1.03.2018, 15:06
Оқылды: 65

Алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті

Мемлекет басшысы 2015 жылдың 14 қаңтардағы Жарлығымен  1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясының  құрылған күнін  Алғыс айту күні деп белгілеген болатын. Осы атаулы күнге орай Орал қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында салтанатты жиын өтті.

- Бұл - ерекше күн. 1920-30 жылдары қазақ елінің кең байтақ жеріне басқа елдерден департацияланған ұлттар, халықтар келіп, қоныстанды. Сонау қиын заманда біздің халқымыз сол түрлі ұлт өкілдерін мейірімділікпен, шексіз мейірбандықпен қабылдаған еді. Бүгінде Елбасының салиқалы саясаты арқасында елімізде 130-дан астам ұлттың өкілдері өзара татулықпен өмір сүріп, бірге еңбек етіп келеді. Бұл - үлкен саясат. Сондықтан да Алғыс айту күнін атап өтуіміздің терең философиялық мәні бар. Әрқашанда бір бірімізге алғысымыз шексіз болсын. Біртұтас ел болып, мемлекеттің болашағын бірге қалайық, ағайын, - деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Бұл күн - өзге ұлт өкілдері сұрапыл жылдарда өздерін сырт қақпай, бауырына тартқан қазақ халқына алғыс айтуымен қатар, жалпы адамзат баласының да бір біріне ризашылығын білдіретін күн. «Жақсы сөз жан семіртеді» деген екен халқымыз. Өйткені риясыз сезіммен айтылатын ризашылық берке-бірлікті нығайта түссе керек.

Жиында сөз сөйлеген облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов еліміздегі халықтар достығы мен бірлігін нығайтып отырған Елбасы саясатына алғысын білдірді. Корей этномәдени орталығының төрағасы Максим Пак Елбасының бейбітшілік жолына, екіншіден еліміздегі өзара бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқан қазақстандық халыққа алғысын айтты.

Жиын соңында монументке гүлшоқтары қойылды.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале