29.09.2019, 16:19
Оқылды: 882

Алматыда күйші Тұяқберді Шәмеловті еске алу шарасы өтті

«Қай халықтың болмасын ұлттық ерекшеліктерін айғақтайтын өзіне ғана тән белгі-бедерлері бар. Олар ұлттың сыртқы айбыны мен ішкі айдынын жайып салар нысандары іспеттес. ТІЛ ұлтымыздың рухани негізін ұстап тұрса, көркем СӨЗ бен сұлу САЗ жәрдемге туған жәдігер егіздер сынды. Қазақтың сұлу саз, сиқырлы әуезділікке бейім халық екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Қорқыт атадан бері келе жатқан қара ҚОБЫЗЫМЫЗ бар. Ал, екі ішекті ДОМБЫРА ұлтымыздың жансерігі, қуанғанда шаттығын шалқытар, қиналғанда қайғысын бөлісер сенімді досы десек те болады. «Құлақтан кіріп бойды алған», көңілді билеп ойды алған сұлу саз, өнердің төресі - КҮЙДІҢ құндылығы бір бөлек. КҮЙШІЛЕР үлкен тұлғаға айналып, олардың өмірі мен шығармашылық тағдырларын зерделеу халқымыздың тарихына тығыз байланыстылығын мойындатты. Күй жауға шапса қаруы, ағайын арасындағы дауға кірсе ойға салар жәрдемшісі болды. Қай заманда болсын ұлттық рухымыздың күре тамырына айналды». Күй құдіретіне ардақты ақынымыз Кәкімбек Салықов осылайша баға берген екен.

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол»,-деп ұлы Абай айтпақшы, туған топырағымыздың сүйінер ұлдарының бірегейі, күйші Тұяқберді Шәмелов - әлемге танымал күйші бабаларымыздан қалған бай мұрамыз - киелі күйді асылындай ардақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуші алтын көпір болатын.

«Бүгін тағы еске алуға келдік қой, Ұмытпаспыз, ұмытпаймыз дедік қой. Өлгендерді ұмытпаудың өзі де, Қолдан сирек келетұғын ерлік қой»,- деп Ғафу ақын жырлағандай, күйшілік дарынының тамырын ұлы даланың саф таза өнерінің бастау бұлағынан алған, қасиетті өнердің алтын қадасы болып қағылған, самала жарығы болып жағылған, халықтың ыстық ықыласына бөленген аяулы ұлын Алатау баурайындағы әсем қала Алматы жұртшылығы мен жерлестері сағынышпен еске алып, тағылымды шара ұйымдастырды.

04a86e15-65a0-4171-a821-e6e2407ef050

 

Дегдар өнердің тереңіне бойлаған талантты тұлғаның күйшілік қарымы мен теңдессіз дарыны, азаматтық, қайраткерлік болмысы туралы ҚР Мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов, Әуезов ауданының әкімі Сайран Тәпенұлы Сайфеденов, осынау шараға Тұяқберді күйшінің кіндік қаны тамған, туған жерінен арнайы Алматы қаласына барған Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филормонияның директоры Асхат Тарасұлы, домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кәрима Сахарбаева кеңінен толғап сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Ел қызыққан өнері мен күйді тартудағы өзгеше мәнері бар Тұяқберді ағамыздың аяулы жары, рухани серігі Сәуле апамыз ерінің есімін ұлықтап, тұлғалық қасиетін дәріптеп, шарапатты шараны ұйымдастырып отырған азаматтар мен азаматшаларға, осынау игілікті шараның басы-қасында жүрген дәулескер күйшінің шәкірттері Нұрғиса Мұратұлына, Алматы қаласының әкімдігіне, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Қуанышбек Жанболатұлына аналық алғаусыз алғысын білдірді.

7437de73-35bb-46e4-b5fa-1b2e6b61a828

 

«Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім»,- деп мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков айтпақшы, тұманың тұнығы, асылдың сынығы, тарихты күймен тәпсірлеген дарабоз күйші, ұлтымыздың ұлықтауға лайық арда азаматына қатысты БҚО тарихи-өлкетану музей қорында сақталған Тұяқ ағамыз Құрманғазы оркестрінде бас концертмейстер болған кезде киген сахналық киімі, өзінің қолының табы тиген домбырасы, Нұрсұлтан қаласында Т.Шәмеловтің 60 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген концертте Батыс Қазақстан облыстық Дәулеткерей атындағы оркестрі сыйға берген шапаны, Жаңақала ауданының Құрметті азаматы атағын алғанда берілген марапатын, ІІ республикалық Ә.Есқалиев атындағы күй сайысына қатысқаны үшін 2012 жылы берілген төсбелгісі, күй жинағы жинақталған үн таспаларынан көрме жасақтап, талғамы терең, патша көңіл көрермендерге түсіндіргенімді өзіме зор мәртебе деп білдім.

aa27984c-3da0-44a4-a901-169cdeb6e9c2

 

Бір атадан таралған, түбіміз бір туыс жұрт - Түрік халқының кемел көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік «Ел іргесі - мәдениет пен әдебиет. Сондықтан да өнер адамы қол сүймейді, оның қолын басқалар сүюі керек»,- демекші, Тұяқберді ағаның рухына арналған шара шын мәнінде талантқа тағзымның, дарынға құрмет көрсетудің, асылды ардақ тұтып, ғиззат етудің шынайы үлгісі болғаны хақ.

Тұяқберді ағамыздың 7 жасар немересі Дамир халық күйі «Тепең көкті» нақышына келтіре орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

«Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң - тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден артық үн барда? Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда?» деп дүлділ ақын І.Жансүгіров жырлағандай, бұл шара - талантымен ортасын мойындатқан күйші, пайымы терең азамат, болмысы биік, танымы жоғары дарабоз, өнерімен ұлтының ұйытқысы бола білген қайраткер Тұяқберді ағаға деген мәңгілік сағынышты, терең құрметті жарқырата көрсеткен күн болатын.

Мирболат Ерсаев,

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры

781f4b34-8089-4688-a06e-3c4b03c03e6d

b7ba56d2-4c56-4f5e-b3a1-12745d0ad5f7

810190ca-fcf9-4509-8b7b-f18c48dce301

2d9523db-9b5a-4721-abc0-f01d5f4e099f

b736bda4-809a-42d5-9f08-3c12ecde0fe9

7f682b8d-a061-4b9d-97eb-8078b6b7d1ab

1ff41285-8a03-4b83-8a43-36cc55c2bf44

5a7b586f-c89a-4f78-96f7-fe97181dfeb9

1f1585a3-1fd0-45c3-9d47-70ebcacb01a4

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале