17.03.2017, 10:45
Оқылды: 64

Алашорда сиезінің делегаты

Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш қайраткерлерінің есімдерін түгендеу, еңбектерін насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.

Қазталов ауданы бойынша «Алаш» қозғалысы туралы деректер сирек кездеседі. Тек Исатай Кенжәлиевтің «Қазталов байырғы атамекен» кітабында аз-мұз мәліметтер келтірілген екен. Сол мәліметтердің бірінде «Алаш сиезіне Таловкадан Ибрагим Мұлқашевтің қатысқандығы, ол Б. Құлманов пен Ғ. Қараштың арнайы шақыруымен барғаны көрсетіледі» делінген. Сондай-ақ кітапта «1917 жылы №7 болыс кеңесінде алаштықтардың жиыны өтіп, осы жиында алаштың уақытша комитетінің бөлім меңгерушілері сайланып, төрағалығына Б. Ниязов тағайындалды. Алаш сиезіне  Ғ. Қараш, С. Әжігереев, И. Мулкашев делегат болып сайланды» делінген.

Осы деректерде аты аталған Ибрагим Мұлқашев – Қазталов өңірінің тумасы. Ибрагим Шаутиұлы Мұлқашев 1893 жылдың 24 қаңтары күні Қазталов ауданының «Қарасу» деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Шаути егін егіп, мал баққан шаруа адамы болған. Ибрагим Мұлқашев 1903 жылдан 1910 жылға дейін ауыл мектептерінде ескіше оқып, сауат ашады. Содан кейін әкесімен бірге шаруашылықта әр түрлі жұмыстар жасаған. 1920 жылы Қазталов ауылында ашылған үш айлық оқытушылар даярлайтын курсты тәмамдап, сол жылдан бастап ұстаздық қызмет атқарады. 1937 жылы педучилищеге сырттай оқуға түседі. Қазталов, Бірік, Еңбек, Сарықопа, Орыс таловкасы, Еңбек ауыл-дарындағы бастауыш мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарған.

Ибрагим Мұлқашевтің оқу бітірген кезі елдегі қадау-қадау өзгерістермен тұспа-тұс келеді.

Ол кісі елдің саяси-қоғамдық өміріне белсенді араласқан. Ибрагим Мұлқашев 1917 жылы Ғұмар Қараштың шақыруымен Орынборда өткен 2-ші жалпықазақ сиезіне делегат болып қатысқан. Сонымен қатар оның Ғұмар Қараштан дәріс алғандығы туралы Ибрагим атаның өзінің қолжазбасынан білуге болады.

«Исмағұл Шапов математикадан, Ғұмар Қараш тарихтан, Роджественский орыс тілінен сабақ беруге белгіленді…

Сол курста Ғ. Қараш Мысыр тарихынан бір сабақ беріп, екінші күнгі сабақта «Казталовкада банды көбейіп кетті, мен сіздерді оқыта алатын емеспін, ауылыма кетемін, қош болыңдар!» — деп амандасып кетті…

Сонан кейін көп ұзамай ауылына барып жатқанда Ғ. Қарашты бандылар өлтіріп кетті деп естідік…» депті Ибрагим ата қолжазбасында.

Ибрагим Мұлқашев 1936 жылы нақақ сотталып, алты айдай түрмеде отырған. Осыдан кейін Ибрагим ата Алашорда сиезіне қатысқандығы туралы мүлдем жақ ашпаған. Ибрагим Мұлқашевтің көптеген құнды деректерді ішінде сақтап,  өзімен бірге ала кеткені анық.

Иә, биылғы мерейтойлы жылда Алаш қайраткерлерінің мұралары қайта түгенделе бастаған тұста қазақ елінің азаттығы жолында қызмет еткен Ибрагим Мұлқашевтің есімін де жерлестерінің мақтанышпен айтары сөзсіз. Бұл кісілердің өмір жолдарын насихаттау, жас ұрпаққа үлгі ету біздің ата-баба рухына деген тағзым, біздің тарих алдындағы парызымыз болмақ.

Мөлдір  ӘНУАРБЕК,

Қазталов  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале