9.02.2018, 10:01
Оқылды: 24

«Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы және Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті

alash«Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы және Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті.

Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100 жыл және аталған бөлімнің жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедовтың 135 жылдық мерейтойына орай өткізілген шараға партия белсенділері, өңір тарихшылары мен студент жастар қатысты.

–Биыл өңіріміз үшін айтулы мерейтойларға толы жыл болмақ. Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100, Халел Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толады. Елбасымыз жыл сайынғы халыққа Жолдауында өткенді жаңғыртып, екшелеуге, туған елдің тарихын түгендеп, келер ұрпаққа насихаттауды назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында да облыс көлемінде бірқатар ауқымды істер қолға алынды. Бұл шаралардың басы-қасында болған өңір тарихшыларына, қоғамдық қор жетекшілеріне, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен журналистеріне, отансүйгіш студент жастарға зор алғыс айтамын. Сол шаралар биылғы жылы да жалғасын табуы тиіс. Осы мақсатта баршамыз бірлесе атсалысуымыз керек, – деді Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменова.

Бұдан соң дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырыпта өз ой-пікірлерін білдірді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалы төрағасы, ТДК-42 телеарнасының директоры Табылғали Сапаровтың тарихты зерделеу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі аға буынның ортақ міндеті екенін айтты. «Осы игі бастамаға атсалысып жүрген тұлғалардың, жастардың есімдерін көпшілікке жариялап, өзгеге үлгі боларлықтай етіп марапаттап отыру қажет. Бүгінгі ардагерлер мен аға буынның бастаған ісін кейінгі ұрпақ жалғастырса игі» деді ол.

Басқосуда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин атқарылған істерге, алда тұрған міндеттерге тоқталып, осы бағытта күш біріктіріп, жасалған ауқымды шараларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен насихаттау керек деген ұсыныс-пікірін жеткізді.

Шара соңында «Ақ жол» КДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәншүк Ишимғалиева бірқатар белсенді тұлғалар мен студент жастарға партия атынан мерекелік медальдар табыстап, алғысхаттармен марапаттады. Ұлттық құндылықтарды сақтауда, «Алаш» қозғалысын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Жұмағазы хазірет Дәдем Ата» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов, Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Сонымен қатар М.Ықсанов қоғамдық қорының төрағасы Асқар Атаев, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменоваға, Надия Жастілек, Ботагөз Асқарова, Райымбек Саматов, Айару Мұратова, Динара Сисенова сынды бір топ студент жастарға алғысхаттар табыс етілді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале