндауынша, 2015 жылы сот шешімі шыққанымен, 367 млн. теңге дебиторлық берешек сомасы басқарма есебінен уақтылы алынып тасталмаған.  Сонымен қатар былтыр басқа мекемеден сот орындаушылары арқылы бюджетке өндірілген 4 млн.800 мың теңге де есептен шығарылмаған. Тексеру барысында басқарма теңгерімінде пайдаланылмайтын бес нысан бар екені белгілі болды. Соның қатарында газ құбыры нысаны газ тасымалдаушы компаниямен келісімшарт жасалып, жалға берілен. Шыңғырлау ауданындағы Лубенка ауылындағы ескі ғимаратты шаруа қожалығы заңсыз түрде мал бағымына пайдалануда. Ал облыстағы жеті құрылыс нысаны бойынша бюджеттен қаражат артық  есептеліп, 7 млн. теңгдеден астам шығын келген. Күні бүгінге сол қаражаттың 2 млн. 800 мың теңгесі бюджетке қайтарылды. Облыс аумағындағы автожолдарды күтіп ұстау барысында ағымдағы жөндеуге бюджеттен 4 млн. 200 мың теңгеден астам қаражат артық жұмсалған.

Ал Ақжайық ауданында Жайық өзені үстіне тартылатын көпір құрылысы мерзімінен кешігуде. Құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасының арасында 2 млрд. теңгеге жуық алшақтық бары анықталды. Және орман қорына тиесілі жер телімі құрылыс учаскесіне уақтылы заңдастырылмай, жобалау құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген. Бүгінге дейін құжаттамаларды жасауға облыстық бюджеттен бөлінген 123 млн. ысырап болған. Тексеру комиссиясы тапсырыс беруші мекеме өкілдеріне жобалық-сметалық құжаттамаларға түзету енгізіп, жыл соңына дейін көпір құрылысын бастауды міндеттеді. Құрылыс нысанын салу республикалық бюджет есебінен жүргізілмек. Сондай-ақ жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларды субсидиялауды есептеу қағидаты бұзылған.

Комиссия төрағасы Амангелді Нұғыманов облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқанов пен басшының орынбасары Қазбек Меңеевке мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтарды жөндеумен жұмыстануға уақыт белгілеп, комиссия бұл бағытта берілген тапсырмалардың орындалуын  бақылауға алатынын ескертті.

Айта кетейік, мемлекеттік аудит барысында 1 млрд. 899 млн 821,5 мың теңге көлемінде бюджеттік және басқа да заңнамаларды бұзу дерегі анықталды. Соның ішінде 14 млн. 179,3 мың теңге бюджетке қайтарылуы тиіс. Ал 1 млн. 115 мың 394,3 теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтар қалпына келтіруді қажет етеді.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале